СЕЛЕБЕ
09.04.2019
1283
0

Асқар АЛТАЙ

Әңгіме

Ақ жауын сібірлеп тұр. Сілбі дүниені сүзіп, салт аттылар суыт желеді. Ұзын-сонар із кесіп ке­леді… Ұрылар ізі.
Тау арасы. Тамыз ортасы. Көк­жасаң әлем көңілсіз. Салқын сыз ең­сені басады. Қырмызы жаз етек­ке ауар таусыншақ мезгіл.
Өрлі-ылдилы тау ішіне өмілді­рік пен құйысқаны сайлы құр аттар таңдап мінілген. Құр атқа қонған үшеудің бірі – түбіт мұрт Сұңқар, жасы он алтыға енді шық­қан. Қылшылдаған қырықтағы Мұса әкесі мен жамағайыны Жо­март ескі әскери плащ күлапара­сын көтеріп алып, сүрлеу бойын тін­те қарайды. Із өкшегелі ерден атып түсіп, шашыла төгілген құ­малақты тереді. Бозбалаға әдейі естірте сөйлейді. «Құмалақ кебу емес, асып кетсе, бір күн бұрын өткен», – дейді әкесі. Ішін жарған Жомарт болса, аузына салып, тамсанып-тамсанып түкіріп тас­тай­ды да: «Тіс қаққан кәнігілер! Жыл­қыға су ішкізбей қуып отыр­ған», – деседі. Әкесі: «Құлын-тай­лар зорығып кетпесе болды, – деп қынжылады. – Әдейі із тастап, Марқа асырып әкеткен катондық­тар болса керек. Малды шығарып берген жымысқылар – біздің күршім-марқалықтар…». «Иә, Мұса аға! Жон-жонмен түнделетіп айдаған. Күндіз сай-сала, шат-шатқалдар шыңырауын шиырлап­ты. Қара айғырды жетекке алып, үйірді соңынан салғаны білініп тұр. Қысаңда қаздай тізіліп өтіпті, жануарлар!» «Ат жалында күн көр­гендер», – деп қалды әкесі. «Қа­рақ­шылар! Қарумен шық­қа­ны­мыз абзал болды», – деді Жомарт та.
Бұлар бір үйір жылқыны іздеп шыққалы үшінші тәулік. Ізіне түсіп, індете қуып келеді. Жылқы жымқырғандардың жымсымасы ауыларасы хабар беріп жүрмесін деп, әкесі өз ішінен сөз асырмай, ойы мен бойын жасырып, түлейге түнеп, түзді пана тұтқан. Ұрылар да үйіші ұрдажықтар емес, қан­соқ­та көрген жырындылар… жеткізер түрі жоқ. Мәйтеректің ойына құлап, Бала Қалжырды бауырлап, ұлы Қалжырмен өрлеп, Шүмектен бір-ақ шыққан. Шүмекті де ке­мер­лей кесіп өтіпті… Алқабектің ба­сы­на аяқ суытысып, бірақ қонал­қа­ла­мастан Қаба жаққа бет бұ­рып­ты.
Ұрылар шығандаған Қаба-Марқа жері иен. Иен жер жау шақыруда… Көздің құртын жеген өңір көңілге ыстық, іргеден ызғар ескендей сезімге суық. Бағзы баба заманында Хан жайлау болған төр мекен ырғын мал мен думан елден қабырғасы қайысып, күреңшесі майысыпты… Кейінгі кердең заманда аустриялық тұтқындар тауды жарып, тасты қашап салған әйгілі Мәрмәр жолымен жүріп өтем деуші әуесқой мен арғымақ Алтайдың сауырына күміс ер-то­қым­дай жараса кеткен Мұзтау мұ­зар­тын бір көруге ынтызар ту­рист болмаса, жоқ іздеген бей­сауат жолаушы мен аң шадырын таңдап атуға жалғыз аттанған жанкешті аңшы ұшырасып қалмаса, кісі атаулыны жолықтыру неғайбыл. Құс қауырсынын сындырған, аң терісін сыдырған жабайы жыныс. Жаз келе соқпақтың сорабы ғана ашылатын, қыс түсе тыныштық қана мүлгитін меңіреу маң. Жырт­қыш атаулыға жұмақ… өркениет өрісіне жұмбақ жер.
Қуғыншылардың ұялы теле­фон­­­да­рының үні Марқакөлден ұзамай-ақ өшкен… Иеннің аты – иен. Байланыссыз Сарытау сілемі хабар-ошарсыз. Дүрмек дүниеден мақұрым қалдырып, тұмылды­рық­ты жандай ділгір күйге түсіре­ді. Таңмен таласа басталған ақ жауын да күшейген.

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір