«МАҚСАТЫМ – ТҮРКІ ДҮНИЕСІН БІРІКТІРУ»
09.04.2019
1112
0

Жазушы, кинодокументалист және журналист ретінде Доқтырхан Тұрлыбектің есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал. Өзінің шығармашылық еңбек жолын Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы «Жаңа өмір» газетінен бастаған қаламгер бүгінгі таңда Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясында Бас директор болып қызмет атқарады. Белгілі қаламгер жетекшілік ететін шығармашылық ұжым түркі тілдес туысқан халықтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен тарихи тұлғалары туралы деректі фильмдер түсіріп, айтарлықтай табыстарға жетіп жүр. Доқтырхан – отызға жуық деректі фильмнің авторы әрі режиссері. Бүгінде жетпістің асқарына шығып отырған Доқтырхан Тұрлыбекпен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Қазақ теледидарында редактор, Бас редактор, Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» Бас директоры сияқты лауазымды қызметтерді атқара жүріп, жеті жылдай танымдылығы мол этнография­лық «Бойтұмар» хабарын жүргіздіңіз. Осының бәріне қалай үлгердіңіз?
– Ниет болса, ізденіс болса, бәрін де жасауға болады. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әсіресе, қолөнері мені бала кезімнен қатты қызықтыратын. Ұлтымыз­дың бүгіні мен ертеңі үшін аса қажетті болашақ жаңа хабардың жобасын жан-жақты зерттеп, көп ізденуге тура келді. Осының нәтижесінде «Бойтұмардың» алғашқы тұсауын кестік. Қолым қалт етіп босай қалса, кең байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, көптеген хабарлар жасадым. Бай әрі сән-салтанатқа толы қазақтың қолөнері кеңінен насихатталды, ұлтымыздың наз өнері болып саналатын атбегі, құсбегі туралы да көптеген хабарлар ұйымдасты­рылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлендік. Бұл хабарлар қанша уақыт өтсе де мән-маңызын және құндылығын жоймақ емес. Олардың көбісі бүгінде Қазақ теледи­дарының алтын қорында сақтаулы.
«Қазақтелефильмде» Бас директор болып жүргенімде бірнеше деректі фильмнің авторы әрі режиссері болдым. Кезінде «Тағзым», «Түркістан туралы сөз», «Асыл­дың сынығы», «Қазақтың Қарасай батыры», «Жуалының Бауыржаны» және басқа да туындыларым жақсы баға алды.
– 1996 жылы «Қазақтелефильм» компа­ния­сы тарап, көптеген шығармашылық топтар жұмыссыз қалды. Оны сақтап қалуға мүмкіндік болды ма?
– «Қазақтелефильмде» жыл сайын қы­рыққа жуық деректі фильмдер түсіріліп, онда 500-ден астам адам жұмыс атқаратын. Тәуел­сіздігімізді алған алғашқы жылдарда жіберіл­ген солақай саясаттың кесірінен үлкен ұжым тарады да кетті. Кірмеген есігіміз жоқ, басымызды тауға да соқтық, тасқа да ұрдық. Бірақ, сақтай алмадық. Оның үстіне сол бір қиын кездерде шығармашылық ұжымға жеті қайнаса да сорпасы қосылмай­тын ұр да жық, көлденең көк атты біреу басшы болып келіп, құнына баға жетпейтін телетуындылар ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Соның зардабын бүгін анық сезіп отырмыз. Осыдан біраз жыл бұрын Бауыржан Момыш­ұлы туралы деректі фильм түсірмек болып, төрт минуттық архивтік кадрлар сұрап едік, оңай олжаға батып қалғандар ұялмай-қызар­май, мың доллар ақша сұрады.
Ресейді айтпай-ақ қояйық, сол қиын кезеңдерге қарамастан, көршілес жатқан Өзбекстан, Кырғызстан Республикалары деректі фильмдер жасайтын студияларын сақтап қалды. Ал, біздің үкімет, сол кездегі Мәдениет министрлігі үлкен жігерсіздік танытты…

Сұхбаттасқан
Еркін ЖАППАСҰЛЫ

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір