Жоғалған жоқпын…
08.04.2019
314
0

Редакциядан:
Белгілі суретші Мағауия Амажолов – тағдыры жұмбаққа толы жандардың бірі. Алматының алакеуім кештерінің бірінде үйінен шығып кеткен қалпы қайта оралмаған суретшіні отбасы, дос-жарандары әлі де күтіп жүр… Газетіміздің айқара бетіне суретшінің картиналарын жариялап, оның картиналарының өзіндік әлемі жайында жазылған шағын рецензияны қоса беріп отырмыз. Тағдырдың ащы кермегін тартқан ақындар мен суретшілердің өмір жолдарының да бір-біріне ұқсас боларын, өмір жолы бұралаң болғанымен, елдің жүрегінен өшпес із тастап кетерін жоғарыдағы естеліктерден байқарсыз…

2018 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақ­с­тан Өнер музейі көрерменге Мағауия Аманжо­лов­тың аса бағалы туындылары – соның ішінде «Ауылда», «Сүлейменов портреті», «Қысқы таң», «Уақыт үстемдігі», «Таң», «Дипломдық жұмыс», «Ақтабан шұбырынды» топтамасынан «Қасірет» картинасы алынып, көрмеге қойылды. Онда су­ретшінің ерекше ұлттық, әлеуметтік нақыш­тағы дарынын көре аламыз. Көрменің ашылу салтанатына Мағауия Аманжоловтың жары Күлбайраш Сүлейменқызы мен өнер жолын­дағы ізбасар қызы Құралай қатысқан болатын.
«Мағауияның артында үш қызы қалды. Еке­уі әке жолын жалғастырып жүр. Үшіншісі де өнерден алыс емес, сәулетші. Ол қандай картина салса да, ғалым сияқты ізденетін. «Ке­ңіс­тікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды» деп жиі айтатын. Өзі де кеңістікке сіңіп кетті. Бәлкім, қазір бір жерде бізді тыңдап отырған да болар…Ол адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты түсіне алмады. Өмірге періш­те болып келді, періште болып кетті», – деп Күл­бай­раш Сүлейменқызы сағынышпен еске алады.
– Мағауия Аманжолов – тарихи суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрла­ры­ның қас шебері.

«Теңіз қайтып барады»

Менің байқағаным, Мағауияның басқа суретшілерден айырмашылығы: ол Отанын өзінше сүйді, өмірлік шабыттарын ауыл тір­шілі­гінен тапты. Мысалы, «Ауылда» деген кар­тинасында қарапайым механизаторлардың кесек те абыройлы тұлғалары нақ сол тыныш­тықты, дәстүрлік ғұрыптарды сақтап тұрғандай, қарапайым тұрмыстың дәл сол белгілері, өзге­шіліктері мен қарама-қайшылықтары да бірдей үйлесімділік тапқан. «Уақыт үстемдігі» компози­циясы эмоциялық сезімдерге толы. Суретші өзі­нің арман-қиялымен қатар шынайы өмірдің өткінші сәтін қатар алып жүреді. Ал «Ақтабан шұбырынды» топтамасы халықтың жүрегіндегі мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңды тура жеткізе білді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. М.Аманжоловтың «Ақтабан шұбырынды» тарихи топтамасындағы «Қасірет» шығармасы ешкімді бейжай қалдырмайды. Бұл туынды XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихындағы жоң­ғар-қалмақ шапқыншылығы кезіндегі өз үйін, малын тастап Орта Азияға үдере көшкен қазақ­тардың жанайқайын бейнелейді.
Мағауияның картиналарына қарап отырып, өзіндік бір тылсым әлемге енгендей боласың. Мен оны қазақ поэзиясындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен теңестірген болар едім. Ішкі жан тебіренісін Мұқағали тіл байлығы арқылы өлең-жырымен жеткізе білген болса, Мағауия өзінің нәзік қылқаламы арқылы сурет­тейді. Екеуі де – ешкімге тәуелсіз, өзінің ойынан қайтпайтын, нағыз өнердегі шынайы­лық пен ақиқатты барлығынан да жоғары бағалай білген тұлғалар. Олар елін де, жерін де шынайы көңілімен сүйе білді. Суретшінің туындыларында көбіне қоңыр түсті көп пайда­ланғанына қарап, оның шыдамды, байсалды жан екенін аңғаруға болады. Бұл түс оның мінезіндегі тұрақты­лықтың, еркіндік пен сабырлылықтың көрінісі іспеттес.
Мағауия Аманжоловтың туындылары – тұнып тұрған философия. Оны біз қазір жоқ деп айта алмаймыз. Өйткені оның артында мәңгілік мұрасы, ізі қалды.

Бекайым ҰЯБАЕВА,
Шығыс Қазақстан облыстық
Өнер музейінің директоры


Серік БАЙХОНОВ

Арманның үлкен-кішісі

Ш.Уәлиханов
«Айша бибі» мазарында

Жас келе адамның көңілшекке айналатыны рас екен. «Қазақ әдебиеті» газеті «Ұмытпаңдар мені» айдарымен өмірден ерте кеткен ақындарды түгендей бастағанын көргенде толқығанымды айтсаңыз. Апырмай, жоқтау ғой, жоқтау… Қазақта жоқтаудың түр-түрі болатынын білем, бірақ мына жоқтаудың жөні бөлектеу еді…

Студент кезімізде ғой, қарын тойып, көңіл орныққанда ақын досым Төрехан: «Мүсекең көрмеді-ау…» – дейтін еді. Мүсекең – сонау елу сегізінші жылы, бес жасымда өмірден өтіп кеткен әкем. Баласының азамат болғанын, жұрт қатарлы университетке түсіп қана қоймай, жұрт қатарлы қарны тойып жүргенін қандай әке жек көрсін-ай… Бірақ ол үшін ең алдымен мына өмірге қайта оралып… Дәл осындай әңгімені апамнан да естігенмін. «Бәріміз де өлеміз… Тек анда-санда бір сәтке келіп, сендердің жәй-күйлеріңді көре алатын болсам, мына өмірден армансыз кетер едім…».
Өмір жыл санап емес, күн санап өзгеріп жатқан соңғы уақытта осындай ойлар мені де жиі мазалайтын болған. Әлденеге қуанған не­месе ренжіген кездері өз-өзіме сырттан, сырттан болғанда, өмірден өтіп кеткен жақындарымның, дос-жарандарымның көзімен қарағым келеді. Қуанған кезде: «Мынаны көрмеді-ау», – рен­жіген кезде: «Мынаны көрмегені қандай жақсы болды», – деген секілді.

«Дала дидары»

«…Абайдан басталған ақындық мектеп Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс тұсында салтанат құрып, көп ұзамай бәлду-бәлду бәдік дәуренге қайта тап болды», – дейді Әбіш ағамыз. Шын мәнінде тамырын тереңнен алатын қазақ өлеңінің Әбділда ақыннан Қадыр Мырза-Әліге дейінгі аралықта «бәдік дәуренге» мойын ұсынуы – күрмеуі қиын мәселе… Иә, мәселе…
Алпысыншы жылдардың «жылымығы» өмірге мықты ақындардың тұтас шоғырын әкелді. Сол сол-ақ екен, кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін ажырату қиынның-қиынына айналды. Өйткені өлең өлкесін зерделеген «төбесінің тесігі бар» жас талап ұрпақ өлеңнің табиғатын ғана емес, өлеңнің функциясын түсініп қалып еді…

(Толық нұсқасын газеттің №14(3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!