АҚЫННЫҢ МӨЛДІР ӘЛЕМІ
29.03.2019
1370
0

Әлқисса, біз әп­сана­мызды баян етейік. Кейіпкері – моншақтай мөлдіреген өлеңдердің авторы Марфуға Бектемірова. Мөлдір демекші, бұл ұғым Марфуға поэзиясындағы басты атрибут екенін баса айта кеткен жөн.

Жұлдызды түнге тамсанған арман,
Мөлдірлік көріп масайдың.
Талшыбық тәні тымақта тоңған,
Жәудіреп қарар жас айдын.

Мұңайтты бір ән төгіліп таудан,
Анашым айтқан әлди ме?
Дариға жырдың дәурені қалған,
Айдыным, мені әлдиле…
Рух аңсарын мөлдірліктен, мөлдірлік тұн­ған тазалықтан іздеген ақынның жанарында ай мен жұлдызды жүздірген ас­пан әпсана-әлем болып іркіледі. «Аспан жақ­ты аңсап жүрген бір қыздың» назарына үнемі жұлдыз ілігеді. Ол жырлаған жұлдыз – сол бір әпсана-әлемнің, мөлдір­лік­тің заттанған, нысанды бейнесі тәріз­дес. Сондықтан да болар:
Суық сөзді естімесін жұлдыздар,
Жауратпасын
Жұлдыздарды түнгі ызғар…
Немесе:
Биіктен жұлдыз құлады қымбат,
Жылады түнгі тыныштық…

Қалғыған түннің кірпігі сынып,
Кеудеме келіп қадалды…
Тағы да:
Тұрған кезде жұлдыздарын төгіп түн
Есігімді қағар екен келіп кім?! –
деп, табиғаттың, түннің бейнесін жұлдыз­бен айғақтап, жұлдыздың ағуын түнгі ты­ныш­тықтың жылауымен, түннің кір­пі­гі­нің сынуымен шендестіре суреттеу, көң­іл күй құбылыстарын жұлдызбен үн­дес­тіре жырлау – Марфуғаның мәнерін танытады.
Күнделікті көзбен көрер қарапайым тіршілік суреттері, жыл мезгілдеріне тән кө­ріністер ақынның қиялында жаңаша си­патқа ие болады. Көктемнің гүл атып құл­пырған кезі, жаздың жадыраған мақ­пал сәті, күздің сағынышқа толы сазды мезе­ті, қыстың аязды, боранды шағы поэ­зия­ның өзегіне айналғанына қанша ғасыр өткенін ешкім де біле алмас. Мифтерден бас­тау алған антропоморфтік сипат ерте­гі­лерге көркемделіп жетіп, одан поэтика­лық ойлау кеңістігінде жаңғырып, түлеге­ніне келтірер ғажайып мысалдар же­тер­лік… Осы бір дәстүрлі суреттеу қан­шама рет қайталанса да, бір-біріне ұқсамайтын бояуымен, түрлі бейнесімен ерекше. Табиғаттан өлеңіне қуат алмаған ақынды кім айтып бере алар екен… Мар­фу­ғаның өлеңдерін оқып отырып, осы бір ойға еріксіз ораласың.
Қыс бүгін бар қайғымды қозғап шығар,
Алдымнан ақ борандар боздап шығар…
Боран да жылап бүгін жатқан шығар,
Жылатқан оны ақылсыз ақпан шығар.
Жүрегім қорқыныштан зу етті ғой,
Бір жұлдыз түнгі аспаннан аққан шығар…
Қыс табиғатын көңіл күймен егіздей оты­рып, тағы да өзінің сүйікті жұл­ды­зын еске алған ақын қыз­дың сезімтал, сыршыл үні қаһарлы мезгілдің өзін жылытқандай әсер аламыз.
Бажайлап қара­сақ, жұлдыз – жай ғана таби­ғи нысан ем­­­ес, ақ­ын үшін адам өм­і­рі­нің бағ­дар­шамы, жақ­сы­лыққа, ізгілікке жол көрсетер шырағы екен. Оны мына өлең жолдары айқын таныта түседі. Жұлдыз – адалдық­тың шыра­ғы деп түйсінген ақын жаны былайша толғайды:
Жұлдызы жоқ өмірдің түнектері,
Еске түсіп, жақсыны жүдеткені.
Олардың да қайғыны белден кешіп,
Жылап жатар бір күні жүректері…
Осы бір поэтикалық пайым ақын ті­лін­де тағы бір қырымен түрленеді. Жұл­дыз­дың ағуы – жай бір табиғи құбылыс емес… «Жаралы ай» өлеңінде осы ой бей­неленеді…

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір