ҚАЗ КӘУАБЫ
29.03.2019
1062
0

Мохаммад Али Джамалзаде

Наурыз мерекесі қарсаңындағы түн қызметті жоғарылататын кез еді.
Кеңседе қызметтестермен кімнің лауа­зы­мы жоғарылайды, сол дастархан жайып, бәрін қонаққа шақырып, қаздың етінен кәуап жасап, достар мәре-сәре болып, қыз­меті өскен адамның ғұмыры мен ғиз­заты үшін дұға тілейміз деп келіс­кен едік. Қызық болғанда менің қызметім жоға­ры­лайтын болды. Қонақ шақыру туралы келісімнің ізін суытпай жақында ғана үйленген әйеліме айттым. Ол: «Сен доста­рыңа үйлену тойымыздың сарқытынан да татырған жоқсың. Сондықтан бұл жолы оларды дұрыстап күтуің керек, бірақ бір мә­селе бар: ыдыс-аяғымыз он екі адамға ғана жетеді. Сондықтан, қонақтың саны он бір адамнан аспауы тиіс. Өзің он екінші боласың», – деді.
– Бұл мереке қарсаңындағы қаржы жағдайымыздың қандай екенін жақсы білесің. Жаңадан ұсақ-түйек сатып алуға қалта көтермейді. Достарымның саны да жиырма үш-жиырма төрт адамнан кем болмайды, – дедім мен.
– Бір қора еркекті сау еткізіп, бір күнге ша­қыру мүмкін емес, тек жоғары деңгей­де­гілерді ғана шақыр. Қалғанын әзірше қоя тұр, армандап жүре тұрсын.
– Мәссаған! Мұның Құдайдың көңілі­ңе қош келмейді. Бұл бейшараларға жылына бір рет қана осындай мұрсат туады. Қаздың етінен жасалған кәуап жейміз деп, олардың сағат санап күтіп жүргеніне көп болды. Егер жалтарсам, бетіме түкірмей ме? Өзіміз болған соң олардың хақы бар. Дос­тарымыз бен таныстарымыздың үйі­нен тағы біраз ыдыс-аяқ алып, амалдай тұр­сақ қайтеді? Әйелімнің көңілі бұзы­лып: «Мұндай ойды ұмыт. Үйлену тойынан кейін алғаш қонақ шақырғанда біреу­ден алған заттың үйге енуіне мен рұқсат етеді дегенің ақылға сыймайды. Мұның тұңғыш перзентің өліп қалады деген жаман ырымға саятынын білмеуші ме едің?..» – деді.
– Ондай болса екі күн қонақ шақыру­дан басқа амалымыз жоқ. Бір күні бір топ келіп, ішіп-жесін, ертеңінде – келесі топ.
Әйелім бұл ұсынысыма келісті. Сонымен Наурыз мейрамының екінші күні бірінші топ, мейрамның үшінші күні екінші топ келетін болды.
Бүгін мерекенің екінші күні. Жан-жақтан қонақ күтуге дайындық байқала­ды. Уәделі қазбен қоса, жоғары сапалы ар­па көжесі, мұмтаз қой кәуабы, екі түсті палау, айран-қатық пен тұздалған әртүрлі көкөніс сияқты көптеген дәм мен бірнеше ыстық тамақ әзірленді.
Әйелімнің жасауына келген жылы, жұмсақ, жайлы төсекте жантайып, Садеқ Һедаяттың теңдессіз әңгімелерін оқып, демалып жатқам. Әңгімеге әбден еліткен кезде әйелім:
– «Мостафа деген ұзынтұра жігіт келіп тұр. Немере ініңмін дейді, мерекемен құт­тық­тап келіпті», – деді.
Мостафа – жиырма бес-жиырма алты­лар­дағы, кез келген мүмкіндікті теріс пай­даланатын, үйсіз-күйсіз, жалқау, кеще, сұ­рықсыз, икемсіз жігіт. Сөйлегісі келген кезде тамағына күріш түйетін келінің келсабы тұрып қалғандай, қиылып-түйі­ліп, аузы ашылған күйде қырылдап қала­тын. Құдайға шүкір, жүзін жылына бір реттен артық көрмейтініме қуанатын­мын.
Әйелімнен «Құдай үшін, мені әлі оян­ған жоқ деп айтшы. Мына еңгезердей әу­ме­сердің кәрінен құтқар. Құдай рақым ет­кір әкесінің қасына қайтсын…» деп өтін­дім…
– Маған қатысы жоқ. Жаман болсын, жақсы болсын, өз туысың. Машалла, Құранның «жетілік қырағаты» немере інің­мен араңда мәселе болмас үшін қорған қа­лып­тастырады. Өз қотырыңды өзің қасы. Мен негізінде «сенің алыс туыста­рың­ның ісіне араласпаймын» деп сөз бер­гем. Оның өзі мынадай: алпамсадай, сорай­ған нақұрыс болса…
Қарасам, басқа шара жоқ. Алыс жолдан қарны аш, жалаңаяқ, мерекеге берілетін бірнеше риалды алу үшін келген мына бе­ша­раның үмітін үзгенімді Құдай құптай қоймас. Ішімнен осындай мүбәрак күні туыстығыңды білдірмесең, қашан білдір­ме­к­сің дедім. Шақырдым. Басын иіп, бөл­меге енді.
Тіпә-тіпә, көз тимесін, нағыз мырза бол­ғанымен, кері кеткен екен; бойы сорайып өскенімен, түрі сұрықсыздана түс­кен. Мойны қазанда кәуапталып жатқан бейшара қаздың мойнындай, басы кір жағасынан ербиіп шығып, менмұндалап тұр. Киімін сипаттамай-ақ қояйын. Бірақ, білуімше, жуыла-жуыла бір сүйемге ақ жемденген шалбарының қос тізесін жел кернегені сондай, тіпті, созылған жерінде екі қарбыз жасырын тұр ма деп ойлап қалдым. Сирек кездесетін таңқаларлық жара­тылыс иесін тамашалап, таңдана қара­дым. Сол кезде әйелім бөлмеге жан­ұ­шыра еніп: «Жігітім, құрыдық! Егер мына қазды бүгінгі қонақтарға тартсақ, ертеңгі қонақтарға қазды қайдан табамыз? Сен бір қаздан артық әкелген жоқсың. Соған қарамастан тамам досыңды қаз кәуабымен сыйлауға уәде еттің…», – деді.

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір