АЙ ТАҢБАЛЫ АРҒЫМАҚ
29.03.2019
338
0

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

КҮРЕҢ ҚАСҚА. ТҮНГІ СУРЕТ

Қара түнде нұр саулап иінінен,
Ай қарады көзінің қиығымен.
Қасқа күрең қыратқа шауып шықты –
Қысырақтың бөлініп үйірінен.

Тұрқы бөлек тұлпарым,
ірең басқа.
айырбасқа келмейтін бірер басқа.
қыр баласы сырыңды түсінеді –
кісінеді жер тарпып күрең қасқа.

Кісінедің…
аңғартты даусың нені,
түнді тіліп,
қыратта қалсын демі…
Жабырқаттың жапанда жаным мені –
Мамыр ма еді,
есте жоқ маусым ба еді?

Түнек болды түңіліп түн де бізден,
Көбік сөзін көкелер күнде емізген…
… Бақыт тулап барады басымыздан
Уақыт зулап ағады іргемізден.

Көз алдыма келеді түнгі сурет,
Көлбегенде көңілдің жыр құсы көк.
Қысырақтың бөлініп үйірінен
Күрең қасқа қасымда тұр кісінеп…

ҚАРАТАУДА ҚАРА БҰЛТ…

Қаратауда қара бұлт,
күн қабағы қабарып.
Жалған көшіп барады,
Жан берісіп,
жан алып…

Қаратауда қар қалың,
тағаланды тарланым.
ала-құла күй шалды
Алатаудай арманым.

Қаратауда қара түн,
қаққан кезде қанатын.
сытылады замана –
сырт-сырт етсе сағатым.

Тозып кетті-ау байрағы,
қозып кетті-ау қайдағы…
Қаратауым – қара орман –
қайран жұрттың қайрағы.

Қаратауда қар қалың,
Ай астында арманым.
Тағаланды тарланым –
Кейін айтам қалғанын…

ИТ ЖЫЛҒЫ ҚҰРДАС

Күзге де міне жуықпыз,
Күндердің жалы күзелді.
Итшілеу үшін туыппыз –
Ит жылғы құрдас,
Біз енді…

– Ит, – дегізуді мұң көріп,
Итаяқтан ас тата алмай.
Итіңдеп өмір сүрмедік
– Иттің баласы – атанбай.

Үндемей келіп қабатын,
Иттен де әрмен сол кісің…
… Сонарда сойқан салатын
Құмай тазыдай болмысың.

Иттің де білсең, жолы айқын,
бойына біткен сай қару.
ойланып тұрсам
оңай тым –
адамнан итке айналу.

Ит болсаң сенің бас қайғың,
Шәуілдеп үріп тұрасың.
Қабаған иттен қашпаймын –
Иттіктен қорқам, расым…

Теріңді солар іреді,
Бәрін де көрді қу басың.
… Иттің күшіктері үреді
Ит жылы біздер туғасын.

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!