Кейіпкер­лерім­нің фило­со­фиялық диалогқа дайын болғанын қалаймын
29.03.2019
1147
0

Қателесуге, қатемді мойындауға және жаңа жол табуға құқым бар.
Олжас Сүлейменов

Досхан Жылқыбай. Жаңа есім. Жаңа леп. Жаңбырдан соңғы көктей қылтиып көрінген жас өскіндер әдебиетімізде көптеп табылады. Досхан – солардың ішінен суырылып шыққан талантымыз. Жас қаламгердің «Квант» атты сойы бөлек шығарма­сын «Жас тұлпарға» толық жариялай отырып, сұхбат құрдық.

– Сеніңше жазушы деген кім?
– Жазушы бірінші кезекте – адам. Тереңдей түссек – пенде. Қазақтың сөзді қасиетті сана­ғаны­нан болар, қарапайым халық оларды періштелік деңгейге көте­реді. Соңыра оның пенделік­терін көріп, бірден сырт айналып жататыны тағы бар. Бұл қалып­тас­қан қағиданы қызыл өкіметтің идеал жасауға тырысқан идеясы­мен де түсіндіруге болатын шы­ғар. Бірақ, халқымыздың бойын­да­ғы кез келген болымсыз қа­сиет­ті құлаған өкіметке жаба бергім келмейді.
Екінші, ойына алған идеясын һәм идеясыздығын көркемдік деңгейге көтере алған қалам иесі – жазушы. Сонымен қатар, оның шығармасындағы оқиға кеңістігі маңызды емес. Ауыл, мейлі қала, тіпті космос болсын – биік дең­гейде жазылса болғаны. Шығар­ма­дағы уақытқа да менің түсіні­гімде қойылатын талаптар – осы. Ал шығарма деңгейі – ондағы кейіпкер жанының ашылуымен және интеллектуалдылығымен өлшенсе керек. Идея қайда қалды дерсіз. Меніңше, әдебиет тари­хын­да көтерілмеген идея қалған жоқ. Сондықтан, идеяның өзінен гөрі – оны жеткізу жолы маңызды секілді. Яғни, нәтиже емес, про­ц­есс маңызды. Тағы бір айта кетер­лігі, идеяны жеткізу жолы деген сөз – міндетті түрде класси­кадан қашу деген сөз емес.
– Қателеспесем, Мопассанның ғой деймін, «Қырыққа жетпей жазу­шылыққа бет бұру – күнә» дегені бар-тын. Соғыстан соң ту­ған­дар қилы зұлматты көрді, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін туғандар нені көрді?
– Құжаттарымды көп жоғал­тамын. Жылына бір рет жеке куәлігімді, екі-үш ай сайын банк кар­тамды жоғалтып тұратын әде­тім бар. Сондай кезекті жоғалту­дан кейін, банк бөлімшесіне бар­дым. Әдеміше қыз қарсы алып, алдыма қол қоюға бірнеше қағаздар тастаған. Ішіндегі бір-екі жеріне «дұрыс толтырылған», «шарттарды қабылдаймын» деген секілді сөздерді қоса жазу керек екен. Мен солардың бірінен қате кеттім де аңтарылып қарсыдағы қызметкерге қарап едім: «Жаза беріңізші. Құранның сөзі емес қой», – деп жымың етті. Бұндағы айтпағым мен Мопассанға банк қызметкерін қарсы қойғым келеді. Өнер тұрғысынан қатып қалған қағидаларға бағыну – ақымақтық се­кіл­ді. Бұл жеке қалыптасқан пікірің­нің жоқтығынан емес, пікірлер­дің көптігі мен олар­да да белгілі бір деңгейде шын­дық барын мойындау­дан.
Біздің тарихымызда айбар­лы сөзбен жазылған тәуелсіздік, әде­биет­те ала сөмкемен астасып кет­кені өкінішті, әрине. Бірақ, сол ала сөмкенің ішіндегі дүниені қазақ ешкіммен бөлісуге міндетті емес екені көңілге қуаныш сый­лай­ды. Бұл – образды сөз. Саяси тұрғыдан таяздау, әрине.
Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін туған, тәуелсіздік жыл­да­рына балалық шағы тура келген ұрпақ қарапайым бұқараның ке­шегі өкіметті аңсайтынын көрді. Аң­сай отырып, бүгініне шүкір­ші­лік айтатынын, сол шүкіршіліктің артында үміт тұрғанын аңдады. Үміт шыдамдылыққа тәрбиелейді десек те, халық шыдамы сірі емес, шыны екенін беріде ғана түсінген сыңайлымыз.
Тәуелсіздікке дейінгі ұрпақ, сол ұрпақты «тәрбиелеуге» жұ­мыс істеген әдебиет адамдардың бір көзқараста болып, бір жолмен жүргенін қалады. Ал тәуелсіздік ұрпақтары адамдардың әртүр­лілі­гін сүйеді. «Талғамға талас жоқ» деген сөзді ту етеді және осы­ған жараса олардың алдында таңдау да көп. Мүмкін бүгінгі жас­тардың депрессияға көп ұрынуының себебі осы таңдаудың көптігінен болар.

Әңгімелескен Батырхан Сәрсенхан

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір