МАРАЛТАЙДЫҢ МҰНАРАСЫ
29.03.2019
894
1

Маралтаймен дос болу, Маралтайша өлең оқу, Маралтайға еріп жүру, сілтеген соң, Маралтайша сілтеу – тоқсаныншы жылдардың алас-қапасында абдыраңқырап тұрған Алматыны сілкіндіріп, сілкіндіріп жіберетін. Маралтай кірген орта бөрі тигендей дүрлігіп, әлгі дүрлігудің соңы дүрмен дүбірге ұласып жататын-ды дүр. Мен, бірақ, Маралтайдың «Маралтай» атын сыртынан естігенім болмаса, өзімен бетпе-бет, жүзбе-жүз кездеспеген екем. Жырқұмар жұрттың аузындағысы «Маңырама» емес, Маралтай болып кеткен соң, «сол дәупірімді көрейінші өзі» деген ойға бекідім бір күні. Ол уақытта ақындар мен жазушылардың, журналистер мен баспагерлердің ауылына соға қалсаңыз, дымқылы кеппеген Маралтайдың ізіне кездесетінсіз. Мен ақынмен Жазушылар одағының алдында, Хан Абылай көшесінің бойында ұшырастым. Қасымда Әлібек бар еді, дулы ортаға менен бұрын кіріп үлгерген курстасым әбден таныс екен, бұйра шашы бұрқырап, бураланып келе жатқан сойқанды сонадайдан көрсетіп: «Әне, Маралтай», – деді. Десе дегендей-ақ екен, ай бозым! Күркіреп келді, күркіреп келген бетінде күңіреніп өлең оқыды. Энергия деген есіп тұр.

Бұны, сірә, тағат таптырмайтын бойын­дағы тасқын атқан күш-қуат болса керек, көз алдымда кең дүниеге сыймай аласұрып, атой салды. Маңайымызда суқаны сүймей­тін біреулер болды-ау деймін, әлгілерге доқ көрсетіп, жұдырығын біледі. Сөйтіп аз-кем сәттің сәулесі тарағанша тарпаң мінезін танытып, топалаң жасай жаздаған ақын ме­нің атымды естігенде, кенет жадырай күліп: «Кеттік!» – деді. Содан кейін кеттік қой екеу­міз. Алматыны ала таңнан тұрып шар­лап, түнде кездік. Түнемелі орнымызды түс­те сайлап, түлей түзге сіңіп жоғалған кез­деріміз де болды. Жастар газетіндегі жұмыс­бастылығым аяққа тұсау болып ере алмасам, Маралтай Әмірхан досымен (Балқыбек), Әлібек інісімен (Шегебай) табыса кетеді. Әмірханмен әсіресе көбірек болады. Екеуі бірге пәтер жалдап тұрды. Бірге көшіп-қонып жүрді, жарыса жазды. Әмірхан марқұм әңгімешіл еді, о кісінің әңгімесі әріден, әлқиссадан, әфсанадан басталатын. Берідегі әңгімеге жоқ. Уақытты, заманды, заманның қиындығын сөз қылсақ, «е-е, бәрі де жақсы болады» дейтін де, ескіліктің сорабына оралатын. Сондай-сондай әңгімесімен Әбекеңнің мойны озып бара жатқанда, орта жолдан киіп кетіп Ма­рал­тай өлең оқиды. Әдетте сөзіне ешкімді араластырмай жалғыз сөйлейтін Әмірхан Маралтай өлең оқығанда көзі жайнап, түлеп шыға келетін. Олжастың мақамымен Әмірхан өлең оқыса, Маралтайдың қазан басы, қазан басын жапқан бұйра қара шашы жалбырап теңселіп, теңселіп кетуші еді-ау. Бір қарағанда бәсекелес, тағы бір қарағанда бәсекелес қана емес, бақталас сияқты көр­не­тін екі ақынның үндестігін, шынайы достығын, бір-біріне жанашырлығын іштей сезіп, сүйсінетін күндерімді қазір сағына еске аламын. Өйткені, ғапыл дүние…орта­мызда Әмірхан жоқ…

Дәурен ҚУАТ,
жазушы

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.10.2023 | 19:38

Қайталап оқи бергім келеді. Таланттарды қадірлеуіміз керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір