ХАТТАР ШЕРТЕР СЫР АЛУАН
29.03.2019
1018
0

Әр тарапта жүрген аяулы азаматтардың арасын хат жалғаған уақыттар аз емес. Тарихқа айналған сол хаттардың бірінде сағынышты сыр шертілсе, енді бірінде тілек, аманат айтылған. Газетіміздің өткен санында Ғабең жазған, Ғабеңе жазылған сондай түрлі мінездегі хаттарды берген едік. Сол хаттардың Тағы бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.

Ғ.МҮСІРЕПОВ Ж.ШАЯХМЕТОВКЕ

Жолдас Жұмабай! Мен өз өмірімдегі ең үлкен үмітпен күткен саяси тілегімнің осылай келіп сөнерін күтпеген едім. Күнбе-күнгі өмірде онша мән бермеген нәрселерімнің сонша үлкен саяси айып болып шығатынын да күткен жоқ едім. Уақытша партия қатарында болмасам да, азды-көпті еңбегім сол ұлы партияның керегіне жұмсалып жатыр ғой деген сеніммен кеудемді жоғары ұстап жүретін ем. Осыдан басқа ой болмайтын.
Ендігі менің ойымда бір-ақ сұрау: не істеуім керек? Созылып келген көп уақыт Одақтық Орталық Партия Комитетінің алдына барсам да бетіме шіркеу болатыны анық. Басынан қайта бастар едім, бірақ, күні кеше Қазақстан Орталық Партия Комитеті қабылдамағаннан кейін не шықпақ? Әр жерде сөз болудан басқа не береді деген ой келеді? Осы сұраулар құр жанды жеп, жауабын таптырмай қойды.
Сондықтан, ендігі жөнімнің не боларын, күні кеше өзіме қатты ұрысып, көп нәрселер туралы терең ойлар салған өздеріңізден, Қа­зақ­с­тан Орталық Партия Комитеті басшыларынан сұра­ғым келеді.
Бар өтінішім біреу-ақ: мені партия қата­ры­нан алыстатпай, партияның бауырына тартып, мүмкін болса аямай ауыр сындар, шарттар қойып, партиялық жұмысымның өз алдарыңыз­да тағы бір қайта қаралуына жол қалдырсаңыздар екен.
Сонымен бірге, айтылған айыптарым тура­лы дауласу үшін емес, соларды түзеу жайын сөй­лесу үшін, жақын арада қабылдауыңызды өтіне­мін.
Хат ресми болмай, жолдастық хаттар түрінде жазылғанына кешірім сұраймын.

Жолдастықпен, Ғабит Мүсірепов.
24 мамыр 45 ж. (ҚР ОМА.1864 Қ.)

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір