«Жер тарпып кісінеші, Байшұбарым!»
22.03.2019
707
0

І

Ақпанның соңғы күндері. Дала төсінен қар түгел еріп кетпеген кез. Батыстан үре соққан салқын жел бар.
Көкшетаудан Астанаға тезірек жетуге асығып келемін. Кешке Алматыға ұшатын самолетке үлгеру керек. Алматыдан ары Ноғайсібір, Владивосток, Благовещенск асу бар. Алпауыт Ресейді басып өту оңай емес.
«Жолда Семейге тоқтап, тоқсан үш жастағы шешеме сәлем берсем» деген ой болған, оған уақыт, шіркін, мұрша берер емес. Қайтар жолда еркінірек болармын деген тоқтамға келдім. Бұндай жедел ұшу графигін үш рет операция жасаған менің жүрегім көтере бермейді. Бірақ қимас, адал орыс достарымның шақыруынан тартынып қалу сатқындық болатын.
«Қыпшақ, біз сенің айтқаныңды екі етпейміз, ал сен біздің шақыруымыздан бас тартуың не сұмдық?!» десе, өлім ғой.
Астана аэропортына уақытында келгеніммен, Алматыға ұшатын самолет алты сағатқа кешігеді екен. Құбылмалы Алматы ауа жайы белгілі. Маған тосудан басқа амал қалмаған.
Астана аэропортының басында дем алатын қонақүй сияқты мекен-жай жоқ. Мен екінші қабаттағы ресторанды бетке алдым. Қалың киімдерімді шешіп, жеңілденіп, жайланып отырдым. Ас мәзірін ақтардым. Көзіме жақсы виски түсті. Даяшы жігітті шақырдым, аты Данияр екен, ашылмаған вискиді әкеліп көрсетуін сұрадым.

− Ашылғаны бар, – деді Данияр.
– Оны өздерің ішіңдер. Маған ашыл­маған виски керек.
– Мұз жоқ, – деді Данияр. Бұл оның мені ұнатпағаны еді.
– Балмұздақ бар ма? – деп сұрадым.
– Бар, – деді Данияр.
– Олай болса, жас жігіт, мен сенің қа­сың­да алты сағат отыратын болып тұрмын. Бір бөтелке виски, бес стақан балмұздақ әкел. Әзірге керегі – бір балмұздақ.
− Шоколадты ма? – деп сұрады Данияр. Бұл да қарсылық еді. Вискиге шоколадты балмұздақ келмейтінін даяшы жақсы білетін.
− Кілегейлі. Қалғанын кейін көреміз, жас досым, – деп дауысыма жігер қосып күлімсіреген болдым. Ұзақ жолдан шаршап қалғанымды енді ғана сезгендеймін. Ая­ғымды созып жіберіп, терең тыныс алдым.
Жарты стақан виски мен бір балмұздақ буын-буынымды қуалап кетісімен, көңілді ерекше бір мұң басты. Көкшетаудың уни­верситетінде кездесу өткізіп тұрып, Шоқан бабамның Сырымбетіне, Абылай ханның алып алаңына, Ақан сері, Біржан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай бабаларымның ба­сына бара алмағаныма қорландым.
«Біртуар тектілердің басына апарып келейін» деген ел иелерінің, ел ағаларының тілегі болмағанына да кейідім. Тағы бір жар­ты стақан вискиді жұтқанымда, жүрегімді тілгілеп Біржанның «Теміртасы» төгіліп бер­ді дейсің. Маған енді бұ дүниеде осы ән­нен басқа түк те керегі жоқ еді.
Ұлы Көкшенің ұлы үндері, қайғылы өлең­дері кеудемді кеулеп бара жатты.
Теміртас, Асыл, Ақық балдай тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген, қарақтарым,
Шешсеңші білегіме арқан батты.
Асыл Ақан Серінің, мұңлы Біржан Сал­дың, батыр Балуан Шолақтың қуатты ән­дері Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуе­жайдың көгін тас-талқан қылды.
Көкшенің әнін мен естімегелі қанша уақыттар өтті дейсің, құдай-ау!.. Елден қара үзіп бөлектеу кетіп қалған адамның жүрегін туған топыраққа деген сағыныш кеу-кеу­лейді, жан тулайды, көзге ырғалып келіп, тіре­ліп тұрып алатын ыстық жастың, қар­тайған жүзіңде жылжи жүзіп бара жатқанын кеш сезініп, кеш аңғарып қаласың.
Он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасырлар қазақ әнінің, қазақ жырының қайғы мен мұңға толы тарихын кестелей жөнеледі-ау!..
Ол өлеңдерді, ол әндерді, ол дауылпаз күйлерді тыңдау қашан да ауыр. Ал бүгінгі был­дыр шатпақ әндерді тыңдау мүмкін де емес.
Бүгін менің шала-жансар далам да, бөлек.
Өмір бөлек.
Ой бөлек.
Мақсат бөлек.
Арман бөлек.
Заман өзге.

Салғаным ағаш үйге ызботты пеш,
Жаратқан мен бендеңнің күнәсін кеш.
Денеме кендір арқан жаман батты,
Қайдасың, Асыл, Ақық қолымды шеш.

Роллан Сейсенбаев,
Жидебай,
Дешті-Қыпшақ даласы

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір