ШЫНДЫҚ ШЫРАҒЫ
22.03.2019
1304
0

Кейінгі жылдары оқыған екі кітап ерекше есте. Біз пақырыңызды апта аралатпай кездесулерге шақыратыны рас. Бәлсінуге ұяламыз. Барамыз. Мектептерге. Тағысын-тағыларға. Осынау екі кітап турасында көбірек толғанамыз. Қайбір жылы жазға салым саумал шақта, маусым айында «Он бес үй» деген кітап кездескен. Бізге. Қуана қауышқанбыз. Туған ауылымыз Таупістелінің Балбастауы басында, баяғы бала кезімізде кітапқа құныға үңіліп отыратын жерімізде сол «Он бес үйді» бас алмай оқығанбыз. Қатты әсерленіп, санамыз сәулеленіп, тебіренгенбіз. Көп кешікпей-ақ «Шынайылық шырағданы» атты мақаламызды мәністегенбіз. Жарияланған. Ол шынында да шынайылық шырағданындай кітап еді. Қамзабектейін қазағыңыздан, марал кешкен Машаттайын мөлдір бұлақ бойындағы ауылдан өрбіген он бес ұл-қыз, олардың түп-тамыры, тағдыр-талайы, үш ұрпақ өкілдерінің өрістері, өнеге-өрелері хақында хикаяланған, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, өзге де отбасылық құндылықтар, әулеттік әуезелер турасында шүйіркелеспекке шақырған ғажайып қазынаңыз ғой ол. Осынау жасыл мұқабалы жинақты отбасылық оқулық ретінде ұсынғымыз келетінін һәм ашық айтқанбыз.

* * *

Сол бір кітаптан кейінгі келесі жазға салым, саумал шақта «Шал мен шындық» дейтұғын кітапты оқыдық. Тағы да Тау­піс­теліде. Балбастаудың басында. Көк­бұ­лақ­тайын өзеніңіздің тепсеңді тұсында. Құлбайшоқының қалқасында. Жыл сайын­ғы жазға қарата жақұт жинақ кез­де­сіп тұрғай да. Дейміз. Біз. Жақсылыққа жорып.
Қалидайын қаламгеріңіздің қазына­сы. Қоңыр бояуы басымырақ. Кітабының мұқабасын меңзеп отырыппыз. Қалиы­ңыз, қазағыңыздың сөзін ұстар ұстын ұлдарынан саналар санаткеріңіз – Қали Сәр­сенбай қоңыр түсті жарататынын білің­кірейміз. Кітап мұқабасының бас­тап­қы жағы бел ортасына дейін қоңыр. Етек тұсы да сондайлық. Ал, сол қоңыр­қай­лықтың аралығы ақиқаттайын аппақ. Ақиқаттайын аппақтың бетінде «Шал мен шындық» деген жазу. Шырқырай­тындай. Шырылдайтындай. Әуелгі жақұт жинағыңызды «Шынайылық шырағданы» деп бағамдасақ, бұл бөлекше дүниеңізді «Шындық шырағы» деп бағалағымыз бар.
Қали Сәрсенбай бауырымыздың бұл кітабы «Сөз сәулесі», «Оқи отырыңыз», «Тұлғатану», «Бүкпесіз әңгіме» сынды тарау­лар­дан тұрады. Жалпы жауһар жазбагер, қарымды қаламгер Қали Сәрсен­бай­дың қай-қандай дүниесі де оқырман­ның ой-санасына орасан әсер ететіні, не-нендей туындысы да бейтарап қалдыр­майтыны бұрыннан-ақ белгілі. Мына жинағындағы бірер сөзбен, бір-екі сөй­лем­мен ғана кестеленетін келісті ойлар, терең тағылымды тұспалдар таңырқатады. Біз үнемі еске саламыз, имам Ғазали да­ныш­паныңыз «Ақылдыға бір сөз, зейінді­ге ишара жеткілікті» деген ғой. Сол кісі­нің меңзеуі мәнзелдес астарлар «Сөз сәуле­сі» тарауында көбірек сияқты…

Мархабат БАЙҒҰТ

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір