Ысқырыңызшы…
15.03.2019
735
0

Жалдамалы пәтер. Ымырт үйірілген шақ. Үнсіз екі адам отыр. Екеуі де әлдебір ойларға беріліп, кейде кекесінмен күліп қояды, кейде «һім» деп тәкаппарлана паңданады. Біріне-бірі бой үйретер емес. Тіпті, махаббат жайлы, (ең жеңілі) саясат жайлы әңгіме өрбітсе нелері кетер еді дейсің. Жоқ. Үндемес ойнап жарысқандай, екеуі еш міз бағар емес. Бір мезетте «А» атты кейіпкеріміз сұқ саусағын иегіне сүйеді де, «Р» мырзаға қарап сөйлей жөнелді.

А: Сіз «әлемдік ойлау», «адамзаттық ойлау» терминдерін жиі қолданасыз. Және сол үрдісті «ең бірінші қазақ әдебиетіне мен әкелемін» деп армандайтыныңыз білінеді. Сол мақсатқа бекігендігіңізден бе, ұлттық прозаны, ұлттық поэзияны, тіпті, Абайдан арғы екімыңжылдықты да үнемі мансұқтап отырасыз. Сіздіңше, қазақ халқының, жал­пы, көшпелі өркениеттің бар мұрасы ескілік көрінетін секілді. Ал, өзіңіз қазақ емессіз бе? Сізде тым құрығанда ұлттық колорит қал­дықтары болуға тиісті ғой? Жалпы, сіз кімді тұлға тұтып жүрсіз? Адам­заттық ойлау деген не? Сіздіңше, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қалихан Ысқақ секілді жазушылар тек ауыл психологиясын дәріптеушілер ғана. Солай ма?
Р: Һім… (солай дегендегісі)
А: Ал, адамзаттық ойлау, адамзатты жырлау дегеніміз – сол ауыл өмірінің өзі емес пе? Кез келген Ұлы шығармаға, мә­селен, Шекпирдің «Ромео-Джульеттасына» тоқталалық. Кәдімгі ғашықтардың жан арпалысы, екіге бөлінген әулет арасындағы қақтығыс. Басты тақырыбы – махаббат. Иә, құдіретті махаббат! Ал «Оттеллоны» алар болсақ, адамның «қызғаныш» аталатын «ит мінезінің» жүректі жеп бітіруі емес пе? Сіздің «адамзаттық» деп атын дардай етіп көрсетіп жүрген шығармаларыңыздың тақырыбы өте қарапайым ғой? Міне! «Ең қиыны – қарапайым жазу» деген осы емес пе! Ал, сіз жоқтан бар жасағыңыз келеді!
Р: Сіздің түпкі ойыңызды біліп отырған секілдімін. Тағы да сол баяғы ескілікті, дәс­түршілдікті қолдап, қолпаштап отырсыз ғой! Ескіліктің сойылын соғуды қашан доғарады екенсіздер?! Одан біржола шығар мезгіл жетті емес пе?! «Дүние тоғыз жолдың торабы екен, келгенмен кеткен орны тола­ды екен» дейтін жат­танды тақ­пақ­тардан, «Жаушы» деп тақы­рып қойып, бір батыр­дың бес дұшпанды «қырып салғанын» жа­зып, ата-бабалары­ңыз­ды мақтай беруден жа­лыққан жоқсыздар ма?!
А: Анам айтып оты­ру­шы еді: «Совет өкі­меті біздің көп мұра­мыз­ды ескілік санады. Біз де өзді-өзімізден қы­сылатын дәрежеге жет­тік. Мысалы, баламызды тербететін бесікті ескілік санаттырып, бір жылдары ауылдың кейбір әйелдері бесік­терін қоқысқа лақтыра бастады. Қазір қарап отырсақ, нағыз тәрбие сол бесікте екен ғой!» – деп. Міне, өзіңіз естігендей, мұның бәрі – саясаттың қолымен санаға сіңірген өтірік­тері. Сіз – соның құрбанысыз! Совет өкіметі «кіші халықтарды» жаулап алу үшін өзін өзінен безіндіріп, ұлттың ұлттық құндылық­тарын ескілік, жабайылық етіп көрсетті. Ауылдан қалаға барған қыздар «қалалық» қыздардың жанында өздерін төмен санады. Ал, шын мәнінде, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген бірегей жастар сол ауылдың «мамбеткалары» болатын. Ғылым да, өнер де солардан шықты. Солардың сазымен бүкіл «қалалықтар» тәрбиеленді! Сенің жаңашылдығың да сол секілді! Сен «мәмбет» санап отырған Сайын Мұратбеков, Тыным­бай Нұрмағамбетов, Қалихан Ысқақтардан «қалалық», «адамзаттық» жазушыларың әлі-ақ тәлім алатын болады! Кез келген кітап дүкендерін жарнамасымен-ақ жар­қы­ратып, толтырып қойған «классиктеріңіз» әл-Фарабидің «Парасатты адам ілімі», Шәкәрімнің «Ар ілімі», Абайдың «Толық адам ілімінен» білім алсын!

Батырхан СӘРСЕНХАН

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір