КЕТТІ ҰШЫП КӨБЕЛЕКТЕР КӨЗІМНЕН
15.03.2019
923
0

Гүлманат ӘУЕЛХАН

СЕН

Сыздап тұрған жүрекке жүрген шақта ем іздеп,
Терезеңе қонамын көгершіндей жем іздеп.
Сағыныштың азабы батқан шақта жаныма,
Буырқана толқиды қиял деген теңіз боп.

Сендік көңіл көгіңе шуақ болып себілдім,
Арғымағым қыр аспай қайта-қайта тебіндім.
Күйбеңі көп күндердің, илеуі көп күндердің
Сүрлеуіне түстім де,
Күрмеуіне көмілдім.

Қапалақтап қар жауды, қыстың әкеп сәлемін,
Түнмен сырлас жүрегің тәкаппарлау жан едің.
Боз жусаны жанымның бұрқыратар жұпарын,
Боз даладай көрінер менің тылсым әлемім.

Селкеу түссе сезімге, шабытқа ерік беремін.
Жырдан іздеп табамын көңілімнің қорегін.
Жапыраққа да тіл қатып,
атырапқа да тіл қатып,
Өлең өрген шағымда жеңе алмайды
МЕНІ ӨЛІМ!

ЛӘЙЛІ ЖҮРЕК

Құлазыды көңілдің гүлді бағы,
Шымырлап қарашығыма түн құлады.
Көңілімнің көмескі терезесін
Есерліктің елесі ұрғылады.

Ләйлі жүрек сарғайды сағынудан,
Саналарда кілкіген сабылуда ән.
Мына өмір, шынымен, тұратындай
Ұмыту мен жоғалу, табылудан.

Қызықтырмай тірліктің байлығы мың,
Жүрегімнің жасырам қайғы-мұңын.
Мәжнүн жүрек жырлаудан жалыққан-ау,
Мәңгі бітпес ғашықтық Ләйлі жырын.

Құлазыды көңілдің мұңлы бағы,
Шымырлап қарашығыма түн құлады.
Көңілімнің көмескі терезесін
Есерліктің елесі ұрғылады.

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір