ЖЫЛ – ОН ЕКІ АЙ ЖАЙЛАУДАМЫЗ
15.03.2019
868
0

Танымал қаламгер Ғабдол Сыланов осы әдеби апталықтың қалауымен Ана тіліміздің хал-ахуалы хақында көлемді мақала жазды (1967 жылы). Тіліміздің шұбарланып, тіпті, әдеби тіліміздің де күнделікті гәзет тіліне ұқсап бара жатқанына қатты қынжыла көп-көп дәлел келтірген автор сөзінің соңында қазақ тілінің мамандары енжарлыққа бой алдырып, тіл туралы орынды, өрелі пікір айта алмай, жазушылардың соңында «тезек теріп жүр» сыңайында сын айтты (ол тұста мен редакцияда жауапты хатшының орынбасарымын). Сол-ақ екен, әділ сынды мойындағысы жоқ біраз «тілшілер» жау жеттілеп, Компартияның Орталық Комитетіне адуын арыз жаудырсын. Дуылдатты, дауылдатты. Алайда Ғабекеңді, гәзетті тұқырта алмады, шындықтың шаужайына жармасқандарынан дәнеңе шықпады.

Одан кейін, 1969 жылы, классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов бізге келіп, «Авгийдің атқорасынан бас­тайық» атты мақаласын оқып, тілі­міз­дің жағдайы жайында пікірлесті. Көп ұзамай Ғабеңнің ұсынысы бойынша Жазушылар одағы қазақ тілі мәселелерін талқылаған пленум өткізді. Баяндаманы Ғабең жасап, мемлекеттік тілімізді құрмет­теу хақында «алыстан сермеп, жүрек­тен тербеп» (Абай) ой толғады.
Екі ағамыздың сол игі әрекеттері маған да қалам ұстатып, Ана тіліміз­дің мұң-мұқтажын нақты мысалмен айтып, қамқоршылардың көбеюін тілеп жазған мақалаларым өзімізде ғана емес, өзге гәзеттерде де жария­лана бастады.
Еліміз тәуелсіздік алып, Ана тілі­міздің мәртебесі жаңадан ресми қуатталғаннан кейінде ол қалайда орынды-орынсыз сөз болды. Орыс тіліне мемлекеттік дәреже беруді талап етуші «ала тайлар», оларға бас шұлғыған «шала тайлар» табылды. Сөйтіп, орыс тілі әуелі «Ұлтаралық қарым-қатынас тілі» шапанын, содан соң «Ресми тіл» тонын киіп тынды. «Мемлекеттік тіл» мен «Ресми тілдің» бір-бірінен айырмашылықтары бар ма? Жоқ. Болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Бұл жағдай үшін мен орыс халқын, орыс тілін жазғырмаймын да, жазғыруға қарсымын да. «Ұлы дала мен Ежелгі Русь» заманынан бастап мыңдаған шақырым шекара­сы ортақ құдайы көрші және құ­дан­далы туыс болып кеткен екі халықты бүгінде бір-біріне қарсы қою сияқты рухани сырқат екі жақта да бар. Мә­се­ле екеуін осы халден арылтуда, байыр­ғы, тарихи ілтипаттарын сақ­тауда. Ол – мемлекет, үкімет бас­шы­ларының парызы. Ал кілтипан бұл парыздың жете ескерілмеуінде. Елі­міздің тізгін-шылбырын ұстаған мырзалар парызын былай қоя тұрып, мемлекеттік тіл мерейін сөз жүзінде аспандатып, іс жүзінде жербауырла­тып жүр. Тәуелсіздікті алақайлаумен 28 жылды өткіздік, өкімет, парламент, үкімет қазақтілді болды ма? Жоқ. Оған теледидарымыз куә. Жоғары деңгейдегі жиын-жиналыстарында басшы-қосшыларының 70-80 пайы­зы орыс тілінде сайрап береді. Бізде тәуелсіздік бұйырғанға дейінгі ширек ғасырда ел басшыларымыз алдында он қазақтың ортасында бір орыс отыр­ғанын көрсе, тек орыс тілінде сөй­­лейтін «дәстүр» болып еді, сол «дәс­­түрдің» ескірмегенін көріп жүрмін.
Сондай-ақ, өкімет пен үкімет мүшелері әріптестерімен шетелдерге кездесуге барғанда, оларды Астанада қабылдағанда мемлекеттік тілімізде сөйлемейді.
«Мен – әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемле­ке­тiнде өз тiлiнде рухани өмiр сүре алмай отырған байғұс халықты көр­дiм. Ол – қазақтар», – дейді Италия­ның кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин.
Бұндай пікір айтқан шетелдік көрнекті қайраткерлер аз емес.
«Басшылары өзінің ұлттық тілінде сөйлемейтін елдерді «Ұлттық мемлекет» деуге болмайды» деген халықаралық қағиданы есіме түсірген сайын жігерім құм болады. Ақта­рылып айтамын да, ашынып жаза­мын да. «Баяғы жартас – бір жартас» (Абай) заман.
Осы гәзеттің 8 ақпан күнгі са­нын­да жарық көрген «Тілге қысастық – ұлтқа қиянат» атты мақаланың авторы, қаламдас ініміз Еркін Жап­пасұлы да шынайы ашынған екен. Қоғамымыздағы теріс құбылыстар­дың қайсыбірінің себеп-салдарын түйрепті. Бәрекелді!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір