ҚИНАЛҒАН КЕЗДЕРІМДЕ ӘМИНА АПАЙ ЕСІМЕ ТҮСЕДІ

0
28 қаралды

Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ,
«Тақиялы періште» фильмінде Тайлақ рөлінде ойнаған актер

– Көрермен қауым қанша көрсе де жалықпайтын әй­гілі «Тақиялы періште» фильмінде Әмина апайдың баласы болып ойнадыңыз. Фильмде «анаңыз» сізді қатты еркелетеді. Бар жылы сөзін айтып, бар жылы-жұмсағын бе­ріп өбектейді. Ал, өмірде қарым-қатынастарыңыз қандай болды?
– Киноға түспес бұрын Әмина апайдың Балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек ететінін білетінмін. «Ана туралы аңыз» фильміндегі ойынын да көргенмін. 1968 жылы «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ­тың рөліне шақырылған кезде апаймен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Өнер адамдарының пейілі кең болады екен. Әмина апам туған анамдай болып кетті десем, өтірік айтқаным емес. Нағыз ана, алып ана ғой. Бірден өзіне баурап алды. Маған «балам» деп сөйлейтін. Кейде «Тайлақ» деп атайтын. Шіркін, «әкем, көкем» деп еркелеткені қандай еді… Аузынан үнемі жылы сөзі төгіліп тұратын. Білмегенімді үйре­тіп, қамқорлық көрсетуден жалықпайтын. Фильмде менімен танысу үшін үйге екі қыз келетін көрініс бар. Бұрын киноға түсіп көрмеген мен: «Баяғы заманда таңдауды қыздар емес, ер адам жасаған», – деп келіспедім. Сонда Әмина апай мұның кино екенін байыппен түсіндірген болатын. Басқа адам болғанда, менімен бірге киноға түсуден бас тартар ма еді… Апайдың рөліне деген жауапкершілігі күшті-тұғын. Қолынан сценарий жазылған қағаз түспейтін. Рөліне дайындалатын да жүретін. «Өзім білем» демей, кезекті көріністерге сәйкес Шәкен ағаймен ақылда­сып отыратын. Түсірілімге уақтылы келіп, уақтылы қайтатын. Жалпы, «Тақиялы періштенің» маған жасаған ең үлкен сыйы – Шәкен аға, Әмина апамен бірге жүрген күндерім. Сол кісілердің арқасында рөлімді ойдағыдай алып шықтым.
Қайбір жылы фильмдегі ғашығым Айшаны Әмина апамыздың қабірінің басында жолықтырдым. Сағыны­сып қалыппыз, құшақтасып көрістік. Өткенді еске алыстық. Жыл өткен сайын Әмина апай мен Шәкен ағаға деген сағынышым ұлғайып барады. Қиналған кездерімде сол кісілер есіме түседі. Адамдық қасиеттері ойыма оралады.
– Әмина апай мен Шәкен ағайдың бір-бірімен сый­ластығы да керемет болған шығар?

«Тақиялы періште» фильмінен көрініс

– Рас, екеуінің бір-біріне деген сыйластығына қатты қызығатынбыз. Бір-бірімен ұрысқанын ешқашан көрген емеспіз. Шәкен аға Әмина апайдың шайын іш­кенді жақсы көретін. Апайдың да дастарқаны қашанда асқа толы болатын. Бір күні Шәкен аға әдет­тегідей Әмина апамның шайын ішуге келген. Кесе­сіндегі шайға үңілді де: «Әмина-ау, шайың қой жүріп өткен су болып кетіпті ғой», – дегені. Апай қызарақтап: «Ақша жоқ болып қалды», – деп күмілжіп еді, аға сол бойда ақша беріп, шай алдыртты. Содан: «Міне, енді мынау нағыз шай болды», – деп терлеп-тепшіп отырып шай ішкен еді. Жалпы, Шәкен аға қайдан болса да шай іше алады ғой. Алайда, дастарқан басында Әмина апай екеуі небір әңгіменің тиегін ағытатын. Сол жарастықты іздеп тұратын болса керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, Шәкен аға Әмина апамен әңгімелесіп отырып: «Тамаша күлкің бар еді ғой, бір күліп жіберші», – деп сұрайтын. Ондайда Әмина апай жұрттың бәрі білетін әйгілі күлкісіне басатын. Расымен де, апайдың күлкісі керемет еді. Олай тек үлкен жүректі адамдар ғана күле алады….

(толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар

«Тұлға» айдары бойынша сұхбаттасқан және материалдарды дайындаған Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.