ӘМИНА ӨМІРЗАҚОВА ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

0
30 қаралды

Талас ӨМІРЗАҚОВ (1945-2011),
Әмина Өмірзақованың ұлы

АНАММЕН БІРГЕ БАЗАРҒА БАРҒАНДЫ ҰНАТПАЙТЫНМЫН

Мен анамның құрсағында жа­тып-ақ сахнада жүргенмін. Анам жүк­тілігін жұрттан жасырып, ішін тартып бай­лап алады екен. Кейін есейген соң, анда-санда бұзықтық жасап қойсам, анама: «Маған екі­қабат кезіңізде атқа отырып шапты­ңыз, се­кірдіңіз. Енді менен не күте­сіз?» – дейтінмін қалжыңдап. Анам бәрібір менің адам болып шығаты­ныма сенетін. Анам туралы айтқанда, ең алдымен, жан-дүние­сінің таза­лығы, мейірімділігі есіме түседі. Үйге кіре са­ла: «Мама, тамақ берші!» – деп ер­ке­лейтінмін. Бізге деген мейірімі ар­насынан асып-төгіліп жататын. Көшеде бейтаныс адамдар: «Әмина апай, қалыңыз қалай? Сізбен суретке түсейікші», – деп қаумалап алатын. Анам бәріне жарқын қабақпен тіл қатып, ешқайсысының көңілін қал­дыр­майтын. Мен анаммен бірге ба­зар­ға барғанды ұнатпайтынмын. Жұрт: «Әмина апай, ет керек пе? Мі­не! Қазы керек пе? Ол да бар», – деп, барлығын ақысыз үйіп-төгіп беретін. Анам «алмаймын» деп қанша бас тарт­са да, айтқандарынан қайт­пай­тын. Ақыры, соның барлығын үйге мен көтеріп алып қайтатынмын.
Сәбира Майқанова, Хадиша Бө­кеевалар анамның жақын құрбылары болатын. Үшеуі көшеде қатар келе жатқанда жұрт анама қарай ұмтылса: «Мына жерде менен үлкен Хадиша апай бар, алдымен сол кісімен аман­дас», – дейді екен. Атам Ерғожа өмір­ден ерте өтіпті. Ал, әжем Ғықила есім­де. Әжемнің өңі аппақ, көздері көкпеңбек болатын. «Біздің қанымыз моңғолдармен араласып, бұзылма­ған», – деп күліп отыратын. Анам сияқты 86 жасында қайтыс болды.


Лидия КӘДЕНОВА,
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі

ӘҢГІМЕСІН «Я ТЕБЯ ЛЮБЛЮДАН» БАСТАЙТЫН

Театрда бір жас актер болды. Бала-шағасымен жатақхананың бір бөлмесінде тұратын. Сол жігіттің інісі қайтыс болып, бауырының төрт бала­сын асырап алды. Мұны естіген Әми­на апамыз сол кездегі Алматы қала­сының әкімі Виктор Храпунов­тың қабылдауына кіріп, әлгі актерға пәтер алып берген еді. Ауырып жүргеніне қарамастан, бар беделін салып кө­мек­тесті. «Виктор, дорогой, я тебя люблю, дай нашим артистам квар­тиру», – деп әзілдей отырып, біраз жас әртістерге баспана алып берген. Негізі, апамыз әңгімені «я тебя лю­б­лю­дан» бастайтын. Сосын барып бұйымтайын айтатын. Салмақ сал­май, ойындағысын әзілмен жеңіл жеткізетін. «Мен Халық әртісімін, өтінішімді орында» дейтін міндетсіну болмайтын. Жалпы, жаны ашығыш еді. Талай рет театр әкімшілігі жұмыс­тан шығармақ болған актерларды жұмыстан шығартпай алып қалған.


Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі

ӘМИНА АПАЙ МАҒАН «ҚАЙНЫМ» ДЕЙТІН

«Ана туралы аңыз» фильмінде Ана рөлінде

1967 жылы Қуыршақ театрына кел­дім. Ол кезде бұл театр Ғ.Мүс­і­репов атындағы балалар мен жасөс­пірім­дер театры ғимаратының жо­ғарғы қабатында болатын. Кей кездері Әмина апайды әріптестерімен бірге есік алдынан көріп қалатынмын. Көктем күндерінің бірі еді. Әріп­тестеріммен сыртқа шықсам, есік алдында көрші театрдың бір топ әртістері тұр екен. Араларындағы қыз-келіншектер бізге қарап: «Мы­налар­дың ішінде іліп алары бар екен ғой», – дегені. Мені айтып тұрғанын іштей сездім. Өйткені, жолдас­та­рым­ның ішінде ірілеуі, бойы ұзындауы мен болатынмын. Мен де: «Сендердің іліп ала қойғандарыңа түсе қалатын өлі балық дейсің бе? Бізді ұстайтын ауларың жоқ», – деп жауап беріп үл­гер­дім. «Ойбай-ау, мынау қайтеді? Қай жақтың баласысың?» – деді Әмина апай жұлып алғандай. «Тал­ды­қорғаннанмын, оны не істейсіз?» – деп едім: «Ол жақтың жігіттері осын­дай болады. Кәмәсидің інісі болды ғой. Қайным екенсің ғой. Қыздар, тиіспеңдер, болды», – деп күлді. Апайдың мені жақтап сөйле­ге­ніне іштей масайрап қалдым. Осы­лай­ша, Әмина апамен танысудың сәті түскен еді. Өмірінің соңғы шақ­та­рында сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалған кезінде көңілін сұрап бардым. Дәрігерлерден апайдың палатасына кіруге рұқсат сұрап тұрға­ным­ды көрген апай: «Қайныма әрқа­шанда кіруге болады. Бірақ, менің мына түрімді көрсең, ренжіп қаласың ғой», – деген еді. Өнерді, сұлулықты сүйген, текті қалпынан айнымаған абзал апам-ай! Бұл менің апайды соңғы көруім екен. Содан кейін көп ұзамай дүниеден өтті.

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.