ӨЛЕҢДІ АТАҚ ЖАЗДЫРМАЙДЫ
08.03.2019
1376
0

Марфуға АЙТҚОЖИНА

Өлеңі мен өмірі, жазуы мен мінезі бір-бірімен алғаусыз байланысып жатқан ақындар аз да болса, бар. Поэзияның «алтын ғасырынан» қадам басып, қаламын суытпаған ақынның киіз кітаптағы бізге қалдырған түгел сөзін шолып шыққан соң, ол туралы жазылған өлеңдерге көз салып көрдік: Талқы таудың етегінен кербез басып, қою қара шашы бар, «Жыр аққуы» Марфуға АЙТҚОЖИНА түсіп келеді екен.

Сай-сала, самал соқса ырғалып бір,
Шың-құздар шұғылалы нұрланыпты.
Бұл жерде өлең жазу қиын шығар,
Таулардың өзі өлең боп жырланып тұр.

Марфуға АЙТҚОЖИНА

– Өлеңге қанша жасыңызда келдіңіз? Алғаш қайда, қашан жарияладыңыз?
– Өлең жазуды ерте бастадым. Бұл – кін­дік қаным тамған жер, Еренқабырға Құлжа қаласындағы (қазіргі Іле облысы) кезім. Бір­ақ, ол жақта өлеңдерім еш жерде жарияланған жоқ. 1958 жылы атажұртқа келген соң ғана баспа бетіне шығып, 1962 жылы алғашқы жинағым «Балқұрақ» деген атпен жария бол­ды. Шығармашылығымның бастауы болған осы жинаққа үлкен дайындықпен келдім. Ол кездегі ақындар қазіргідей аузынан не шықса, соны кітап қылып шығара салмайды. Кітап жарияланбастан бұрын жан-жақтан қаума­ла­ған сыни шабуылдарға төтеп беріп қана жа­рық көретін. Осы бір қатаң дәстүр сол уақыт­тағы ақындарға, яғни біздерге үлкен жауап­кер­шілік артты. Кейін Құлжадан кеткен соң «Шұғыла» журналына бір топ өлеңдерім жарияланыпты. Мен оны көрген жоқпын. ҚазҰУ-ға сырттай оқуға түскен 1959 жылдан бастап өлеңдерім газет-журналдарға көптеп жариялана бастады. Сол кездегі «Қазақ әде­биеті» газетінің Бас редакторы, марқұм Жұма­ғали Саин өлеңдеріме жақсы бағасын беріп, алғаш рет мені корректор қызметіне алды. Сосын әдеби қызметкер болдым. Одан кейінгі кітаптарым 1964, 1966 жылдары жарық көрді. 1966 жылы шыққан жинағымнан кейін Мәскеудегі Жазушылар одағына мүшелікке қабылдандым.
– Ақындық өнер кімнен дарыды? Ата-бабаңызда сөзге шешендік қасиет болған ба?
– Әкемнің әкесі Айтқожа 13 жасынан билік айтып, би болған, суырыпсалма ақын­дығы бар ділмәр адам. Кейін қажылыққа ба­рып, қажы атанған соң, Совет үкіметі ор­наған тұста қажы атамды қолын кісендеп, итжеккенге айдап жіберген. Әкем қазіргі І.Жансүгіров атындағы мектептің іргетасын қалап, алғашқы ұстаздарының бірі болды. Қапал уезінен ең соңғы рет 82 адамды Алма­тыға айдап әкелгендердің ішінде әкем де бар еді. Сонда осы адамдардың арасындағы «ең қауіпті жау – білімді-білгір Ғали Айтқо­жин» деп танылды. «Ол орысша, арабша оқыған, өте сауатты, Жапонияға ақпарат беріп жатқан жерінен ұстадық», – деп жа­зықсыз кінә тақты. Әкем марқұм арғы бетте жүргенде: «Қазақта Ғали Орманов деген ақын бар. Егер мен дәм-тұзым таусылып, туған жерге жете алмай қалсам, атажұртқа барғанда Ғалиға әкеңнің атын айт. Кезінде оны интер­наттың шанасына мінгізіп әкеліп, оқуға түсіргенмін. Қазір Қазақстанның үлкен ақыны», – деген болатын. Шешем сол бір қиын-қыстау заманның азабын көп тартқан адам. Балала­рының дені аштықта қырылып қалды. Тірі қалған ең үлкен ұлы Шаяхметті қажы атам бауырына салған екен. Ол қардың астынан масақ теріп жеп жүріп, тірі қалды. Шешемнің саусақтары бүгілмейтін. Сол саусақтарымен домбыра шертіп отырып, әуезді қоңыр даусымен ән айтушы еді. Ән-күйге жақындық қанда бар қасиет. Яғни, нағашы жұрттан келген. Мен бір ауылда алғаш дүниеге келген бала екенмін. Шешем марқұм айтатын: «Менің иығыма қыран құс қонды. Бірақ, көп отырмай, ұшып кетті», – деп. Шешемнің аяғы ауырлығына 8 ай болғанда орыстың иті талап, бала өлі туыпты. Кейін мені көтерген соң, 1936 жылы, шешем тағы түс көріпті. «Сен дүниеге келерде көк аспан қақ жарылып, ұзын күміс бауы бар күміс сағат жерге түсіп келе жатты. Қойнымды ашып тұрғанда кеудеме түсті. Мен қыз туады екем. Және бұл балада ерекше қасиет болады деп жорыдым», – дейтін шешем марқұм. Амал қанша, шешем менің бір кітабымды да көре алмай кетті…

Сұхбаттасқан Маржан ӘБІШ

(Сұхбаттың толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір