АЛАШТЫҢ АСЫЛ АРУЛАРЫ
08.03.2019
3041
0

Азаттық үшін жан бере күрескен әйел-аналар жолы – өнегелі жол, сара жол. Ұлттың алтын тірегіне кірпіш болып қаланған сол аналар аты бүгінгі даңғаза-думан мен дабыраға құмар қоғамның қалтарысында қалып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан сол аяулы Алаш аруларының аты Тәуелсіз ұрпақ ұранымен қайта ұлықталуы тиіс деп білеміз. Халық­аралық әйелдер мерекесінде біз Алаш атын асқақтатып, әр сала бойынша еліміздің алтын шаңырағына уық болып қадала білген асыл жандардың есімін елге өнеге етуді жөн санадық.

Ұзақ уақыт бойы советтік жүйенің қысымына ұшырап, байшыл-ұлтшыл деген айыппен ғылыми, тарихи һәм әдеби процестен қақас қалдырып келген ХХ ғасырдың басындағы қазақ қыздары туралы сөз қозғаудың реті келген сияқты. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясының дабылы қазақ даласына да зор екпінмен естілді. Революция қазақ қайраткерлерінің қоғамдық және әлеуметтік, прогресшіл бағыттағы ойларының қалыптасуына, ұлттық сана-сезім мен елдік иммунитеттің артуына игі әсерін тигізген-ді. Міне, осы ретте қазақтың көкжал жігіттерінің идеялық тартыс, ұлт-азаттық жолындағы саяси күресіне демеу болып, моральдық қолдау көрсеткен нәзік жандылар да бар еді. Алаш зиялыларының көтерген зор мәселелерінің бірі – әйел тағдыры-тұғын. Әйел азат болмай, халық азат болмайтын. Әйел теңдігі үшін рулық, дуанбасылық ішкі қақтығыстарды шешіп, қазақ қаракөзінің басына азаттық сыйлады. Бостандық таңы атқанда, қыздар да оқуға, сауат ашу ісіне ден қойып, дүние ілімін, дін қағидасын игере бастады. Жаңа оқуды меңгерген қыздар да арғымақ уақыттың жалына жабысып, елдік мұрат үшін қоғамдық істерге белсене араласты. Алаш қозғалысының ниеттесі, мұраттасы болған Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Ғайнижамал Дулатова, Жаңыл Қадырбаева, Гүлшаһара Досымбекова сынды арулар бодандық құрсауындағы қалың қазаққа азаттық идеясын таратты. Семей, Омбы, Орынбор, Троицк қалаларындағы жастарға арнап түрлі әдеби-мәдени кештерді ұйымдастырды. Бас ақын Абай хакімнің өлеңдерін халыққа таратып, мұрасын насихаттады. Жыл сайын Абайды еске алу кешін өткізді.

Алаш сүйген арулар оқыған, тоқыған еді. Алаштың алдыңғы толқын буыны өзге ұлттың өкілі­нен жар сүйіп, теңін тапты. Ұлт көсе­мі отыз бес жасында ғана шаңырақ көтеріп, Елена Яков­қызына үйленді. Еленаның әкесі орыстың демократ, революционер еді. Әкесімен жақын араласқан Әлекең сол заманның талабына сай орыстың оқыған қызына үйленуге мәжбүр болды. Қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсын­ұлы да білім, білігі мол Александра Иванқызын жар қылып, мұсыл­мандық жолына түсіріп, Бәфриса­сымен бірге тауқыметті ғұмыр кешті. Барлыбек Сырттанұлы, Жансұлтан Сейдалин, Міржақып Дулатұлы сынды арыстар оқып, жетілген қазақ қыздарымен неке­лес­ті. Демек, қазақ қыздары­ның кеш оқуы, қараңғылық түнегінен жарық сәулелі өмірге шығып, еуропалық мәдениетті игеруі – сол замандағы азаматтар­дың мінезіне, танымына, талғамына оң әсерін тигізген сияқты.
Қазақ үшін «жүрек майын шам қылған» Нәзипа Құлжанованың өмір жолы халыққа етене таныс. Қайраткер қыз туралы көптеген дүние жазылды. Жекелеген ар­найы кітаптар да жарық көрген. Осынау шағын дүниеде есім-сойы көп айтыла бермейтін алаштың ардақты арулары туралы айтуды жөн санадық…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
алаштанушы

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір