Жапалақ пен Торыайғыр
01.03.2019
1503
0

Туа біткен талант па, кім білсін, әйтеуір қазақ­та керемет әзілқой, күлдіргі, қалжыңбас адамдар болған ғой. Әртүрлі ауызша, жазбаша деректерге қарағанда, Ұлжанның (Абайдың шешесі) әкесі Тұрпанмен бірге туысқан ағалары Қантай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер болыпты. Осы орайда Кәкітай Құнанбаев былай деген: « Тонтай ауырып жатса, сол елдің бір молдасы қайта-қайта келіп, көңілін сұрай беріпті. Өйткені Тонтай өлсе, молдаға түсім түседі. Жаназа шығарады. Молданың осы ойын білген Тонтай тағы бір күні молда көңілін сұрап отырғанда: «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас», – депті. (А.Құнанбаев, Шығ. І томдық жинағы, 16-бет).
Әдетте әзіл-қалжың тек сөзбен ғана емес, әртүрлі әрекеттер, көріністер арқылы да болады. Айтқанымыз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік.
Шешендігімен, әділдігімен ел арасында аты аңызға айналған, өз заманының ірі тұлғасы болған Сұлтанмахмұттың арғы атасы Торайғыр Найманда Жапалақ деген бимен құрдас болыпты. Олардың бір-бірімен аралас-құраластығы, өзара сыйласты­ғы өзгелерге үлгі боларлықтай дәрежеде өріс ал­ған. Сонымен бірге өзара қатты қалжыңдасады екен.
Жылдағы әдетінше мерзімді уақытын оздыр­май, Торайғыр жайлауға көшеді. Жолшыбай көш басын бір көлдің жағасына тіреп, бірер күн қоныс­тайды. Көш ырымы бойынша осы жерге Жапалақ­ты қонаққа шақырады. Мән-жайды түсінген Жапалақ қасына әртүрлі әрекеттерге шебер жиыр­ма адамын ертіп, бір сүліктей қара биені жетек­ке алып, жолға шығады. Торайғыр ауылдың жақсы-жайсаңдарымен бір жайдақтау төбенің басында оларды күтіп отырады. Ал Жапалақ болса, көлдің шетіне жеткенде жолсеріктерін тоқтатып, аттан түседі. Аттың ертоқымын сыпыртып биеге ерттетеді. Содан кейін лып етіп биеге мінеді де, жолсеріктеріне: «Сендер аяңдап, ана Торайғыр отырған төбекшікке қарай жүре беріңдер», – дейді де, өзі көлді айнала шаба жөнеледі. Мұның мән-жайын түсінбеген жолсеріктері біраз абыр-дабыр болысып, ақыры бидің айтқанын орындап, төбешікке беттейді. Жапалақ әне-міне дегенше көлді айнала шауып өтеді де, жолсеріктерін басып озып, ағызған бойы төбешікте отырған Торайғыр­дың алдына келіп, қара биенің артын төсеп тұра қалады. Сонда Торайғыр орнынан атып тұрып: «Әй, Жапалағым-ай, мені тәнті ететін сенің осы тап­қыр­лығың ғой», – деп қолтығынан демеп аттан түсіреді де, төс түйістіріп амандасады. Бұл көріністің мән-жайын жұрт артынан түсініп, мәз-мейрам болады. Сөйтсе бұл әрекеттің мәні былай екен. Әдетте жапалақ көлдің маңын мекендеп, көл жағалай ұшып жүреді. Торайғыр осы жайды қалжыңына арқау етіп, әдейі көшін көл жағасына аялдатқан. Жапалақты сүріндірмек оймен қонаққа шақырған. Алайда Жапалақтың қарымта қалжыңы одан асып түседі. Биенің артын төсеп тұра қалғаны, мен жапалақ ретінде міндетімді атқардым, енді айғыр ретінде сен де өз міндетіңді атқар дегені екен. Сөйтіп атақты екі бидің «Жапа­лақ», «Торайғыр» деген есімдері қалжың әрекет арқылы осы көрініске арқау болып, жұрттың көңілін бір көтеріп тастаса, көп ұзамай бұл оқиға бүкіл Баянауыл өіңіріне тарап кетеді.
Мен бұл әңгімені 1967 жылы Семейің аэро­пор­тында Павлодарға жол тосып отырған төрт-бес ақсақалдардың әңгіме-дүкендеріне құлақ тү­ріп, зерделеп алған едім.


Омар мен Қатпа

Кезінде «Дидар» газетінің кезекті санында «Омар болыстың үш тапқырлығы» атты мақалам жарық көрді. Сол мақалада бұрынғы Күршім өңірінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында атақты үш болыс болғанын айтқанбыз. Солардың бірі Андағұл-Жаркенің болысы Қатпа екені оқырман қауымға мәлім. Қатпа мен Омар бір-бірін жақсы білген. Оның үстіне екеуі құрдас екен. «Құрдастың Құдайы бір» дегендей бұлар да бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған. Соны­мен бірге өзара қатты қалжыңдасқан.
Омар арнайы сапармен Қатонқарағай өңірін­дегі Шыңғыстай ауылындағы Әбідікерім болыс салдырған мектепті көріп қайтуға елінің бірер әй­гілі адамдарын ертіп, жолсапарға шығады. Әртүр­лі болжамдарға қарағанда, ол өз жерінде де мектеп ашпақшы болған сияқты. Тана мырзамен байланысы осындай ой тудырды ма екен, кім білсін. Барар жолында Өтей жерін басып өтеді. Бірер күн жайлаудағы Мамыр болыстың үйінде еру болып, одан әрі Шүршіт суынан өтіп, Нарын елінің қазіргі Көктерек ауылының үстінен шығады. Одан әрі өрлей жүріп, межелеген жеріне жетеді. Қайтар жолы Құлажорға бағытында Қатпа болыстың қарауындағы елдімекендер арқылы болады. Ондағы мақсаты – құрдасымен төс түйістіріп, еру боп қайту. Оның ордасына түннің бір уағында, жай келеді. Мұның да себебі бар еді. Жолсерігінің бірінің астындағы аты аяқ астынан ауырып, жүруге жарамай қалады. Маңайындағы ауылдарға кісі жіберіп, мініс ат тапқанша уақыт озып ке­теді. Түн ор­тасы ауғанға дейін тосып, енді келе қоймас деген Қатпаның ауылы жатып қалған еді. Омар келгенде ауыл үсті тым-тырыс, жұрт ұйқыда. Тіпті ауыл иттерінің де үні шықпайды. Омар көп ойланбастан қасына ертіп шыққан ақын жігітке мына көріністі менің атымнан бір ауыз өлеңмен өрнектеп жіберші дейді. Сонда ақын жігіт, Омардың атынан:
«Ертістің бетке ап ақ таңын,
Ауылына келдім Қатпаның.
Тұмшалап ап түндігін,
Тиектеп ап есігін,
Құшағына ап Әппағын,
Құрдасымның қарашы-
Буына мас боп жатқанын!», –
дейді.
«Әппағы» дегені Қатпаның тоқалы. Мұны естіген жолаушылар рахаттана күліседі. Өлең Омарға да ұнайды. Тағы да бір рет айтқызады да, серіктерін бастап жүріп кетеді.
Ертеңінде бұл өлеңді ескіше жазумен қағазға түсір­теді. Тәбеті зор оншақты кедейді киіндіріп, ат мінгізіп өлеңді Қатпаға беріп жібереді. Мұның тағы бір себебі – кешегі өздеріне дайындалған қонақасын осылар ішіп-жеп келсін дегені еді. Ал, Қатпа оларға мұндай сый көрсет­песе, сөзге қалары анық.
Омардың түпкі ойын түсінген Қатпа оның жігіттерін айтарлықтай күтімге алғызады. Жігіттер де алдарына келген асты кері қайтармай, қи сыпырады. Тамақты да түрлеп-түрлеп әкеледі. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Андағұл-Жәркенің сүйікті асының бірі тары болған. Қонақтар бұл дәмнен де ексе болмайды. Ең соңында жез легенге салып, тарының кебегін алдарына қояды. Мұндайды бұрын көрмеген жігіттер бір-бір уыс асап жібереді де «тойып та қалыппыз ғой» десіп, кейін шегініседі. Ал кебек қол сүрту үшін қойыл­ған болатын. Қатпаның да күткені осы еді. Ол уақыт оздырмай, бір шумақ өлеңнің ретін келтіре­ді де, шытқа орап жігіттерінен Омарға беріп жібе­ре­ді. Өлеңнің мәтіні мынандай екен:
Көрсемші сендей кезепті –
Ауылды аттап кететін.
Сонша саған не жетті ?
Сағындың ба Жүрсінді –
Қамын ойлап кезектің.
Жігіттерің мықты екен,
Алдына келгенді қайтармай,
Асап та жіберді кебекті!
Жүрсін «Қызыл мола» қыстағында отырған Омардың сұлу тоқалы.

***

1962 жылы желтоқсанда Күршім ауданына қарасты Теректібұлақ ауылында ақындар айтысы болды.
Айтыстан кейін қонақтарды жергілікті орта мектептің ұстазы, тарихшы-әдебиетші, әнші, айтыс десе елегізіп тұратын, ауданға әйгілі азамат Мәжіков Камалиден аға дәмге шақырды. Дас­тархан басында тілге шешен, шежіреші Әміренов Қапас аға да болды. Ол да жергілікті мектепте ұстаз. Нұрқадиша апай, Темірғали, Қапас, Ка­малиден ағалар мен Рамазан ақынның арасы тым ал­шақ емес, тетелес адамдар. Әдетте өнерге, әдебиетке жуық адамдар бас қосқанда жас ерек­ше­ліктеріне қарамай, өзара әзілдесіп отыратыны үйреншікті әдет қой. Мұндайда әңгіменің де тиегі ағытылады. Бұл отырыста да солай болды. Жоғарыдағы әңгіме де осы отырыста айтылды. Өлеңді Нұрқадиша апай, Темірғали, Қасымхан ағалардан естідік. Қапас аға да біледі екен. Нұр­қа­ди­ша апай Қатпа болыс туралы көп әңгіме айтты. Айтқандарын зер сала тыңдадым. Бұл бір ақындық талантымның қоламтасы қозып, әде­биет­ке деген, көнекөз қариялар мен көздері көріп, құлақтары естіген жайларды көңіліне көп түйген зерделі адамдардың әңгімелеріне деген құштар­лы­ғым артып, естісем, білсем екен деген кезім еді. Естігендерімді қойын кітапшама дереу жазып ала­тын­мын. Одан кейін қайта-қайта оқып, зер­деме түйетінмін. Бұл жолы да солай істедім. Енді сонда естіген әңгіменің тағы біріне кезек берейік.
Сонымен Омар Қатпаның хатын оқып, еш­теңе болмағандай сырт көзге сыр білдірмейді. Де­ген­мен сабақ болсын деген мақсатпен жұртқа басқа сылтау айтып, топты бастап барған меш­кейіне 10 дүре соққызады. Сөз жоқ, Қатпаның қалжыңы өтіп кетті.
Сол жылғы жаздың аптап ыстығы ойдағы елді жайлауға бастады. Осы орайда Торайғыр сияқты көш ырымын жасап Қатпа да Омарды дәмге ша­қырады. Әрине, бұл шақырыстың тегін емес еке­нін Омар сезеді. Әйтеуір іш пікірі ішінде, ке­рек­ті кісілерін ертіп, межелі күні Қайыңды өңірін­дегі Қатпаның жазғы қонысына келеді. Қонақтар­дың қонақасы Қатпаның өз ордасында – бір жерден болады. Ал жатар орыны бөлек. Омар қасына ер­ген үш әйгілі бай адаммен арнайы тігілген киіз үйге түнейді. Оның қалған он екі серігін буулы жүк текшеленіп жиылған алты қанат киіз үйге жатқызады. Олар ұйықтады-ау дегенде Қатпаның бірер жандайшаптары үйдің есігін сыртынан мықтап бекітіп тастайды. Осылай боларын Омар қонақасының берісінен сезген еді. Ол жігіттеріне алға келген асты қайтармай, жей беріңдер деген. Солай болды, майлы сорпаға быққан тары, қазы-қарта, майы төрт елі қойдың жамбасы, тегенедей құйрық, сары ала сорпа, сары қымыз, сары май, жент, өрік-мейіз, құрма, т.т. асқазан қаласына кетіп жатты. Омар жатар алдында серіктерін оңаша шақырып алып: «Біраз­дан кейін, сендердің іштерің бүлік шығарып, түзге қуа­лайды, бірақ бара алмайсыңдар. Себебі есік сыр­тынан бекітіледі, ірге берік қымталған. Сон­дық­тан буылған теңді шешіп, жайыңдар да, ішіне отыра беріңдер. Іштерің босап, мазалағаны ба­сыл­ғанда қайтадан орап, буып-түйіп орнына қойың­дар», – дейді. Омардың болжамы дұрыс болды, айтқаны орындалды. Таңертең Қатпа Омарға сәлем бере келіп, қонақтардың жай-күйін сұрайды. Сонда Омар: «Төр жайлауда жатқандай сезіндік, қалған жай-күйімізді жайлауға барғанда білерсің», – деп, жымия күледі. Сонымен Омар­дың тобы таңертеңгі сый-құрметтен кейін қош айты­сып, аттанып кетеді. Ал Қатпа болса, Омар­дың киіз үйде жеке жатқан серіктерінің сол күнгі қылықтарын жайлау үстінде ғана біледі. Сөйтіп Омардың қарымта қалжыңы сәтті шығады.
Әдетте, қалжың тек құрдастардың арасында ғана айтылумен шектелмейді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей кезі келгенде ретін тауып, сөз жүйесін әзіл-қалжыңға икемдей сөйлеген адамның бәрі қалжыңбас. Иә, біреуді біреу күнде­мей, күйелемей, мұқатпай әзіл-қалжыңы жара­сып, тату-тәтті тірлік жасағанға не жетсін!

Советхан Қалиғожин
ШҚО, Өскемен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір