Отаным – Қазақстан!

0
46 қаралды

Бүгін елімізде – Алғыс айту күні.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бұл күні Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақ халқына рахмет айтып, алғыс білдіруі керек» деген сөзінен күллі жұрт хабардар. Бұл сөзді әсіресе Қазақстанды отаным деп білетін, еліне адал қызмет етіп жүрген басқа ұлт өкілдері болашаққа бағдар етіп ұстануда. Осындай жастардың бір шоғыры газетіміздің шағын сауалнамасына жауап берді.


Мария Викторқызы:

Қазақ отбасына келін болғым келеді!

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қайда туып, қайда өстіңіз?
– Менің аты-жөнім Штрошер Мария Викторқызы. Алматы об­лысы, Қарасай ауданы, Қайнар ауылында өмірге келдім.
– Қазақ тілінде еркін сөйлей­сіз? Қанша жасыңызда, қалай үйрен­діңіз?
– Мен қазақ ауылында туып-өстім. Сондықтан, туғаннан қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін. Қа­зақы ортада тәрбие алдым. Қазақ тілін жетік меңгергенмін. Қазақ­тың салт-дәстүрін де жақсы біле­мін. Өзімді таза қазақпын деп санаймын.
– «Қазақ тілін үйрену қиын» де­ген пікірлерді де естіп қаламыз. Бұған сіз не дейсіз?
– Қазақ тілін үйрену қиын де­ген пікірмен келіспеймін. Себебі, қазір қазақша еркін сөйлейтін басқа ұлт өкілдері өте көп. Соларға қиындық тудырмаған қазақ тілі, солар оңай меңгеріп жатқан қазақ тілі басқаға неге қиын болсын! Ең бастысы, өздерінде құлық болмай тұр ғой. Сондықтан, сәл ынта болса. еркін сөйлеуге болады деп ойлаймын. Бір өкініштісі, әлі күн­ге қазақтардың өзі қазақша шала сөйлейді, ондай жағдайды мен жиі кездестіремін. Ұлтың қазақ бол­ған­нан кейін, Қазақстанда туып, Қазақстанда тұрып жатқан соң қа­лайша өзіңнің ана тіліңді біл­мей­сің? Мен осыған таң қалам. Мәселен, менің ұлтым неміс болса да, мен өзімді қазақпын деп санай­мын. Егер өзіңнің ана тіліңді сый­лап, қадірлейтін болсаң қазақ тілін үйрену қиын деп айтуға болмайды. Егер туғаннан бастап отбасында қазақша сөйлеп, баланы қазақша тәрбиелесе, әрине, ол бала өзінің ана тілін білетін болады.
– Отбасыңызда, араласатын ор­таңызда қазақ тілін білетіндер бар ма?
– Отбасымызда тек қана қа­зақ­ша сөйлесеміз. Араласатын ортам да, достарым да қазақтар. Мен қазақтарға өте жақынмын.
– Айналаңыздағылардың ме­м­лекеттік тілге деген құрметі қандай?
– Айналамдағы адамдардың бәрі мемлекеттік тілді құрметтейді. Себебі, менің төңірегімдегі адам­дар­дың бәрі қазақтар. Бірақ, сол қазақтардың ішінен өзінің ана тілінде сөйлегісі келмейтіндерді де кездестіріп қалам. Оларға айта­рым, өзінің ана тілін құрметтеп, ана тілін жетік меңгермесе, өзгеге өзін, өз ұлтын құрметтете алмайды!
– Болашағыңызды Қазақстан­мен байланыстырасыз ба? Әлде та­рихи отаныңызға көшу ойыңызда бар ма?
– Болашағымды тек Қазақс­тан­­мен байланыстырғым келеді. Себебі, мен осы елде туып, осы ел­де тәрбие алдым. Сол себепті, Қа­зақстанға өзімнің аз да болса пайдамды тигізсем деймін. Тарихи отаным жайлы айта кететін болсам, ол жаққа бару ойымда бар. Бірақ онда біржола қалғым келмейді. Өйткені, менің отаным – Қазақстан және қазақ отбасына келін болғым келеді. Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққым кел­мейді.
– Домбыра шерте алады екен­сіз...
– Иә, домбыра тарта аламын. Домбыра үйірмесіне 4 сыныптан бастап қатыстым.
– Тіл үйренгісі келетіндерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Тіл үйренгісі келетіндерге айтарым, жүрген жерінде қазақ тілін дәріптеп, мемлекеттік тілі­міз­ге сыйластық танытса екен. Тіл үйренуді қазірден бастап кетсе, жөн болар еді. «Отан отбасынан басталады» дейді ғой. Жас отба­сылар баланы қазақша тәрбиеде өсірсе екен, себебі қазақтың салт дәстүрінің тәрбиелік маңызы бар. Әрине басқа тілді де жетік мең­геріп білу қажет, заман талабы солай. Бірақ, мемлекеттік тіл бірінші орында тұруы тиіс. Ал, қазақ тілін құрметтейтін адамдарға мен шын жүректен алғыс білдіре­мін. Қазіргі таңда кейбір қазақтар­ға қарағанда өзге ұлт өкілдері қа­зақша таза сөйлейді. Осыдан қазақ бауырлар бір қортынды шығарса екен.


Сергей Сергейұлы:

Отаным – Қазақстан!

– Алдымен өзіңізді таныс­тырып өтсеңіз. Қайда туып, қай­да өстіңіз?
– Менің аты-жөнім Сочнев Сергей Сергейұлы. Оңтүстік Қа­­зақстан облысының Шым­кент қаласында туып-өстім. Қазір «Комсомольская правда Қазақстан» газетінде жарнама қызметінің директорымын.
– Қазақ тілінде еркін сөй­лей­сіз? Қанша жасыңызда, қалай үйрендіңіз?
– Қазақ тілінде бала күнім­нен еркін сөйлеймін. Сегіз жа­сымда, яғни, екінші сыныпта, қа­зақ мектебінде оқып, сол кез­ден бастап-ақ қазақша үй­рене бастадым.
– «Қазақ тілін үйрену қиын» деген пікірлерді де естіп қаламыз. Бұған сіз не дейсіз?
– Қазақ тілін үйрену өте оң­ай. Ол үшін адамда ынта, ықы­лас, мемлекеттік тілге деген құрмет болуы керек.
– Отбасыңызда, араласатын ортаңызда қазақ тілін білетіндер бар ма?
– Отбасымда үлкен әпкем Еле­на қазақ тілін менен де жақ­сы біледі. 5- сынып оқып жүр­генімде менің сынып жетекшім болған. Араласатын ортамда көптеген достарым, сынып­тас­тарым, таныстарым – қазақтар.
– Айналаңыздағылардың мемлекеттік тілге деген құрметі қандай?
– Өзімнің мемлекеттік тілге деген құрметім өте керемет. Қазақ тілін құрметтейтін, үй­ренгісі келіп жүрген дос­тарым да баршылық. Өкінішке қарай, өз тілін білмейтін немесе білгісі келмейтін қазақ бауырларды көргенде жаным ауырады.
– Болашағыңызды Қазақ­с­тан­мен байланыстырасыз ба? Әлде тарихи отаныңызға көшу ойыңызда бар ма?
– Әрине, болашағымды тек қана Қазақстанмен байланыс­тырамын. Айтпақшы, менің әйелім қазақ. Аты – Әсел. Та­рихи Отаным менде біреу ғана, ол – Қазақстан.
– Тіл үйренгісі келетіндерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Тіл үйренгісі келетіндерге беретін ақыл-кеңесім – қиын­дық­тан қорықпау керек. Ең бастысы, осы елде тұратын кез келген жан мемлекеттік тілді білуге, үйренуге міндетті.


Шерзод ПУЛАТОВ:

Қазақ халқы өте бауырмал, пейілі кең, тарихы терең, дәстүрі бай халық

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қайда туып, қайда өстіңіз?
– 1978 жылы Өзбекстан республикасының Әндіжан қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Мен туғанда ата-анам студент болғандықтан шығар, осы жасқа жеткенше ізденуден жалыққан емеспін. Ал, балалығым Тараз қаласында өтті. Тоғыз жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін.
– Қазақ тілінде еркін сөйлейсіз? Қанша жасыңызда, қалай үйрендіңіз?
– Қазақ тілін бала күннен үйрендім. Біріншіден, мектепте қазақ тілі сабағы болды. Өзбек тіліне жақын болған соң қызығушылығым артты. Тіпті орыс мектебінде оқыған кезімде де мұғалімдердің қолдауымен қазақ тілін меңгеруіме мол мүмкіндік туды. Кейіннен шетелге оқуға да тек қазақ жігіттермен бардым. Солар арқылы қазақша еркін сөйлей бастадым. Қазір үйде бала-шағаммен де қазақша сөйлесем. Әйелім, анам, бәріміз еркін сөйлейміз. Мемлекеттік тілді жақсы көреміз, құрметтейміз.
– «Қазақ тілін үйрену қиын» деген пікірлерді де естіп қаламыз. Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл пікірлерге өз басым келіспеймін. Тіл кім үшін қиын? Әрине, ынтасы жоқтар үшін. Мен өзім сегіз тілді меңгергенмін. Ең бірінші, ол тілді адам жақсы көруі керек. Сонан соң ғана үйренеді. Елге, жеріне, ұлтына деген махаббат болса тілді еркін меңгеріп алуға болады. Егер күнделікті жаттықса, үш айда меңгеріп шығуға мүмкіндік бар. Тағы да қайталаймын, күн сайын тілге уақыт бөліп, үйренуден жалықпау керек.
– Араласатын ортаңызда қазақ тілін білетіндер бар ма?
– Достарымның, әріптестерімнің қазақ тіліне деген махаббаты зор. Қазір қазақ тіліне қызығушылар көбейіп жатыр. Біз де үнемі балаларымызға «Осы ел біздің болашағымыз, осы елде қызмет етесіңдер, осы елдің тілін толық меңгеру қажет» деп айтып отырамыз. Елбасымыз өзге ұлт өкілдерінің тілді еркін игеруіне толық мүмкіндік берді. Болашақта халқымыз тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтын елге айналады деп ойлаймын. Бәрімізді біріктіретін бір тіл болса, ол қазақ тілі. Мен осы тілді нығайту үшін қолымнан келгенше өз үлесімді қоса беремін.
– Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырасыз ба? Әлде тарихи отаныңызға көшу ойыңызда бар ма?
– Мен көшсем, тек Таразға көшер едім. Себебі, өскен ортам, қара шаңырағым сонда. Онда әкем бар, туыстарым да сол қалада. Астанаға алғаш 2006 жылы келгем, содан бері осындамын. Қазір Америкаға, Ресейге, Өзбекстанға барып қызмет істеуге мүмкіндігім бар. Бірақ Қазақстаннан өзге ешбір елге барғым келмейді. Қазақ халқы өте бауырмал, пейілі кең, тарихы терең, дәстүрі бай халық. Сондықтан да бұл елге Алла тағала тыныштық пен мамыражай тірлік, берекесін беріп тұр. Ал Өзбекстанға тек бауырлас ел ретінде Қазақстан атынан көмек, қолдау көрсетуге баруым мүмкін. Менің елім, Отаным – Қазақстан.
– Тіл үйренгісі келетіндерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Қазақ, орыс, ағылшын және арап тілдерін жақсы білемін. Урду, түрік және парыс тілдерінде де сөйлесе аламын. Тіл үйрену үшін тек үлкен махаббат керек. Ары қарай бәрі жеңіл жүзеге асады.

Бетті дайындаған Батырхан БӨРІХАНҰЛЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.