Төлепберген ТОБАҒАБЫЛ
24.10.2015
2101
0
938347_746990716__________________________________________Қазақ әдебиеті тағы да қазаға ұшы­рады. 80 жасқа қараған шағында жазушы, журналист Төлепберген Тобағабыл дү­ниеден өтті.
Төлепберген Тобағабыл 1936 жылы 20 ма­мырда Қызылорда облысының Те­­реңөзек ауданына қарасты Ақарық ауы­лында дүниеге кел­ген. Еңбек жолын 1957 жылы бастаған. Те­рең­өзек аудан­дық «Еңбек майданы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім мең­геру­шісі, Қазақ радиосының редакторы, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мем­лекеттік коми­те­тінде бас редактор, «Қа­зақтелефильм» студиясының сценарий жөнін­дегі алқа мү­шесі, Қазақ радиосында бас редактор, Халықаралық «Тұран» радиосының бас ре­дакторы, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жа­нындағы Тіл комитетінде бөлім бастығы болды.
«Баспалдақ» атты тырнақалды дүниесі 1955 жылы Қызылорда облыстық «Ле­­нин жолы» газетінде жарық көрді. «Көктемнің ең ұзақ күні», «Коммунист Мұ­қан Көккөзов», «Құзар» (Вершина) атты деректі телефильмдер сценарийлерінің ав­торы.
«Өкініш», «Өңшең мықты», «Тағдыр», «Тағы да күз», «Түсінсең енді мені», «Жүрегім соғып тұрғанда» атты кітаптары жарық көрген.
«КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері.
Оның шығармалары оқырмандар мен әдеби ортадан өзіндік бағасын ал­ған.
Әріптесіміздің жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақ­талады.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.

АДАМНЫҢ БАЛАСЫ БОЛДЫ

Содан бері бес-ақ күн! Алматы Атакентінің түкпір тұсындағы бақ ішінде серуендеуге шақырған. Төкеңмен, Төлепберген Тобағабылмен артық-кемсіз отыз жыл бойы Қазақ радиосының отын бірге жағысып, түтінін бірге түтетіскен қарым-қатынасымыз осындай сыйластыққа жеткізген. Жүрегі сыр бергелі таза ауамен тыныстап қайтқысы келгенде жанында бірге жүруімді өтінетін. Биылғы жазда аурухананың жан сақтау бөлімінде екі рет болып шыққан соң: «Сен босқа әуре болмай-ақ қой, жағдайым болғанда, өзім хабарласамын», – деген.
Араға екі айға жуық уақыт салып жүздескен осы жолы өзінің өтініші бойынша көпшілік жүрегінен орын алған қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің екі кі­таптан тұратын «Тағдыр тағылымы» аталатын өмірбаяндық мемуарын апарып бергенмін. Соның өзі кеудесінде жүрегі соғып тұрса да басылмайтын, білуге де­ген құштарлығын танытып тұр еді. Қалтасынан тастамайтын ингалятормен оқ­тын-оқтын тынысын қалыпқа түсіре отырып, алдағы көктемде сексен жасқа толуын атап өтпек екенінен де хабар берген. Бұлардан өзге де біраз нәрсе істегісі келетінін айтқан.
Амал не… алғашқы күні кітаптың сегіз бетін оқыған ол оны бітіруге де, өз­гелерін орындауға да үлгермеді! Оның өмірден өткенін жеткізген суық хабар жү­ректі қарып түсті… Тегі, адам қанша жасаса да, қанша нәрсе атқардым десе де үлгермегені одан да көп болады ғой! Алайда… Төлепберген Тобағабыл хакім Абай­дың «Адамның баласы – бауырың» деген өсиетіне сай биікке көтерілді. Оған үлгерді! Адам өмірінің ең негізгі мәні де сол емес пе?!
Рухың пейіште шалқысын, қадірлі қаламдас, асыл дос!

Кемелбек ШАМАТАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір