«ХИМЧИСТКА»
01.03.2019
1098
0

Мұхтар Түменбай

аллегориялық әңгіме

Үйдің маңында біраздан бері бір «хим­чистка» жұмыс істеп тұрған еді. Сол жақын арада жабылады дегенді естіп, былғары тонымды тазалап үлгермек болдым. Аяқ астынан жабыла қалса, сандалып басқасын қайдан іздеп жүрем. Әншейінде ондай жерлерге әйелім баратын. Бұл жолы ешбір жанның қыстап-қинауынсыз, өз еркіммен, өз аяғыммен бармақ болдым. Жоқ жерден пайда болған пысықтығыма өзім аң-таң­мын. Босағадағы шкафтың ішінен тонымды алып, дорбаға зытырдым. Содан үйден шыға бере пысықтығым одан бетер ұстап, күн­делікті жұмысқа киіп жүрген костюмімді де неге тазалатып алмаймын деген ой келді. Ұзақ ойланбастан оны да сумкаға сүңгіттім. Сөйттім де жолдың арғы бетіндегі «хим­чисткаға» тарттым. Же­те бере байқадым, бір жігіт сатыға шығып алып, маңдайшадағы тақтайшаны шешем деп әлектеніп жатыр екен.
– Іске сәт, – дедім дауыстап. – Мына тазалау орталығының қожайынын қайдан тапсам болады?
– Қожайыны алдыңда тұр.
Маған қарауға да зауқы жоқ сабазың­ның. Өзі сыйдиған біреу екен. Адамды киіміне қарап бағалайтын әдетіміз емес пе? Пошымы «химчистка» ұстайтын пендеге мүлдем ұқсамайды. Үстіндегі қолпылдаған күртешесі лас. Шалбарының түсі кірден көрінбей қалған. «Дардай «химчисткасы» бар адам өстіп жүре ме, өзі осындай болса, тазалау орталығы қандай?» деп ойладым іштей.
– Бірер қыстық киім-кешегім бар еді. Соны тазартып алсам деп өзіңе келгем. Жабылғалы жатыр дегенді естіп… Үлгердім бе, үлгермедім бе?
Бұл кім болды екен деп жан-жағына көз тастаған жігіт ту сыртында тұрған мені алғашында байқамады.
– Мен мұндамын, – дедім тағы да.
Сол сәтте теріс қарай берген ол, шайқа­тылып, сатыдан құлай жаздады. Соңғы ме­зетте шатырдың жақтауынан ұстап үл­герді, әйтеуір. «Оңбай, құлайды-ау қазір» деп демімді ішке тарта қойған мен де «Уф» дедім. «Химчистка» иесі төбеден маған қарады да қулана күлді.
– Не киім еді сіздікі?
– Еркекте қайбір көп киім болушы еді? Сол баяғы костюм-шалбар мен тон ғой, – дедім мен де жымиып.
– Есесіне әйел заты құсап сансыз киім­нің ішінен бүгін не кием деп бас ауыртпай­сыз, иә? – деді ол менің астарлы ойымды түсіне қойып. Ол төбеде, мен төменде, екеуміз қарқылдап бір күліп алдық. Содан соң жерге қарғып түсіп, маған қолын созды.
– Төребек!
– Самат, – дедім созған қолын қысып.
– Былай ғой, Сәке. Біз киім тазала­маймыз негізі…
– Тазаламағаны қалай? – дедім, әлі де әзілдеп тұрған шығар деген оймен. – Қой, інішек. Алсаң алам де, алмасаң, амал қанша, басқасын іздеймін-дағы. Әлде саған ақша керек емес пе?
– Керегі керек-ау, ағасы, – деп басын қасыды Төребек. – Мына офистің де жарты ақшасы төленбеген. Содан жабылғалы жатырмыз. Бірақ, рас айтам. Біз киім тазаламаймыз.
– Сонда не тазалайсыңдар?
– Әне, есікте ілулі тұр біз көрсететін қызмет түрлері. Бағалары да сонда жазыл­ған, – деді «химчистка» қожайыны сатыға қайта мініп жатып. Амал жоқ, есікке жа­қын­дадым да, скочпен жабыстырылған бір парақ қағазға зер салдым.

….

(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір