Асық атқан алаңсыз бал шағым-ай…
01.03.2019
864
0

Дәурен АЙМАНБЕТОВ

АЯУЛЫ АДАМ

Селкеу түссе сенімге бір,
Күй кешеді көңіл небір.
«Адамдардың бәрі аяулы,
Надандарсыз», – дедің бе өмір?

Дедің бе, өмір, құрамы тек
Мейірімнен тұрады деп?
Аяулы адам гүл секілді,
Кім көрінген жұлады кеп.

Жігеріңді оят көркем,
Тағдыр кімді аяпты, еркем?
Ақ қар дағы – заңдылық қой,
Тапталары аяққа ертең.

Жаның күйіп жатса алаңдар,
Бой көрсетпес бәтшағарлар.
Қайғы көрсең, ортақтасар
Кеміп жатыр жақсы адамдар.

Өкпелеймін бекер дәйім,
Ұғар кім бар бөтен жайын?
Жақсы адамдар болып жатса,
Беріңдерші мекен-жайын,
Адамдар!

АЯЛДАМАДА

Көңілде ешбір әлденедей жоқ кірбің,
Аялдама астында үнсіз көп тұрдым.
Қай автобус күткенімді білмеймін,
Қай жақтарға кеп тұрғанын кеткімнің.

Бірі кетіп, бірі келіп бір жақтан,
Қолдарында әрбірінің бір заттан.
Сағат сұрай қалсаң жауап берместей,
Бәрінің де көкірегі зіл батпан.

Орыс келді мойнына асып мысығын,
Кәріс келді қойнына сап күшігін.
Аялдама мал мен жанды бөлмейді,
Қазақ келді сүйреп титтей үш ұлын.

Жолды кесіп барады бір мас бері,
Жол патрулі тоқтай қалды – «аш бөрі».
Масханада қонақ етер кімі бар,
Есін жинап, мас ағайдың қашты өңі.

Такси ұстап, бір ару тұр көрікті,
Менсінбестен қайтарды ескі көлікті.
Ханзадасын күткендейін етегі,
Желп-желп етіп, күллі еркекті елітті.

Қанша тұрдым, зерттеп елді, білмеймін,
Өзіме іштей үйге қарай «жүр!» деймін.
Неше автобус өтті қысып көздерін,
Адамдарды зерттеудемін, мінбеймін!

(Толық нұсқасына газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір