Оның аты – Шоң-Мұрат
01.03.2019
1241
0

Омар ҚЫЙҚЫМОВ,
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері


ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Мұрат Нұрасыловтың өнердегі өмірі емес, өмірдегі өнері жайлы қоспасыз «оригинал» әңгіме

Айнымай «сырбаз» мінез парықты ойдан,
Өз аты ұмыт болып қалып қойған.
Шоң деген жампозыңның жанама аты,
Мүкеңді еркелетіп халық қойған.

Бісміллә, «бет алған жақтан бақберсін» ай­тып, шүу дегеннен аттың басын «Балқан­тау­ға» бірден тіремей, кейіпкеріміз Нұра­сыл­­дың Мұраты хақында, кішігірім мағлұ­мат, аздаған анықтама бере кетсек, артық болып арқамызға бата қоймас. Шынымен біл­месеңіз, шоқыдай Шоң дегенің кім десеңіз…
Өткен ғасырдың дәл ортасында 1949 жы­лы қақап тұрған қаңтардың 20 жұлды­зында қарып тұрған саршұнақ аязға қара­май, Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоң­ыр ауылында жалған дүниеге жарқ ете түскен.

Әкемтеатрдың 70-тегі жүгірмектері Айдос Бектеміров, Әубәкір Рахимов, Саят Мерекенов, Төлеубек Аралабай, Тұңғышбай Жаманқұлов, Шоңмұрат Нұрасылов

1955 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1967 жылы аман-есен бітіріп шыққан. Екі жыл ауылда не істегенін өзі біледі. 1969-71 жылдары азаматтық борышын өтеген. 1973 жылы эстрада студиясын бітіріп, Қуыршақ театрында, 1974-75 жылдары Нартай Беке­жа­нов атындағы Қызылорда театрында қыз­мет істеген. Сол жылы, 1975-тің 4 қара­шасында Талдықорған театры ашылады. Шөкең желіп отырып, желтоқсанның 30-ында осында келіп жұмысқа орналасады. Осылай біраз жердің тоңын ерітіп, дәмін татқан көкемізге 1976 жылы театр институ­тына келіп, атақтары қара жерді қақ айырған Асқар Тоқпанов, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімовтерден дәріс алу бақыты бұйырады. 1980 жылы Асанәлі Әшімовше айтсақ, «Тоқпановтың тоқпағының» астын­да институтқа Мұрат болып түсіп, Шоңмұ­рат болып бітіріп шығады. Азан шақырып қойған атының өзгеруіне келсек, ол кезде көршілес Қырғыз елінің қыз-жігіттері бізге келіп білім алатын. Солардың арасында жаның жамандық көрмегір Жұпариса деген қыз болған. Міне, сол сұлудың тасқа қаққан темірқазықтай қадап кеткен есімі. Келін болып тергегендігінен емес, Мүкеңнің жасы­­ның үлкендігіне қарап һәм басқа Мұраттармен шатастырмау үшін.
Шөкең сол 1980 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы әкемтеатрына қабыл­данып, күні бүгінге дейін шапқылап келе жат­қан жайы бар. Сахнадағы, экрандағы еңбектері елінің, көрерменінің көз алдында. Көпші­ліктің көріп, біліп, тап басып танып отырған дүниесіне тоқталып, қайталап жату артық болар деп түсіндім. Шөкеңнің жеке ғұмыр­намасына ат шалдыратын болсақ, Құдай қосқан қосағы Қалампырға соқпайкете алмаймыз.
Жеңешеміз кессе кемімейтін, шайқаса төгіл­мейтін неге болсын таразылап, талдап қарайтын ақылына ажары сай, сөзімен ісі қабысқан артық өлшеп, асырып кесетін әйел затында сирек кездесетін сабырлылық әлемін еркін меңгерген, жер қозғалса қоз­ғал­майтындай салмақты да, салиқалы мінездің иесі. Шөкең сияқты ұшып-қонба ебелек мінез, ерке құлықты еркектің бағы үшін арнайы жаратылған арда жан десем, тілім жазықты болмас дүр. Ерлі-зайыптылық тату-тәттілігі, жанұялық жылуы аңыздай айты­латын ақиқат. Бұл дәлелдеуді қажетсін­бейтін аксиома.
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әріп­тес­те­ріне, өнерге жақын жандарға, қасында бірге жүрген үзеңгілестерінің аузымен тарап жатқан Шөкеңнің қылықтарын, айтқанда­рын дәл табиғи қалпында жеткізе алмасы­мыз хақ. Әсіресе, ашуланғандағы сөздерін сол күйінде сүйкей салуға қағаз қауқарсыз, қалам әлсіз, «ішің білсін әлу-ай».
Әйтпесе Шөкеңнің Қожанасыр қылық­тары бір емес, бірнеше кітапқа жүк болары кәміл. Аман болсақ, әлі талай айтылар, жа­зылар ал мына жекешелеп ат қойып, айдар та­ғып жариялап отырған жәйттардан жазыл­май қалған жолдарды тауып, танып оқырсыздар.

(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір