Жәнібек феномені
01.03.2019
1114
0

Қазақтың ән өнерінің аспанында дауысы қалған Жәнібектің ұлты мен ұлттық өнердің рухани тәуелсіздігі жолындағы жанкешті еңбегі – «Елім» деген бір азаматтың әруағын сыйлайтындай мәртебеге лайық. Шыңғыс тауының қойнауында дүниеге келіп, өзінің кіндік қаны байланған Жәнібек жазығының саумал самалы мен сары сағымы оның жүрек қабына ән боп құйылды. Абай өмір сүрген даланың тынысы, жусанның қошқыл иісі, найзағайлы жайлаудың кемпірқосағы, боранының уілі, қағылез де зерек орта Жәнібектің де тағдырлы жолы мен талант мінезін қалыптастырды.

Ол өмірінің соңғы тоғыз айын­да бар қатал мінезін, оның ішінде ұмытылуға айналған дікшіл міне­зін бойына жиып алды. Барған са­йын тастүйінденіп, баяғы әде­тіне оралып, жұртқа ішкі сырын емес, сыртын ұсына берді (Ө.Ах­метовтің естелігінде айтылға­нын­­дай). Кейде табан астында фәни­ден бақиға сүңгіп кетсе, дүниеде көңіліне алған ісінің барлығы орын­дала қоятын сияқты көріне­тін. Түңілу және баз кешу – кез келген өнер адамының бойынан табылатын құбылыс.
Алайда, Жәнібек соны көңіл аңсарына айналдырып алды. Мен оның бұл тұйықтығы мен мағына­сыз тәуекелін қостамадым, сыр етіп те айтып көрдім. Соны түсіне тұрып кейде қаперіне алып, кейде қаннен-қаперсіз тосын ағысқа іле­се берді. Албырт кезінде бай­қа­лып, кейін рухының күшімен жеңе білген, өзі кезінде қатты өкінген бір мінезі қайтадан шаң бере бас­тады. Екеуара бір үлкен әңгіменің болатынын екеуміз де білдік. Мен дайын едім. Қол ұстасып-ап оңаша екі-үш сағат әл-Фарабидің бойын бойлап, тілсіз жүре бердік. Ол өзінің бұл мінезін уақытша ғана көрініс, «өткелден өтіп алған соң» бәрі де шешкен тондай сыпыры­лып қалады деп есептеп, тереңдеп сырласқысы келмеді. Ол тығырық пен тұйықтың шешімі бар бола­тын. Бұл әсершіл өнер адамының психологиялық ширығуы еді. Мұны ол жанына түскен дауасыз дерт ретінде қабылдады. Менің булыққаным сонша, оған хат жаз­ғым келді. Оны өзіне де айттым. Тұйықтан шығатын саңылаудың бар екенін аңғарды. Ол үмітке жетелеген сәбиі – Шаһкерімнің жөргегінің иісі мен бал-бұл шыға бастаған тілі, сәбилік қылығы болатын.
Ол сол кезде өзінің әншілік тағдырындағы үшінші, қорытын­ды белесіне шығуға іштей дайын еді. Ол ән, ол дауыс, ондағы әсер – бұрынғы Жәнібек – Жәнібек пе, мүлдем ұғымға сыймайтындай құдіретті еді. Тыңдаған кезде мен есімнен танғандай боп, сілем құ­рып отырып қалатынмын. Кейде те­лефон шалып, құлақшаны көтер­генде үн-түн жоқ, әлгі әннің үзік-үзігін қайталап, өзгертіп айта беретін, не үнтаспаны қосып қойып, өзі үнсіз отыратын. Бір кезде: «Ал, жарайды», – деп труб­каны қоя салатын. Қайтып ол тура­лы мен үндемеймін, пікірің қандай деп ол сұрамайды. Оңаша бір қалғанда (ал оның ән айтқысы келгенін «Әй» дегенінен, не қаба­ғынан біле қоятынмын. Тымы­райып алып, артық сөз айтпай, тастүйін түйіліп алатын. Көлденең көз болса, сол қабағы жазылмай-тын) ғана айтып, домбыраны сүйей салатын. Не сол әннің әуе­нін жарты сағат бойы қайталап шер­те беретін. Бұл күй үш-төрт жылға созылды. Тоқсаныншы жы­лы ол концерт Жәнібектің сана­сында толық пісіп жетіліп, бабына келді. Енді өзіне-өзі салт-дәстүр етіп алған әдеті бойынша әр әннің тағдырын, айтушысын зерттегісі келді. Мен архивке үңіліп, текстерін айтуға тыйым салынған (1936-1956 жылдары) қазақ әндері туралы деректерді, Т.Жүргеновтің, I.Омаровтың, М.Майшекиннің естелік-пікірлерін тауып бердім. Кейін бұл мәселемен Жазушылар одағы құқық комиссиясының тапсырмасымен I.Жақанов айна­лысты. Бірақ сол текстер табыл­мады. Оның басты себебі: бірінші – кеңестік идеология қысымы, екінші – әннің әуенін операға негіз еткен композитордың оны қайта тірілтпеуі үшін жасаған пи­ғыл мүддесі еді. Бұл туралы Жә­нібек бір мақала жазумен шек­тел­ді де, негізгі деректерді жаңағы концертінде пайдалануды көздеді. Бұл оның сұңғыла шешімі бола­тын. Өкінішке, бір жағы қуаныш­қа орай, сол жылдары Жәнібек шетелге шыға бастады, есепті кон­церт кейінге жылжи берді. Ол жалпы ел-жұртты соған дайында­ғысы келді, әрі ол бұл концерттің тосын болғанын қалады. Домбы­радан домбыра ауыстырды…

…..

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір