Кәріс халқының атынан қазақ халқына рақмет айтты
08.02.2019
893
0

Қазақ халқы нәубет кезеңдерде басына қиын күн туған өзге ұлт өкілдерін де жылы құшағына алып, пана болды. Арада қаншама жылдар өтсе де бауырлас елдер арасындағы байланыс үзілген емес. Осы үрдістің мерейлі сәті жуырдағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде өткен еларалық Достық фестивалі болды. Фестиваль аясында іс-шараға қатысушылар өзара бауырластықты нығайту, ізгілік пен адамгершілікті ту ету сияқты мәселелерді ортаға салды.

Биылғы 2019 жылды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – ел жастарына ерекше серпін берген, мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қа­дам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үміті­міз, сенімді тірегіміз.
Елбасы бастамасын қолдау мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университеті жуыр­да М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Алматы қаласындағы ұлттық этно-мәдени бірлестіктермен және Оңтүстік Кореялық ІМЕІ халықаралық ментальді-ағартушылық орталығымен бір­лесіп «Бір шаңырақ астында» атты Достық фестивалін өткізді.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған концертке Алматыдағы этно-мәдени ор­талықтардың жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалдарының мүшелері және Жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым мен мәдениеттің көр­некті өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлары, студент жастар қатысты.
Шығармашылық кешті ҚазҰАУ рек­торы, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов пен ІМЕІ Халықаралық ментальді-ағартышулық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль құттықтау сөзбен ашып, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыс­тар­дың уақыт өткен сайын нығайып, ортақ жобалардың іске асырыла бастағанын ерекше атап өтті.
«–Университет көп жылдан бері Оң­түс­тік Корея еліндегі жоғары оқу орындарымен, ғылыми, шығармашылық орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Универси­тетімізде Қазақстан-Корея бірлескен инно­вациялық орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын бізге Корей елінен мықты эскперт-ғалымдар, оқытушылар мен студенттер келіп тұрады.
Біздің оқу орынымыз Сеул, Конкук, Кен­г­бук, Чонбук, Вонкванг, Кенгхи университеттерімен ғылым-білім және волонтерлік бағдарламалары бойынша жан-жақты байланыс орнатқан. Екі ел жастары білім, озық ғылым, технологиямен қатар мәдениет пен өнер саласында да тәжірибе алмасып келеді. Бүгінгі шара екі елдің берік достығының айқын дәлелі.» – деп атап өтті ректор Т.Есполов.
IMEI Халықаралық ментальді-ағарту­шылық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль өз сөзінде тарихқа тоқталып, 1937 жы­лы Қазақстанға жер аударылған корей ұлтының қасіретінен бастады. Вагондарға малша тиеп, қақаған қыста Қазақстанға әкеліп аудара салған қандастарын ойласа, әлі де жүрегінің ауыратынын жеткізді. Сол қасірет жылдары Қазақстанға жеткенше он мыңнан астам кәрістің бірі аурудан, бірі суықтан, бірі аштан ажал құшқанын айтып, одан аман қалғаны қазақтардың бауырмал, жанашыр қасиетінің арқасы екенін тілге тиек етіп, жалпы қазаққа, Елбасына рахмет айтты және бүгінгідей достық ниетпен бір­ле­сіп концерт, басқа да әріптестік шаралар өткізуге мүмкіндік жасаған университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлына алғыс білдірді.
Пак Ёнг Чоль мырзаның айтуынша, Халықаралық ментальді-ағартушылық орталығы бұған дейін Талдықорғанда, Шымкентте, Өзбекстанда, Қырғызстанда осындай концерттермен болған. Ал жалпы бұл орталық 2013 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде: АҚШ-та 400 рет, Австралия, Африка, Еуропадағы, т.б. ірілі-ұсақты елдер­дің көпшілігінде болып, алты мыңнан аса лекциялар мен игі істерді насихаттайтын кездесулер өткізген.
IMEI жобасының мақсаты – қатігездікке бой алдырып бара жатқан жаһан дәуіріндегі қатқыл ұстанымдарды жұмсартып, адамдар­дың бір-біріне жақсылық жасауын дәріптеу, жылылыққа үндеу, ізгілікке шақыру, адам­гер­шілікті насихаттау, достық қарым-қаты­наста болу. Бірлік пен достықты насихаттау – қазақ халқының ұлттарды ұйыстыратын басты ұстанымы. Бүгінгі Қазақстанда өмір сүріп отырған 130-дан астам диаспора өкілдерінің ынтымағы – ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан ұлттық ұстаным­дардың Елбасы саясатымен сабақтасуында. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегені де қазақ халқының бұл тұрғыда біртұтас ұстанымда екенін айғақтай түседі. «Бірлік түбі-береке», «Ырыс алды — ынтымақ» дейтін нақыл-тәмсілдердің нақты іс жүзіндегі көрінісі бүгінгі Қазақс­тан­дағы диаспоралардың татулығы.
Кеш барысында IMEI жобасының дарынды волонтерлары ұсынған «Сіріңке ұстаған қыз» қойылымы да ынтымақ пен бірлікке, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға ұмтылдыратын идеяны арқау етті. Тілі басқа болғанмен өзегі ортақ өнерге көпшілік ризашылық білдіріп, шығармашыл жастардың сахнадағы еңбегіне қошеметпен қол соғып отырды!
Фестиваль соңында Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазбек Мансұров, «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы Қазақ­бай Қасымов, Алматыдағы украин ұлттық мәдени орталығының төрайымы Тамара Агапова, Қазақстандағы Қырым татарлары­ның «Ватандаш» мәдени орталы­ғының жетекшісі, биология ғылымдарының док­то­ры, ҚазҰАУ профессоры Сеиіт Бабалиев және басқа да ұлттық бірлестіктер жетек­ші­лері сөз сөйлеп, университет ұйымдастырған достық фестиваліне жоғары бағасын берді.
Мәдени шараны қорытындылаған уни­вер­ситет ректоры, академик Тілектес Ес­полов барлық ұлттық этно-мәдени бірлес­тіктердің жетекшілері мен IMEI орталығы басшылығын сахна төріне шақырып, алғыс айтып, ізгілікке үндейтін мұндай рухани шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне зор сенім білдірді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір