АЙТҰЯҚ
27.02.2019
983
0

«Кене хан оның жолына «айтұяқ» айтып, аяғынан тік тұрады» (Ә.Қоңыратбаев). Қазақ халқының әр заманға, әр жағдайға, сол сияқты, өмір жолында әдет-ғұрпына, тұрмысы мен мәдениетіне сәйкес лайықты, жарасты дәстүр, салттары өте көп. Соның бірі – «айтұяқ» деп аталатын салт. Әдетте біреу қатты жараланса, өміріне қауіп төнсе немесе бір ауыр (қиын) жағдайға душар болса, әр адам өз басының амандығы үшін «ақсарбас» атайды. Бұл – белгілі жай. Ал, бұрын адамдар қауіп-қатерлі, ауыр, алыс сапарға (жолға) шығатын болса, мысалы, Отан қорғау жолында майданға аттанса, қажы сапарына немесе емделуге бет алса, онда «айтұяқ» деп аталатын құдайы береді. Бұған жылқы сояды. Салттың «айтұяқ» деп аталуы да осыдан. Құдайы (айтұяқ) беруші адам ел-жұртқа күні бұрын хабар салып, шақыру жібереді. Сөйтіп, жиналған көптің батасын алады. Бұрынғы жаугершілік замандарда аталған салт әр ауылда жиі болған. Бұл салт қазір ұмытылып бара жатыр. Ежелгі аңыз, әңгімелерде, ертегілерде, батырлар жырында «айтұяқ» сирек болса да айтылып қалады. Мысалы, осы салтты «Бекет батыр» жырында кездестіруге болады.

(Сейіт Кенжеахметовтің «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан алынды)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір