Латын: И мен У

0
100 қаралды

Бижомарт ҚАПАЛБЕК

Латын қарпіне көшетініміз туралы шешім қабылданды. Алайда, әріптерді дұрыс таңбалауға қатысты ұсыныстар мен жобаларға шектеу қойылған жоқ. Бұл ретте біз қазақтың «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейтін даналығына жүгініп отырмыз. Тілші-ғалым Бижомарт Қапалбектің мақаласын да көпке ой салып, пікір талқысына салу үшін ұсынғанды жөн көрдік.

Үкімет отырысында мақұл­данған емле жобасында бұл ереже ескіше қалдырылған. Бұған көп ғалым қарсы. Дауыссыз и мен у-дың алдындағы қысаң дауысты дыбыстарды (і, ы, ү, ұ) түсіріп жазу бірді-екілі маманның шешетін шар­уа­сы емес, үнемдейміз деп мәселенің тек экономикалық жа­ғын ға­на басты өлшеуіш ретінде ұс­тануға болмайды. Бұндай қадам­ды сөздің морфемалық құрамын, буын-жігін анықтауда, сөз та­сы­малдауда, ең бастысы, үндесім заңы­ның бұзылуына, әсіресе кір­ме сөздердің қазақ тілінің дыбыстық заңына икемделуіне тигі­зер кері әсерін парықтап ба­рып, көп болып әбден ойланып шешуіміз керек.
Емледе и мен у-ға бес параг­раф арналған екен. Олар бірінде айтылғанды екіншісі жоққа шыға­рып, бесеуі бес жаққа қарап тұр. Қараңыз: §6. ı, ý әріптері төл сөз­дер­де дауыссыз дыбыс ретінде таң­баланады: аı, úı, oıshyl, ıaǵni, qoıan, saıa; aý, sáýkele, demeýshi, qaýyn, aıýan, keıýana.
Біріншіден, төл сөздерде дауыс­­сыз дыбыс ретінде таңбала­нады деп кесіп айтуға болмайды. Жетін­ші параграфтағы төл сөздер (игі­лік, иман, киім, тиын, сия, би, си­яқ­ты және т.б. сөздер) мұны жоқ­қа шығарып тұр. Қараңыз: §7. Ай­тылудағы yı (ый), iı (ій) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында і әрпімен жазылады: ıgilik, ıman; кıіт, tıyn, sıa, sıaqty; bı, tarıhı; ınstıtýt, kıno, granıt.
Осындағы «айтылудағы» де­ген сөз қате қолданылған. Бұл айтылу­дағы түлкү сөзін түлкі деп жазамыз дегенмен бірдей. Тіліміздегі ый, ій, ұу, үу деген дыбыс тіркестерін үнем үшін кіріктіріп жазамыз деген күннің өзінде, оның ережедегі берілуі мүлдем дұрыс емес. Тілдің табиғатында тау дегенде де, тұу дегенде де, тай дегенде де, тый дегенде де үш дыбыс бар екендігі анық. Бірақ біз жазуды үнемдеу үшін бұрынғы ережеде де, қазіргі ережеде де қысаң дауыстыны түсіріп жазамыз. Айтылудағы деп бүркемелемей, осыны ашып айтуымыз керек.
Осы параграфтың ескертуін қараңыз: E с к e p m y. Қосар уı (ый) әріптері тек syı (сый), tyı (тый) сѳздерінде (оларға қосым­ша жалғанғанда) жазылады: syılyq, syıymdylyq, syıý; tyıym, tyiylý, tyiý.
Бір ғана ый және ій дыбыс тір­­кестері ережеде бірде ай­тыл­у­­дағы дыбыс тіркестері, бірде қо­сар әріптер болып екі түрлі атал­ған. Қайсысы дұрыс? Екеуі де дұрыс емес. Айтылудағы дегенді жо­ғарыда айттым, ал қосар деп бір дауыссыз дыбыс­тың түбір сөздерде қосарланып кел­уін айтады. Мысалы: ашшы, тұш­шы, қатты, тәтті және т.б. (Ғ.Қал­иев. Тіл білімі термин­дерінің түсіндірме сөздігі. Ал­маты, 2005 ж.). Яғни, ый, ій, ұу, үу дыбыс тір­кес­терінің құрамындағы қысаңдар ешқандай айтылудағы да емес, қосар да емес. Бұлар а, ә, е, о, ө ды­быстары сияқты дербес дауыстыларға жатады. Сондықтан, оларды біресе бы­лай, біресе олай атап, жұртты ша­тыстырмаған жөн. Кез келген ереженің термин­дері анық, стилі жатық, берілген ойы нық болуы керек.

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.