Жүрегі «Семейім» деп соққан…
27.02.2019
1003
0

Қасиетті топырағыңнан айналайын, қайран Семей! Сенің аялы алақаның басынан сипаған, арқасынан қаққан, маңдайында ерніңнің табы қалған, кеше және бүгіндері Алаштың біртуарларына айналған әсіре қарапайым, әсіре дарынды пенделеріңді түгендеп, ақ қағазға тізер болсам, көгентүбіне жетуім қиын соғатынын білемін. Қазіргі менің міндетім: «Қасиетті Семейімнің табанына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалса етті. Өніп-өскен жерімнің жақсыларын сүйікті етіп, жамандарын бір қуысқа түйіп кетіп, әлі күнге кетілмеген қаламымның қарымы жеткенше жарты ғасырдан астам уақыт жырлап келемін. Көкірегімнен шыбындай жаным пыр етіп ұшып кетер зауалды шаққа дейінгі жазатын жақұтым да, басымдағы бақытым да – өзіңсің, туған жер!» – деп төгіліп жүрген, қабырғасы сөгіліп жүрген адал да қарапайым қаламгер Дәулет Сейсенұлы жайлы бір ауыз жылы сөз айту.

…Мінезді қаламгердің бүгінге дейін шыққан онға тарта деректі кітабы оқырман қолында. Ол — жеті драманың авторы. Драма де­мек­ші… Бұл жанрда да Дәулет Сейсенұлы халыққа Шыңғыстауда кіндігі қиылып, қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болған арыс­та­рын айналып кете алмай, солар­ды төңіректеп, олардың Жидебай мен Сырт Қасқабұлақта, Орда тауы мен Күшікбай асуының қой­нау-қолатында, сай-саласында қа­лып қойған құпияларының қақ­па­сын қағып, соларды уақыт то­заңы­нан аршып, оқырманға күміс табақпен тартуға әрекет жасайды. Ұлылар тағылымына екпін түсі­ре­ді. Кейіпкеріміздің «Абай-Шә­кә­рім», «Мұхтардың мұраты» атты драмалары – соның айғағы. Ал, оның «Махаббат вальсі» драмасы — белгілі композитор Бекен Жама­қаев­тың шолақ та шамкөс ғұмыр-жыры. Жалпы, Жамақаев бейнесі осы уақытқа дейін көркем әдебиет жанрларында айшықталмағаны, тіпті, айтылған күннің өзінде де тиіп-қашып қана сөз болғаны шын­дық. Бекен сынды тра­гика­лық кейіпкерді сомдау, оны өз деңгейінде режиссерге ұсыну – қиямет. Бұл тақырыпқа бару – Сейсенұлы тарапынан ерлік!
Жәнібек Кәрменов сынды кү­міс көмей әншіні исі қазақта біл­мей­тіндер аз. Ол Алласы дарытқан табиғи талантының арқасында жарқылдап жүрді. Жарқылдап күлді. Күннің өзінде көлеңке, Ай­дың өзінде дақ болады деп жата­мыз. Осы бір тұрақты сөз тіркесі­нің Жәнібекке келгенде жалауын жығатыны рас. Тағы да… «Сұлудың сүйрігіне, жылқының жүйрігіне жай түседі» деген де сөз бар халық­т­а. Жүйрігіміз де, сүйрігіміз де Жә­кең еді. Ажалдың жайы тым ер­те түскені – өкініш! Міне, өзінің досы, ауылдасы, сыныптасы, қа­зақ­тың біртуары хақында жазыл­ған Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады» атты драма-реквиемі Семейдің Абай атындағы драма театрында өзінің тұсауын кескеніне қуандық.

….

Әлібек Қаңтарбаев,
Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО
филиалының директоры

(Толық нұсқасына газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір