Ақындар күнде тумайды
24.10.2015
2324
0
саитка02
Әр күніне шүкіршілік етіп, атар таңға аман жетсем деп дұға ететін қазақтың той қазынасына кешегі кеңестік жүйеден қыстырыла келіп қосылған көп сауықтың бірі – туған күн осы. Тіршіліктегі тынысын мүшелмен қайырып, құт-береке тілейтін қазақ баласы қай қызығын да күнпараққа қарап бағамдай бастағалы бір ғасырдай болды. Дүние есігін ашып, кіндігі кесілген күнін бірі жайлауға шыққан мезгілмен межелеп, бірі қыстың сарышұнақ аязымен байланыстыра ақтарылар сұңғыла қарттардың қатары сиреп, тұрмысының тізгінін ұрпағына ұстатқалы туған күн дәстүрі төрге озды. «Бар жиғаным тойыма шашылсын» деп тілейтін пендеге бұл да бір қуаныш. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей болмасын, Жаратқанның берген ғұмырына, нығметіне шүкіршілік етіп, ағайынның батасын алсам дегендерге бізден де бір тілек.

Туған күн мен мерейтой бұл күнде тек ті­рі­лердің ғана емес, барзах әлеміне кет­кендерді еске алу үшін, дәлірек айтсақ, «еске алдыру» үшін керек боп тұр. Бұл думан бас­қа жұртты қайдам, әсіресе, қазақ рухания­ты­ның жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, қала­мын қару еткен әдебиетші қауымға да аса қажет. Неге дерсіз… Себебі, ажалына араша бола алмағанымызға аһ ұрып айы­рылған ақын-жазушыларымызды біз енді осы туған күнінде ғана іздейміз. Мерейтойы болса ел болып «сағынып», оның кісілік те, кішілік те қасиетін айтып тауыса алмай, баспасөз бен телеарналардан ақтарыла төгілеміз. Реті келсе, ол туралы естеліктер мен жылы лебіз­дердің де бір жинақталып, кітап болып шы­ғып қалатын тұсы осы кез. Жазушының туған жеріндегі ел ағалары оң қабақ танытып жатса, дүркіреген жиын­дар­дың өтіп жататыны және бар. Оның қала­мынан осындай ғажап дүниелер туғанына тағы бір тамсанып, тұңғиық әлеміне бойлай алмай жүргенімізге өкінісіп не сол тереңдікке бойласақ-ау деп армандап кететін мезгіл де, міне, дәл осы шақ. Артық айтсам айыпқа бұйырмассыз, әншейінде мойны жар бермесе де сол пенде үшін Алладан екі дүниенің абыройын тілеп, артынан құран бағыштасақ деп құлшынатын күн де осы ғой… «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жүріп, бұл жиындар біткен соң мауқымыз басылып, барлық шаруаны жайлағандай бәз баяғы күйбің тірлікке араласып кете барамыз. Келесі туған күнге дейін….келесі мерейтойға дейін… себебі, біздің ендігі жоспарларымызға, кештерімізге ақынның тағы бір айналып келер мерейтойына дейін үлкен мінберлердегі «күн тәрті­бі» оңайлықпен орын босата қоймасы анық. Сондықтан бұл күн – қара жер басып жүрген­дердің де, қалам-қағазын жазу столына қалдырып, мәңгілік мекенін қабірстанға ауыс­тырғандардың жана­шырларының да көңілін алаңдатар уақыт. Елдің есіне салып тұру үшін, ұмытпас үшін. Насихат үшін. Осыдан соң, өзгеден келсе де өзекке теппей, қазақтың бір кәдесіне жарап тұрған туған күннен қалай айналмассың енді. Болмаса, өз әулеті немесе азды-көпті оқырманы мен тақырыбына нысан еткен зерттеушілерден басқа оларды енді еске алып, еміреніп отыратын кім бар екен?
Келместің кемесіне мінген қаламгерлерді еске алып, ардақтау алдымен адамдықтың, елдіктің белгісі. Ұлыбритания корольдігі Уильям Шекспирдей ұлы тұлғасының туған күнін халық болып тойлап, әлемдегі ең үздік театрлардың премьераларын сахналап, ас­панға отшашу атып, мәре-сәре болып жа­та­­тыны да содан болар. Қызығасыз, сүйсі­несіз. Сіз біздің байшыкештердің баласының тұ­сауы кесілсе де аспанның апшысын қуы­рып, жарыса атылатын отшашулары қазақ­тың бір ардақты ақынының құрметіне атылды дегенді естідіңіз бе? Естімегеніңізге, әрі жуық арада ести қоймайтыныңызға бек сенім­дімін.
Ал Пушкинді келер ұрпақтың жадында мәңгі сақтау үшін орыс зиялылары теккен тер­ге таңырқамасқа тіпті амал жоқ. Пушкин­нің орыс ұлтының, қала берді, адамзат баласы жасаған сөз ұстаханасының бағдаршамы болып келе жатқалы екі ғасырдан асты. Орыс тілінің қолданыс аясы кең, қорғауға аса бір мұқтаж емес екенін сіз бен біз жақсы білеміз, әрине. Десе де, орыс халқы өз тілінің тағдыры Пушкиндей ұлы данасын еске алумен, насихаттаумен көркейе түсерін терең түсінген. Сондықтан да 1997 жылы «А.С.Пуш­киннің 200 жылдығы және Ресейде Пушкин күнін атап өту» жөнінде Ресей Президентінің Жарлығы шығып, мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тіпті, бұған Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі де бетбұрыс жасап, дәл осы күнді халы­қ­ара­лық белеске көтерді. Пушкин күні, орыс тілі мерекесі кәріқұрлық Еуропаның біраз қалаларында да атап өтіледі. Ұйым­дас­тыру­шы­лар бұл күнді зеріктіретін жиналыс-жиындар­дан гөрі ел-жұртпен емен-жарқын араласа жүріп, ақын шығармаларындағы кейіпкер­лер­дің сауық-сайрандарымен жалғастырады. Сол күні Петербор көшесінде келе жатсаңыз, сізден Пушкин өлеңдерін жатқа сұрап жатса, таңқалмаңыз. Бал дейсіз бе, кітап көрмесі дейсіз бе, концерт тамашалайсыз ба – бұл күні барлығы Пушкин әруағы үшін, Пушкинді ес­ке алу үшін, ұлы ақын арқылы орыс тілінің бай­лығын барша жұртқа насихаттау үшін жасалады. Қысқасы, Ресей бұл күні қала-да­ла­сы болып Пушкинді пір тұтады… Осындайда Алматыға жол түскен қазақтың құбыласы Кең­сайда жатқан алаштың арда ұлдарына зиярат етіп, құран бағыштау емес, күйкі тір­шілік­тің қамы болып кеткенін еріксіз ойлайсыз. Сіз Сәкен мен Мағжанның, Ілиястың ізі қал­ған жерді бір көрсем-ау деп бет түзеген бір қазақты байқадыңыз ба? Көңіліңізге ауыр алып қалдыңыз ба? Әлде «Көпке топы­рақ шашуға болмас» деп көңіл жұбатар­мыз?
Пушкинді айтасыз-ау… Орыс жұрты оның туыс ағайыны болып келетін ХІХ ғасыр ба­сын­­дағы ірі ақындардың бірі Василий Пуш­кин 1824 жылдан тұрған үйді де ел келетін, ел көретін тарихи орынға айналдырды. Әри­не, тек атақ-абыройы әлемге танылған ұлы ақынның туысы болғаны үшін емес. Бұл үй­дің А.Пушкин өмірінде, оның шығармашылы­ғында мәңгілік із қалдырғаны үшін… Бұл үйде Карамзин, Чаадаев, Жуковский секілді талай орыс зиялыларының басы қосылып, ғажап туындылардың, тың идеялардың туғаны үшін…
Бұл күнде мәңгілік мекенінен орын алған ақындардың талай босағаны тоздырып, тір­шілігінде әрең қолы жеткен үйіне бір белгі тақтайшаны ілген соң, «ақынның нағыз өмірі енді басталды» деп, көңіл марқайтып, шү­кіршілік етеміз, әрине. Болмаса, өзге жұрт тек «зиялыларының басы қосылып, тың идея­лар­дың туғаны үшін» дәріптеп, ұрпақ тәр­бие­сінің қажетіне жаратып жатқан баспанаға алаштың талай арыстай азаматтарының қолы жетпей кеткенін де білеміз. Тіпті, бір кез­дері қазақтың қайсар ақыны Қасым Аманжоловқа «Бермесең бермей-ақ қой, баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» дегізген болатынбыз. Десе де, өмірдің ащы-тұщысын бір пендедей-ақ көрген Қасым ақын мойымастан:
Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ?
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап?
Дүние жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс алақұйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін?!
Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.
Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.
Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп.
Оқырсың сонда, мүмкін, бұл жырымды,
«Досың да, туысың да біздерміз», –
деп келер ұрпаққа үміт артып етті. Ақын арманы орындалды. Ел болдық, ту тіктік, еңсені көтердік. Ақынның ғасырлық мерейтойын алаш болып тамаша атап өттік. Бірақ ақын айтқан «жер сарайын жаңғыртып келген ұрпақтың» басы бұл күндері қандай бақыттан айналып жүр­генін білесіз бе? Ақын өсиетіне адалмыз ба? Өзі айтқандай «досың да, туы­сың да біздерміз» деп жырын оқи алдық па? «Әжімі көп кәрі жердің жүзінен» ақынның ізін іздеп жүрген бүгінгі ұлан бар ма екен? Тау­сылмайық дей­міз-ау. Бірақ көкейден кет­пей­тін, кептеліп қалатын қалың сауалдар осы…
Дарынды ақын Иосиф Бродский тірі кезін­де де туған күнін достарымен бірге атап өтіп, оны құтты бір шығармашылық кешін өткізгендей өлеңдерін оқуға арнаған. Дүние­ден өткен соң да өзі салған дәстүрді орыс зиялылары ұмытқан жоқ. Бродскийдің бағы – әдебиетті сүйер, оның қадіріне жетер ортасының қалыптасқаны. Ол орта тек туған күні жиналып, ресми кештер өткізумен шектелмейді. Ақын шығармашылығының насихатталуы, зерттелуі, басылуы туралы келелі әңгіме айтып, бір мәселенің күрмеуін шешіп кетеді. Әлі күнге оның туған күні әде­биет­тің, сөз өнерінің мерекесі ретінде филологтардың, суретшілердің, жазушылар мен ақындардың басқосуымен аталып өтіледі. Тірлігінде де, өлгенде де іздеушісі бар Бродскийді бақытты емес деуге қалай дәтің барады енді? Болмаса, біз қазір теңеуге сөз таппайтын Мұқағали ақын:
Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау шапан, Мынау атың, мін» демей.
Мынау жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенім бе әлде мен?
Халқым, Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен бәрібір өзіңменен бір болам,
Өзегіңнен тепсең-дағы ұлыңды, –
деп жырлағанда, оның жан дүниесі бір туған күннің өтпей қалғанына емес, қазақ қоғамын жайлап келе жатқан немқұрайлы­лық­қа, бойкүйездікке алаңдады емес пе?
Қазақтың біртуар ақыны Төлегеннің:
Біздің үйді сол күні бетке ал қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның, –
деп жырлаған, армандаған «бір тойы» да сөз қадірін түсінбес тобырға жайылған дас­тархан емес, шын талант пен дарынсыз көз­бояушылардың ақ-қарасын ажыратар әдебиетші қауымның арқа-жарқа отырып, поэзия патшалығының салтанат құруы болатын. Көпшілік жатқа білетін Мұқағали мен Төлегеннің осы өлеңдері бүкіл қазақ ақындарын «еске алдыру» үшін жазылған поэзия күнпарағы секілді көрінеді кейде… Еске алдыру демекші, өткен ғасырда өмір сүрген орыстың тағы бір талантты ұлы Владимир Высоцкий 1970 жылы толтырған сауал­намалардың бірінде «Мына өмірде неге қол жеткізуді армандайсыз?» деген сұраққа «кейінгілер еске алатындай іс тындыру үшін» деп жауап берген екен. Ақын өз арманына жетті. Қанша рухани құндылықтар ауысып, дүние астаң-кестең болып жатса да, орыс халқы үшін Высоцкийдің өлеңдерінің рухы асқақ. Бар дүниені статистикаға салып шамалайтын уақыттың өзінде өткен идеалдарды мансұқ етуге бейім бүгінгі орыстың өрімдей ұлы мен қызы өз кумирі ретінде бард ақынын тұңғыш ғарышқа көтерілген Юрий Гагаринмен қатар бағалапты. Бұл сіз бен бізді ойландыра ма? Сол статистиканы бізде сөйлетсек, «елге танымалдығы» жөнінен ақындарымыздың бәсі қаптаған жұлдыздар­дың тасасында қалып қоятынын іші құрғыр сезіп-ақ отырған болар.
Қасиетті Маңғыстаумен қоныс жатқан, діні мен ділі жақын түркмен жұрты ұлы ақыны Мақтымқұлының туған күнін ұлттың Қайта Өрлеу, Бірлік мерекесі ретінде тойлауды үрдіс қылған. Бұрын 18 мамырды ұлттың Қайта Өрлеу және Бірлік, ал 19 мамырды Мақтымқұлының туған күні ретінде жеке атап өтетін екі мерекенің басын Сапармұрат Ниязов ел басқарған тұста қосып кетті. Бұл да көрегендік болар. Сөз қадірін түсінер жұрт Мақтымқұлының шығармаларын түркмен халқының, қала берді, түркі әлемінің рухани қазынасына балайды. Ол өзінің өлмес өлеңдері арқылы күллі түркменнің еңсесін тік­теді, ғажап поэзиясымен өшпес із қалдыр­ды. Олай болса, тұтас бір халықтың қайта өр­­леуінің, мызғымас бірлігінің рухани шырақ­шысы, бағдаршамы болған шайырдың туған күні (нақты белгісіз болса да) ұлттық мереке ретінде тойлануы заңдылық. Бұл күн – түрк­меннің еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін қуанатын, өзінің Мақтымқұлы­дай шайыры бар ел екеніне шүкіршілік ете шаттанатын күн. Тәуелсіздік монументі мен Мақтымқұлының ескерткіштеріне гүл қоюдан бастау алатын барлық мерекелік іс-шаралар ұлттың әдеби жәдігерлерін жандандыруға, түркмен әдебиетіне арналады.
Дағыстанның аяулы перзенті Расул Ғамза­тов­тың туған күні де мемлекеттік мәр­те­беге ие болған мерекелердің бірі. Дәл осы күні дағыстан елі тілі мен ділі үшін басын бәй­­геге тіккен ақын ұлына тағзым етеді. «Белые журавли» деп аталатын ақын шығар­ма­шылығына арналған күндер дағыстан­дық­тардың рухани иммунитетін көтеруге бағыт­тал­ған. Ақын қабіріне туған-туыстары, оқыр­мандары ғана емес, ел тізгінін ұстаған атқамінерлер де барып дұға бағыштайды, гүл шоқтарын қояды. Бай-бағланы мен әкім-қарасы әдебиеттен алыстап бара жатқан қазақ үшін бұл да өнеге болар іс.
Ақпан айының екінші жұлдызы – татар тілі­нің бейресми тойланатын күні. Татар халқы­ның аяулы перзенті Мұса Жәлел дүние есігін ашқан күн – осы күн. Оның ескерткіші­нің басына жиналған жұрт 1944 жылы 25 тамызда неміс фашистерінің Плетензедегі түрмесінде «жәлелшілдерге» қатысты өлім жазасы орындалар шақта ақын айтқан «Менің Отаным» әнін бірге тұрып шырқайды. Мұса Жәлелмен бір камерада отырған бель­гиялық Андре Тиммеранс алып шыққан ақын­ның шағын ғана екі қойын дәптері Ұлттық мұражайдағы арнайы броньдалған сейфтен шығарылып, салтанатты түрде көпшіліктің көруіне ұсынылады. Біз үшін бұл да өнеге боларлық, үйренерлік дүние. Сейфтен емес, келушілерге әр күн есігін айқара ашып, алаштың ардақты ақын ұлдарының өмірі мен шығармашылығын түсіндіретін, тұтынған заттарын көрсететін мұражайға қашан бас сұқтыңыз?
Сталиндік зұлматтың құрбаны болған өзбек ақыны Осман Насырдың атын ардақ­тап, артына қалған аз да болса өшпес мұра­сын ел есінде қалдыру үшін көрші ағайындар табанынан таусылып жыл сайын Кемерге барады. Себебі, шейіт болған шайырының денесі осы топырақта жатыр. 1944 жылы ақталып шыққан бұйрығына жете алмай жарық дүниемен қоштасқан Осман Садырға өзбек жұрты сол жерден үлкен ескерткіш орнатты. Саяси құрбандар тұтқында болған лагерь алаңында қасқайып тұрған жалғыз ескерткіш сол боздақтыкі. Туған еліне жете алмаған арқалы ақынның мүсіні Тәуелсіз Өзбекстанына қарай бет түзеп тұр. Талай алаш арыстарының да арманын үзіп адыра қалдырған Кемер топырағында өзбек ұландары Осман шайырдың өлеңдерін оқып жатқанда бейқам жүрген бүгінгі ұрпақтың Жұмекен, Төлеген, Кеңшіліктер Алматы дейтін шаһардың қай жерінде тұрып, қай жолымен жүрді екен деп ойланарына сенесіз бе? Сенбейсіз ғой…
Хакім Абайдың туған күні де өтті…

Самал Дәрібайұлы,
әдебиетші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір