Сырдың Қараторғайы
27.02.2019
1534
0

Бексұлтан Нұржеке-ұлы
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақта аса әйгілі екі «Қараторғай» әні бар. Біріншісі – Арқаның «Қараторғайы», оның ійесі – әйгілі Ақан сері. Екіншісі – Сырдың «Қараторғайы», оның ійесі – өнер зерттеушілері көңіл бөлмей келе жатқан, бірақ Арқаның «Қараторғайынан» қалыспайтындай ән шығарған Сыр бойының қыз серісі Шолпан Жанболатқызы. Ел арасындағы әндер мен әншілерді, ауыз әдебиетінің белгісіз үлгілерін іздеп тауып әрі зерттеп отырған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер иниституты бар мемлекетте Шолпандай дара тұлғаның тым құрыса ауызға да алынбай келе жатуын өз басым түсінбеймін, неге олай болып келе жатқан себебін де жорамалдауға зінім жетпейді. Ақанның «Қараторғайы», зерттеушілердің айтуынша, өзінің саят жасап жүрген құсына арналған, ал Шолпанның «Қараторғайы» адамға арналған. Анықтап айтқанда, Қараторғай деген – Шолпанның өз аты. Солай екеніне 1920 жылы осы әнді Тәшкен қазақтарынан жазып алған Александр Затаевичтің түсініктемесі куә. Жалпы, Шолпан жайында алғаш жазба мәлімет қалдырған да сол. Оның «1000 песен казахского народа» деген кітәбі 1925 жылы Мәскеуде жарық көрді. Одан бері 94 жыл өтті, дөңгелектеп айтқанда, бір ғасыр. Содан бері Шолпан жайындағы біліміміз әлі сол қалпында. Бәлкім, ол кезден де төмен.

А.Затаевичтің аталмыш кітәбі екінші рет 1963 жылы жарық көрді. Одан бері де жарты ғасырдан асты. Оның «Қаратор­ғайын» қазақ радиосы Үкілі Ыбырайдың әні деп жариалағанын үш-төрт мәрте естідім. Естідім де, зығырданым қайнады. Жазылмаса, айтылмаса екен-ау, өнер зерт­теу­шілері өріп жүрген елде мұндай ағат­тық­тың орын алуы маған қылмыспен барабар көрінеді.
Қазақ әндерін жинауды А.Затаевич Шолпанның «Қараторғайынан» бастаған. Ол әнге жазған түсініктемесінде былай дейді:
«Как мне передавали, в Ташкенте в настоящее время проживает казахская певица и слогательница песен, прозванная как за свою голосистость, так и за малый рост и смуглость «Караторгаем». Она буд­то-бы провела бурную молодость, была необыкновенно красива и слогала вели­ко­леп­­ные мелодии, которые распрост­ра­нив­щись в народе, сохранили ее прозвище. Возможно, по этому предположить, что вообще первоисточник приводимых мною красивых мелодии данного названия сле­дует искать в песеннем творчестве этой выдающейся казахской певицы, которая несмотря на свои поблекщие уже данные, как меня уверяли приехавшие из Ташкента казахи, еще недавно выступала там на кон­цертах» (А.Затаевич. «1000 песен казахского народа», 2-басылым, 1970. 470-бет).
«Айрықша сұлу болған және ғажап әуен құрастырған» әйелге Затаевич сырттай өте жоғары баға берген. Мен оның «выдаю­щаяся казахская певица» дегенін жай біз айтып жүргендей «көрнекті» дей салуға келіс­пеймін. Меніңше, оның шын мағына­сына «әйгілі», «озық» немесе «үздік әнші» деп аударған дұрыс келеді деп ойлаймын. Алайда Затаевич мұнда әйелдің әншілігіне баға беріп отырған жоқ, өйткені ол оны тыңдаған жоқ, ол оның сазгерлігіне, ән шығарған шеберлігіне тәнті болып отыр. Бәлкім, қазақ әндеріне деген алғаш құш­тар­лығын оятқан ән осы «Қараторғай» шығар, кім біледі?
Бұл әнді шығарған әйелді ел-жұрт Қа­раторғай атап кеткенін, сол себепті әннің де «Қараторғай» аталғанын жазып кеткен­мен, Затаевич ол әйелдің шын атын айт­пайды. Сірә, осы да жетер деп шамалаған тәрізді. Алайда «Қараторғай» әнін Үкілі Ыбырайдың шығармағанын осы мәліметі де жеткілікті дәлелдейді. «Майраның әні», «Ғазиздің әні», «Шаманың әні», «Қанапыя­ның әні» деп жүргеніміздей, бұл әнді, тым болмаса, «Қараторғайдың әні» деп айтып жүруімізге Затаевичтің осы жазбасы да жарап жатыр еді, бірақ өкінішке қарай, олай болмады.

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір