ЕКІ ЖАҚСЫ
Қазақ теледидарының беласар 60-қа толған тойында Қазақ теледидарының теңдессіз тұлғасы Совет Масғұтұлының «Тұмар» сыйлығын алғанына төбем көкке жеткендей қуандым. Сол ұстазым жөнінде осы тойдың алдында ұлтымыздың рухани үні «Қазақ әдебиетіне» «Осы бір көше, осы үй…» деген естеме жазып едім. Енді, міне, Совет марқұмның телдидардағы дарабоз тұлғасын тағы да толымдай түсу үшін Сәкеңнің сүйген жары, «Жазушы» баспасында ширек ғасыр білікті редактор болған «Еңбек ардагері» медалінің иегері, «ҚР баспа ісінің үздігі» Шолпан Сұңғатқызы Тоқсанбай туралы толғамымды тағы да сол сырласым да мұңдасым «Қазақ әдебиетіне» ұсынып отырмын.
Менің басым – Алматының вокзалы, ал ойым – ояу кезімде соған күндіз-түні бір тынбай кіріп-шығып жататын қаптаған қалың жолаушы сияқты. Солардың арасынан кейбір көзтанысыңды көргенде көкірегің жылып сала береді. Міне, тап қазір көз алдыма өзім ерек сыйлайтын, ақсары жүзін әжім торлаған егде жастағы әйел бейнесі келіп отыр:
– Қазақтың «екі жақсы қосылмайды» дегені бекер сөз екен, өздеріңдей екі жақсы қосылады екен ғой өмірде, – депті өткен ғасырдың сонау 73-жылы өзінің қой аузынан шөп алмайтын көк көз, шайқор шалы, жас кезінде «Ақ палуан» атанған Қапаш қариясымен Жезқазғандағы қызына барып, енді Тарбағатайына қайтып бара жатқанда жолай Алматыдағы біздің үйге қонған, жасында қос атпен алдырып, айтысқа түсірген ақын Күлдариға шешей менің кемпірім Қуанышқа. Бұл кісі – Кеңес заманы келіп, қазақтың кіл жақсыларын кеңірдектен алғанша күншығыстағы Ер Дәулетбай елінде 18 жасында би болған атақты Қайырбайдың келіні, менің айнымас досым, марқұм Әнуарханның анасы еді. Мұны маған Қуаныш сол күні кешке қарияларды пойызға отырғызып, үйге қайтып келе жатқанда айтқан. Аузы дуалы әулие анамыздың әлгі сөзін естігенде көз алдыма бұдан бірер күн бұрын Советтің үйіне барғанда альбомнан көрген, бірі жігіт, бірі қыз, бірінен бірі өткен қос сұлудың фотосуреті келген. Екеуі де жауқазындай жап-жас, жауын жуған қарақаттай мөп-мөлдір, көркіне көз тоярдай сұлу… «Жоқ, нағыз екі жақсы» деген мына Сәкең мен Шөкең ғой» дегенмін сонда өзіме-өзім.
Онда да бәрі аяқ астынын болған. Мен Радиода жұмыстан соң үнтаспаларымды тазалап жатқам, Сәкең телефон соғып, әй-шәй жоқ: «Осы сен Зайсаннан емессің бе?» – деді. Онда Кеңес өкіметінің «кімсің?» десең, рушылдыққа, «қайдансың?» десең, жершілдікке жатқызған, жұрттың жеті атасын ұмыттырып бара жатқан кезі еді ғой. Бірақ, сонда да «тонның ішкі бауындай» қазақтығымызды қайдан қояйық:
– Иә, Тарбағатайданмын, Зайсан екеуі бірге аталады ғой, – дедім.
– Онда маған балдыз болдың, біздің үйдегі Шолпан Зайсанда туған. Жұмысың бітсе шыға бер, қазір Сапекең (майдангер Сапарғали Шәріпов ол кезде теледидардың бас режиссері. – Қ.И.) бізді «Волгасымен» үйге апарып салады, – деді.
Сөйтіп, Алматының әдемі
«Горький» паркінің түбіндегі осы Бұзырбаев көшесіндегі Сәкеңнің табалдырығын алғаш аттағам. Сәкеңнің бізді таныстырғаны да қызық:
– Шолпан-ау, – деген ол есіктен кіре сөйлеп, алдымызда тұрған, Сәкеңнің өзі сияқты сұңғақ бойлы, ақ маңдайы жарқыраған ажарлы келіншекке қарап, – менің балдыздарыммен ойнамайтынымды білесің ғой, жақсы көретін Раушан сіңліңнің өзін «Тойтан» деп қана еркелетем. Ал, мынаның тілінің қышыма қотыры бар екен, қасынып тұрмаса, асқынып кететін көрінеді, соған мен де сеп болайын деп, саған іні, маған балдыз тауып әкелдім, өзі Тарбағатайдан, аты – Құсыман, радиодан естіп жүрсің ғой, – деген.
…
Құсыман Игісін,
ШҚО, Тарбағатай
ауданының
Құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет қайраткері
(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)