Ұлттық мәдениетіміз асқан асулар
27.02.2019
680
0

Қазақтың таңғажайып әні әлемдік сахнаны дүр сілкіндіруде. Қазақ операсының жауһарлары сан мыңдаған көрерменге таңдай қақтырып, көптеген шет елдерді аралап қайтуда. Қазақ киносының тынысы ашылып, көкжиегі кеңейіп, әлемдік өркениетке батыл бет алуда. Ғасырлар бойы тоналып келген қасиетті қабірлеріміз бен қорғандарымыз заң жүзінде нақты қорғауға алынуда. Жердің жәннатындай алуан сұлулыққа толы қазақ жеріне қызығушылық артып, шетел туристері елімізге жүздеп-мыңдап ағылуда. Сайыпқыран спортшыларымыз топ-тобымен әлемдік ареналарда қазақтың көк байрағын желбіретіп, жасындай жарқырап көрінуде. Қай заманда қазақтың мәдениеті мен өнері алыс шетелдерде дәл осындай қызығушылық пен сұранысқа ие болып еді?
Мінеки, ағайын, тәу етер Тәуелсіздігіміздің тәтті жемісін біз енді ғана тата бастағандаймыз. Оған ағымдағы ақпанның 19-ында өткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде бәріміздің көзіміз жеткендей болды.

Қасиетті Қазақстан

2017 жылдан бастап министрлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елдің тарихи-мәдени мұрасын бір жүйеге келтіруді көздейтін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты аса ауқымды жобаны нәтижелі іске асырған. Осы мақсатта Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылыпты. Орталыққа ғылыми қауымдастықтың үздік ғалымдары, дарынды мамандар шақырылып, олар қазір кәсіби тұрғыда біршама игілікті шаруаларға бел шеше кірісіп кетіпті.
Мемлекет басшысының Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімін қалың бұқара зор қуанышпен қабылдағаны белгілі. Осы шешімнің аясында 2018 жылғы қыркүйекте «Әзірет Сұлтан» музей-қорығын ЮНЕСКО-ның бірегей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітіліпті. «Жоба ежелгі римдік Помпей қаласының музейі, Осман империясының «Топкапы» сарайы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің тәжірибе­сіне сүйене отырып әзірленді… 2023 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 миллион­нан аса адамды құрайтын болады, олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаяды», – деді министр.
Тарихи-мәдени мұраларымызды қорғау ғана емес, оларды сақтауды да міндеттейтін «Тарихи-мәдени мұралар туралы» заң жобасы дайында­лып, ол Парламент Мәжілісінде алғашқы оқы­лым­нан өтіпті. Бұл заң келешекте осы саланың мамандары үшін, жалпы елжанды азаматтар үшін шын мәнінде зор жеңіс болмақ. Өйткені, сонау Петр патшаның көрқазушы жендеттерінен бас­тап, күні бүгінге дейінгі алтын іздеуші қарақ­шылар сақтың қорғандарын тонаумен келеді. Мінеки, аталмыш заң келешекте археологиялық және реставрациялық жұмыстарды көлденең көк аттының қанжығасына байлап бермей, оларды қатаң лицензиялауды қарастыратын болады. Оған қосымша, іздеу мен қалпына келтіру жұмыстарына жоспарлау механизмдерін енгізу, аталмыш обьектілерге міндетті түрде тарихи-мәдени сараптама жүргізу ісі де осы заңда көрініс таппақ.

Әлібек Асқаров,
жазушы, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір