Ақшаның кепиеті
24.10.2015
2064
0
(Әңгіме)
937766_1353106183_24f3b4b3068accc21e821ae003c67992Сәуле ДОСЖАНОВА
Жалғыз ұл жер бауырлап жылап жатыр.
Зор дауысынан қабырға дірілдеді…
Оның айтқан сөздері жанындағы кейуананың сай-сүйегін сырқыратып, жылаған даусы жан-жүйесін босатты. Ақ бурыл шашы орамал астынан дудаланып шығып, иығы шодырайып, қу сүйегі қалған Ана отырған орнынан сүйретіле тұрып, баласының жанына келді. Арбиған саусақты арық қолымен ұлының ақ бура басын алдына алып құшақтап, маңдайынан желкесіне қарай сыйпады. Арыстандай ақырып, өгіздей өкіріп жатқан еркек жуасыған­дай, анасының шодырайған тізесіне басын қойып, манағы сөздерін енді ақырын дауыспен қайталай бастады.
– Апа, сенің айтқаның келді. Бізді ақшаның кепиеті ұрды! Қайда барсам да жолым кесіліп, бір жаманшылық өкшелеп қуады да жүреді. Мен Зайнапты өлтірем, сол бізге осы сұмдықты ша­қыр­ған! Өлтірем! – деп ұмтылған ба­ласын енді Ана бауырына тартып, құшағына қысты. Оның тарам-тарам болып бетін жуған жасы баласының шашына сіңіп жатты.
– Қой, балам! Өзі ақымақ әйеліңді өлтіргенмен іс бітпейді. Оның қанын мойыныңа жүктеп қайтесің. Балаларың­ның обалына қаласың.
– Сол балаларым үшін өлтірем, кесір қатынды! Ол балаларымның болашағын құртты, Апа. Енді олар кедейшілік пен жоқшылықта өтетін болды. Қызымның қайда жоғалып кеткенін кім біледі?
– Қой, балам! Әкеңнен құрсақта қалып сен де жетілдің, қатарынан қал­май азамат болдың. Олар да өз күндерін көреді. Маңдайына кедейлік жазылса, оны көреді, ақылдары болса, жол тауып жарыққа шығады.
– Менің жолымның болғыш­ты­ғына ата-әжем мен сенің ақ тілеуің себеп, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет жасап, ең­бекті қадірлегеніңнен мен осы күнге жеттім, Апа. Ана ақы­мақ қатын не ең­бектің, не адамның қадірін білмейді. Келген бақты қуып шығады. Қайтіп ме­нің бала­ларымның жолы болады, – деп қу сүйек анасын құшақтаған алпамсадай еркек басын көтере бе­ріп, босаға түбінде сүйе­ніп тұрған әйелін көре жын көр­гендей көтеріліп, «Өлтірем!», – деп тап бер­ді.
Жалмауызға да жан керек, бір әулет­тің бе­ре­кесін кетіріп, бағын қуып, дәулетін қа­шырған Зайнапхан бір кез­де келін боп түскен шаңыр­а­ғынан аяқ-аяғына тимей қашып бара жатты.

* * *
Рашиттің әкесі – Эмиржан егіс басында аударылған трактордың астында қалып мерт болды.
Анасы – Мервангүл қайғы жұтып, қан құсып жүріп баласын шала туды.
Ата-әжесі жалғыз ұлынан қалған, шала туған нәрестені тұмаққа салып өсіріп, бауырларына басты. Арыстай азаматынан айырылса да, артында қалған бөбегінің тілеуін тілеп, сабыр тұт­­ты. Жиырмадан енді асқан келінде­ріне үш жылдан соң ақ баталарын беріп, әйелі қайтыс болған азаматқа ұзатты. Енді қайтсін! Мервангүл адал сүт емген, ақ пейіл бала ғой, екі мұңлықты аяп, жал­ғыз тұяқты бауырларында қалдырды. «Құдай салды, біз көндік» деген екі қарт Рашитті көздері жұмылғанша қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Мектеп бітірген соң өзі алғыр ба­ла бірден беделді оқу орнына түсіп кетті. Мервангүл ұлы оқуын аяқтағанша ата-енесін өз отбасымен қабатында алып, бақты. Дәмі таусылғанда атасын арулап, о дүниеге аттандырды. Енесін өз анасындай ардақтады. Екінші күйеуі­нен туған балалары да кемпірдің бауырынан шықпайтын. Осындай мейрімді де, қайырымды әйелге жерлестері құр­мет­­пен қарап, қыз-келініне үлгі етіп оты­ратын. Әйелдің басты бір арманы орындалып, Эмиржанның жалғыз тұяғы келіншек алып, қарашаңырағына ие болды!
Сырттан қараған адамға бәрі ойда­ғы­дай, бәрі армандағандай. Қандай қиындық болса да талшыбықтай Мер­ван­гүл қайыспай көтеріп, ата-енесі, күйеуі, балаларының ойлағандары орын­далып, мақсаттарына жетіп жат­қан­дай. Еңбекқор шаңырақтағылар таң­ның атысына кім егінге, кім сабаққа, кім қызметке құмырсқаша жыбырлап кетіп барады. Күннің батысына бәрі ағаш дарбазаның есігін сықырлатып ке­зек-кезегімен қайтадан құмырсқаша отбасыларына оралады. Кешкі ас үс­тін­де әркім күні бойғы тындырғанын жариялап, тапқан табысын отанасы – Мер­вангүлдің алақанына салып, ертеңгі күннің жоспарын құратын. Осындай шат та шадыман шаңырақ шынашақтай ғана Зайнапхан деген келін түскеннен былай шайқала бастағанын қайтерсің.
Әулет «Дада» деп құрмет тұтқан Зайыржанның өгей әкелігі бетіне басылды. Қырық құрау болса да Мерван­гүл­дің үлкен жүрегіне сыйып, айрандай ұйып отырғандардың бір-біріне қан жағынан туыстығы жоқтықтары әшкере болды. Енді ғана қызметке тұрып, ел аузына ілініп келе жатқан Рашиттің табысы тиынына дейін саналып, оның көп ауызында кетіп жатқаны айқындалды. Ақыр соңында ұлын құшақтап, ұйғырша айтқанда, «жамандап» жас келін төркіні­не тартып отырды. Артынан барған күйеуі­не жеке үйге бөлініп шықпаса – ажырасатынын мәлімдеді. Анасының да көңілін қимай, жарының да көңілін қимай басы былғаңдап жүрген жігітті енесі үйге кіргізбей қойды. Жалғыздан қалған қу жалғызының жасып жүргенін көргеннен Хелча момайдың қаны көтері­ліп, аяғы әкеліп ажал құштырды. Ақы­рын­да шынашақтай келін жеңіп, Зайыржан мен Мервангүл бар жи­ған-тер­генімен Жаркенттен Рашитке үй сатып алып берді.
Зайнапханның арманы орындалып, отау боп шықты…
Рашит аудандық сауда басқарма­сында бас маман болып қызметін ат­қарып жүрді. Аудан көлеміндегі асханалар, азық-түлік дүкендері мен сау­­да-саттық орындарының бәріне кезекпен барып, кіріс-шығыстарын тек­серіп, іс қағаздарын қопарыстырып қай­тады. Жалғыз жүрмейді басқар­ма­ның орынбасарымен, не бөлім бастық­тары­мен бірге іс сапарға шығады. Олар келе жатыр дегенді естігеннен мекеме басшылары мен қызметкерлерінен ес кетеді. Ішпей, жемей қанша қатып қалған есепші болса да тексерушілер бір ши шығарады. Тексерістің соңы – ревизорларды риза етіп, көліктерімен жеткізіп салуға ұласады ғой. Үйлеріне алып келгенде қаппен күріш, қант, қым­бат ішімдіктер дегендей сәлем-сауқа­тымен қосып үйіне кіргізіп, қоштасады. Айлығы – майлығына, майлығы – шай­лы­ғына ұласып Рашиттің отбасы қоң­дана бастады. Зайнапхан өз билігі өзіне тиген ханшайымға, бір ұл, бір қыз­дың анасына айналды. Ішкені алдында, ішпегені артында. Өзінен артылғанын төркініне тасиды.
Зайнапхан үшін осы алқып-шалқып, шашып-төгіп жүргені бақыт!
Рашит табысын үйге алып келеді, одан ары ол қайда кетіп жатыр, өзінің бауырлары мен анасына бірдеңе тиіп жа­тыр ма, жоқ па – жұмысы жоқ. Таңе­р­тең асығып қызметіне кетеді, кешке қарай балаларын сағынып асығып үйіне келеді.
Рашит үшін осы тынымы жоқ, табысы көп еңбегі бақыт!
Мервангүл де келіні мен баласының өсіп-өніп отырғанына риза. Жасында сүйіп қосылған Эмиржанның жалғыз тұяғының абыройы өсіп, түтінінің жалға­сып отырғанына шүкіршілік етеді. Өзінің бауырындағы жамандары да адам болып келеді. Зайыржанның қара кетпені мен Айдарлының ақ топырағы аман болса бау-бақшасы жылда жайқалып, табысы шаш-етектен болары сөзсіз. Күйеуі еңбегін еміп, маңдай теріне сенген азамат. Күн ұясына отыра кетпенін көл­денеңдей тақымына басып, көк есегіне мініп, қырдан құлдилап келе жатқанынан таниды. Тамның төбесінен түсе сала құмыраға құйған сусынын қолтығына қысып, құстай ұшып алдынан шығады. Жақындағаннан күйеуінің «Анархан женим татлық, яр-ай!» деп әндетіп келе жатқанын естиді. Екеуі мәз, бір-біріне күлім қағады. Сусынын қос қолымен кө­тере сіміріп алған еркек басына байлаған шаршыны шешіп алып, терін сүртеді. Келіншек көк есектің шылбырын қолына алып жетелеп үйге баратын жолға түседі. Ерлі-зайыпты екеуі ту­ған жердің жусаны бұрқыраған хош иісті ауасын рахаттана жұтып үйлеріне келе жатады.
Мервангүл мен Зайыржан үшін осы жүрістері бақыт!
Жазиралы Жаркент өңірі туралы әң­гіме қозғалса, алдымен кең-байтақ қа­зақ жерінің алып та көне Қытай мемлекетімен шектескен шекаралы аймағы көзге елестейді. Қорғас өзені арқылы көне көршімізбен иық тіресіп, елдің бас қақпасы “Қорғас” кеденімен тұғырланып жатқан ауданда әркім өз бақытымен сусындап жүрген сексенінші жылдардың соңында елде экономикалық тоқырау етек алды. Дүкен сөрелері бос қалды. Отбасындағы адам санына орай картішкімен азық-түлік берілетін кездер басталды. Грамдап құмшекер, литрлеп май үшін кезекте тұрғандарды көргенде жаның құлазиды.
Жұрттың көбі және жұмыссыз қала бастады. Сарсаңға түскен жұрт саудаға бас қойды. Қытаймен шекаралас Жар­кенттің тұғылықты халыққа пайдасы осы кезде тиді. Делдалдар екі араны жол­ға айналдырып, ала қаптарын арқа­лап, арғы жақтың сапалы-сапасыз
тауарларын бері қарай таси бастады. Сатылатын затқа өтуіне қарай өз қалау­ла­рынша баға қойды. Келе-келе қаптап тасығаннан көліктеп тасуға көшті. Қаншалықты өткізсе, соншалықты пайдасы да көбейеді. Рашит Зайнапхан екеуі де ел қатарлы екі жақтап саудаға кірісіп кетті. Делдалдармен байланыс орнатып, Алматыға қарай да тауар арттырып жүрді. Жаркенттің ортасынан арт-артынан жалға алып дүкен ашып, үйлеріне ақша судай ақты.
Шешесі алып берген үйді сатып, ор­та­лықтан әулі-жайы кең қос қабатты үйге қолдары жетті. Үйге де, дүкенге де қызметшілер жалдап, құлиеленуші болып шыға келді.
Рашиттың дүкенінің сатушылары мен алыпсатарлары Зайнапханға тиынына дейін санап есеп беріп тұратын. Ақша ауысқанда бір сомдық сар құлақ­тар ауыстыруға үлгермей қалды, жиыс­тыра келгенде желім қалтамен бірінді болды. Енді оның құны жоғына жыны ұстаған әйел сол қалтасымен сырттағы дәретханаға апарып қойды. Оны бірінші көрген аула сыпырушы әйел сарықұ­лақ­тарды қолына ұстап тұрып қайран қалды. Дәретханаға байқамай қалтамен шығарып жіберді ме екен? деп ойлап, қожайкесіне жүгіріп келді, қалтаны құшақтап.
– Қожайке, мына ақша салған қал­та­ны біреу дәретханада ұмытып кетіпті, – деп.
Күңінің қолындағы таныс ала қалта­ны көрген келіншек, жұлынып, аяғының басына түскен жібек халатына сүрініп-қабынып жанына жетіп келді де:
– Немене, жаңалық ашқандай болып тұрсың, ақша ауысып, бір сомның арт сүртетін қағазға да жарамай қалға­нын естімедің бе? Апар қайтадан, ең болмаса дәретхана қажетіне жарасын! – деп қолынан жұлып алып дәретхана жаққа қарай лақтырып жіберді.
Бейшара аула сыпырушы не десін, тоңқаңдап жүріп шашылған сары құлақ­тарды қайта жинап, қалтаға салып дә­ретханаға алып бара жатты. Маңдай термен суарылған сомның құны кеткенде кепиетінен қорықпай, дәретханаға тастаған кесір қатын түк болмағандай баспалдақта керіліп көшеге қарады.
Дәретханаға қойғанымен ешкімнің оны пайдалануға қолы бармай, сол қалпында аузы ашық қалтадан көзді тартып қайран ақша бұрышта тұрды.
Рашит Алматыдағы саудасының есебін алып қайтарда жолай Айдарлыға соғып, анасын ала келді. Баласының үйі тура қаладағыдай дәретханасы, жуы­натын-шайынатын орындары ішінде болғанымен, қартаң әйел өзі үйренген сырттағы дәретханаға шығатын. Бұ­рышта тұрған ала қалтаны, оның ашық аузынан қылтиып қарап тұрған сар құлақ бір сомдықтарды көрген әйел алғашында өз көзіне өзі сенбеді. Суретін салған қағаз ба деп ойлады. Қолына алып, сытырлатып ұстап көрді. О, тоба, АҚША! Кәдімгі, бір кезде біреулер зар болған, біреулердің маңдай терінің өтеміне төленген ақша! Біреулер осы үшін соғысып, қан төгіліп, адам өлген қасиетті ақша! Оны кім дәретхана­ға қойып қойған. Дорбаның ішіне қолын салып ары-бері қопарылыстырып көрді. Бәрі сарықұлақ, сытырлаған бір сомдық. Иіскеп көрді. Адамдардың тер исі сіңген кәдімгі ақша! Мына сұмдықтан шошыған ана «Біссімілла!» деп дорбаның аузын жинақтап қолтығына қысып, сыртқа шығып жан-жағына қарады.
Ана жерде аула сыпырушы әйел гүлдерді суарып тұр еді.
– Әй, қатын! – деп қолын бұлғап шақырды. Ол шашыратып тұрған суын тоқтата сала жанына жүгіріп келді.
– Амансың ба?
– Жақсымысыз, апа?!
– Сен осы үйдің қызметшісісің бе?
– Иә…
– Мына дәретханаға да сен қарайсың ба?
– Иә…
– Мына ақшаны біреу дәретханаға қалдырып кеткен бе?
– Мен де сондай ойлап, қожайкеге алып барып едім, ол қазір құны жоқ деп қайта апарғызып қойды ғой, – деп бейшара жер шұқып тұр көзімен.
Ашу буған Мервангүл қалтаны қол­тық­­таған күйі балалары демалып отыр­ған қонақ бөлмеге бірақ кірді.
Ұлы – жол бойғы сүркілден диванда шалқасынан жан шақырып жатыр.
Келіні – дударбас біреуге аяғының тырнағына сыр жақтырып отыр.
Немерелері – келесі бөлмеде телевизор көріп жатқандай.
Есіктен алқына кірген ана есік тү­бін­де осы көріністерге қарап тұрды. Оны ешкім байқайтын емес. Өзінше алқып-шалқып жатқан бір өмір.
Есіктен бір қадам аттады да, айқай салды:
– Әй, Зайнап, сен бе мына сұмдықты істеген?! – деп шаңқылдаған әйел даусынан шошып кеткен бояушы қыз сырын төгіп алды еденге. Көзін жұмып демалып жатқан еркек басын жас­тық­тан жұлып алып есікке қарады. Бұл күнде толыса бастаған Зайнаптың өзі отырған жерінен атып тұрды. Арғы бөлмеден немере қыз жүгіріп келіп не болды дегендей есіктен еліктей елеңдеп қарап қалды.
– Мынау не?! – деп ала дорбаны бөлменің ортасына лақтырып жіберді. Еденде сарқұлақтар ақтарылып жатты. Таныс ала дорба мен таныс сарқұлақ бір сомдықтар тағы алдынан шыққанға келіншектің жыны келіп:
– Не бопты? – деп енесінің бетінен ала қарсы шаңқ етті.
– Найсап! Саған әке-шешең ақша­ның еңбекпен келетінін үйретпеді ме? Өзің де соның бағасын білетіндей бол­дың ғой. Ақшаның кепиеті – астың кепиетімен бірдей! Кесірлік көрсеткен­дерді оның кепиеті ұрып, аштықта бұ­ралып жатқандарын көргенбіз. Ақшаны, асты қорлағанның неше түрін көріп, естіп едік, дәл мынандай сұмдықты тұң­ғыш рет көруім. Шыққыр көзім не көрді, ойбай! Ақыры жақсы болса болар еді, ойбай! – деп ана орамалын басынан жұлып алып бетінен аққан тарам-тарам жасын сүртіп, еденге жалп етіп отыра кетті.
Әйелдердің ащы даусынан жаны шошыған Рашит денесін көтеріп, аяғын салбыратып диванда отыр, екі көзі ортада жатқан ала қаптан шашылған ақшаларда. Түк түсінсе бұйырмасын! Анасы енді ұлына қаратып:
– Әй, көксоққан! Сен қайда қарап жүрсің, маңдай теріңді кесір қатынға дәретханаға тастатқызып. Көр де тұр, осының түбі жақсы болмайды! Сендерді ақшаның кепиеті ұрады! – деп ала көзімен ата қарады.
– Апа, не болды? Бұл неғылған ақ­ша? – дейді ұлы.
– Ана, кесапатыңнан сұра!
– Ой, апа, не бопты сонша?! Енді бұл ақшаларды ешкім алмайды, бекер қал­ған соң дәретханаға апарып қойғанмын. Ендеше, өртеп жіберіңіз! – деп енесіне қарап бажырайды келіні.
Сонда барып бірдеңенің мәнісін ұққандай болған Рашит орнынан тұрып, ортада ақтарылып жатқан бір сомдық­тарды сытырлатып уыстап ұстады.
– Немене, сен мыналарды дәретха­наға қойғанбысың?! – деп әйеліне тап берді. Толық адам қайдан қашып үлгер­сін, күйеуі шашынан шап берді. Басын өзіне қаратып алып, бетіне былш түкіріп, есікке қарай итеріп жіберді. Әйелі өзіне қарап бажылдап бірдеңе деп еді, май құйрығынан бірақ тепті де, далаға атып шықты.
Ананың айтқаны келді ме, ақшаның кепиеті ұрды ма, содан көп ұзамай-ақ Рашиттің тіршілігі шатқаяқтады…
Жалға алып ашқан дүкендерінің иелері уәделерінен айнып, олардан қымбат төлейтіндерге бет бұрып кетті. Алматыдағы тауар алатындары бұлардан гөрі арзан өткізетіндермен байланыса бастады. Нарық пен бәсекеге шыдамай басындағы хан сарайды сатып, шағындау үйге көшті. Ұлы құмар ойынына әуес болып, жаман топқа еніп кетті. Соны ортасынан бөлу үшін Алматыға көшті. Үлкен қалада қайдан дайын тұрған жұмыс болсын. Пәтер жалдап, базарға шығып сауда жасап көріп еді, Зайнапхан қатарлас тұрған әйелдермен ұр­сы­сып қоймады. Көп ұзамай саудагерлер жабылып Зайнапханды тауарымызды ұрлады деп жала жауып, орталарынан айдап полицияға ұстатты. Қо­лын­­да қал­ған тиын-тебенін ісін қара­ған полицияға беріп, әрең құтылды.
Сандалып жүріп екеуі қала ортасын­дағы бір кафеге жұмысқа тұрды. Иесі жап-жас қыз екен. Өз үйінде тамақ жасамайтын Зайнапхан аспаздың көмек­шісі болып, Рашит жас қыздың көлігін жүргізуші болды. Екеуіне тұратын бөлме де берді. Базарда басына тиді ме, мұнда әйелі ешкіммен ұрсыспай тыныш жүрді. Шешесіне тартып дүниеқоңыздау болып өскен қызы әуелі оқудан шығып, күн­дер­дің күнінде жоғалып тынды. Рашиттың бармаған жері, баспаған тауы қалмаса да қызды көрдім деген пенде кез­дес­педі.
Зайнапханның зар жылағанда етегі жасқа толады. Бірде кафенің иесі болып жүр­ген жас қызға жылап отырып басынан өткендерін айтып береді. Енесінің ақ­шаның кепиеті ұрады дегенін де жасырмады. Қолыңда барды бағаламасаң, тақыр кедей болып қалуың оңай екен дейді, ақыл айтқандай. Бір кезде күң ұс­тап жүрген келіншектің енді өзі күңге айналып, қызының ұшты-күйлі жоғалып кеткенін аяған қыз оларға жақсы қарап жүрді. Зайнапханды бас аспаздыққа дейін көтерді.
Бір сырласып отырғанда жас қыз Ас­танада қызмет істеп, балаларына осындай жағдай жасап беріп отырған өз анасына аспазының сырын айтады. Ондағы ойы – осы барымызды қанағат етіп, еңбектің бағасын біліп келеміз дегенді ұқтырғысы келіп еді. Анасы қызының әңгімесін тыңдап болып:
– Балам, ол әйелді ертеңнен қалдыр­май жұмыстан шығарып жібер. Әйтпесе кесірі бізге де тиеді, – деді.
– Неге, апа?! Зайнап тәте бұл күнде сол істегендеріне өкінеді, түзеліп келеді, – деп араша түсті.
– Жоқ, балам, оны Құдай ғана түзей­ді! Менің әкем де ақшаның кепиеті болады, ол маңдай термен өлшенеді деп отыратын. Қолыңа тиген ақшаны құрмет­теп, дүкенде қайтарғанда тиынын санап ал, жерде жатқан бір тиынды да көтер деп үйреткен. Сондай қасиетті нәрсені дәретханаға қойды дегенді осынша кітап оқып, осынша адамдардан әңгі­мелер тыңдап жүріп, естімеппін. Оларды ақшаның қарғысы атқан шығар шынында, аулақ жүр, шырағым! – деп шошып кетті.
Әке-шешесінің айтқанын екі етпей өскен бала ертесіне-ақ Рашит пен Зайнапханмен есеп айырысты. Соңғы бір-екі жылда осы кафеге келіп естерін жинап қалған ерлі-зайыпты тағы далада қалып, қайтадан жұмыс іздеп жолға шықты…
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір