ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНА МҮШЕ ҚАЛАМГЕР «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛУҒА МІНДЕТТІ!

0
105 қаралды

Сөздің турасына көшсек тап солай: ҚЖО-ға мүше ақын-жазушы, ол мейлі Халық әртісі болсын, бұрынғы партия қызметкері, т.б. болсын «Қазақ әдебиеті» апталығына жазылуға міндетті. Бұл міндетті біз қаламгер қауымына өз тарапымыздан таңып отырған жоқпыз. Жалпы оқырман құлағдар, ЖО-ның жорасында жүрген қауым, тіпті, жақсы біледі: 2018 жылдың аяғын ала өткен І Пленумда… «міндетті» деп көрсетілген. Сөзімізді нақтылай түссек, Жазушылар одағының мүшесінің міндеті толықтырылған 5.6 тармақта

« – Жазушылар одағының ресми басы­лымдарының кемінде біреуіне жыл сайын жазылып тұруға міндетті» деп анық жазылған (Қа­раңыз: «Қазақ әдебиеті» газетінің 2018 жыл­ғы №52 саны. Біздің мәселе «Ұлы да­ла­ның жеті қыры және қазақ әдебиеті» атты
І Пленум­ның барысында қабылданған Жарғы­да тұр). Яғни, Жазушылар одағына мүше қаламгер Жазушылар одағының ресми басы­лымдарының кемінде біреуіне жыл сайын жазылып тұруға міндетті.
Бұның бәрін қаттап-шоттап, нақтылап-нәштеп айтып жатуымыздың мінәйі себептері бар. Өткенде редакциямызға дүниені дүрлік­тіріп, көшіріп жүретін бір ағамыз келді. Құдай сақтасын, екпіні Ебінің желінен әрмен. «Газет қайда?!» – деп ақиланды ағам.
– Уа, қай газетті айтасыз?
– «Қазақ әдебиеті» қайда деймін?
– Осында.
– Осында екенін білемін.
– Білсеңіз, не сұрап тұрсыз?
– Бұрын «Қазақ әдебиеті» үйіме келіп тұратын.
– Келіп тұрса…, дұрысы, барып тұрса, бұрын жазылған боларсыз?
– Жоқ, мен газетке жазылып көрген емес­пін, одақ басшылығы жазып беретін.
– Не үшін?
– Өйткені мен – ақынмын!
– Ақын екеніңізді білеміз, бірақ, ақын қандай да бір қызмет түрін жеңілдікпен пай­да­ланатын әлеуметтік топқа енуші ме еді?
– Енеңді ұрайын, сен өзі ақынға қалай-қалай сөйлейсің?
– Sorry, сонымен не айтқыңыз келеді?
– Давай, маған газетті жылдағыдай жаз­дырып беріңдер!
– Бере алмаймыз.
– Неге?
– «Ақынның үйіне газетіңді тегін жіберіп тұр» – деп маған Үкіметім ақы төлеп отырған жоқ. Менің газетімнің жанбағысы да, күн­көрісі де – адал оқырманның қалтасынан түсетін аз-кем тиын-тебеннің үстінде.
– Маған бәрібір, – деді баса-көктеп, билеп-төстеп үйреніп қалған ақын адыраңдап. – Газетіңнің жағдайын маған айтпа! Сөйтті де есікті серпе жауып кете барды.
Ақын айқай боран соқтырып кете салы­сы­мен, оң қапталымыздағы ақсұр телефон сыл­қылдап қоя берді. Алдық. Аржақтағы дауыс тым сыпайы.
– Айналайын, – дейді, – айналайын, – газетіңе мен туралы мақала шыққан екен.
– Иә-иә, шықты.
– Соның бір данасын, қарғам, бір баланы шапқылатып… хатшы қыз әдресті білетін еді, үйге жеткеріп тастамас па екенсің?
– «Қазақ әдебиеті» деген газетте аты-жөні­ңіз алғаш аталып жатыр ма деймін?..
– Жо-оқ, қалқам, о не дегенің, «Қазақ әде­биеті» өз газетім, өзімнің газетім.
– Өз газетіңіз, ендеше, біз бала шапқы­латпай-ақ барып қалар?..
– Келмейді.
– Неге?
– Жазылмаған едім…
– А-а, оқа емес. Жазылу науқаны әлі жал­ғасуда… жазылсаңыз болады.
– Шырақ, мен газетке жазылмаймын, мені басшылық сыртымнан жазып қоятын. Сендер сөйтпейсіңдер ме?
– Сөйте алмайды екенбіз (сауалына қарай жауабын қайтарған түріміз ғой).
– А-а..
…Таныс кісі. Өзімсініп, күлімсіреп кіріп келе жатыр. Жайғасып отырды. Жайғасып отырып жатып асықпайтындығын білдірді. Маған да асықпа дегендей ишара жасады. Сосын алыстан орағытып бастаған әңгімесі­нің арасына ит өлген жылды салып, ит өт­ке­ле­к­­тен өтіп, ит мініп, ирек қамшылап келіп, ме­нің ит жыныма тиіп: «Газетті беспылатно алып тұрушы едім», – деді. Бұ кісі де жоға­рыдағылардың сойынан екен.
Жә, сөзді шүйкедей созып қайтеміз, әрі-беріден соң газетімізге жазылу-жазылмау әркімнің өз еркі. Ешкім міндетті емес. Біз де ақын мен жақынды жарылқауға міндетті ем­ес­піз. Бірақ, қаракөктен туған қазақ қалам­гері қазақ әдебиетіндегі ахуалды қадағалап отыру үшін Жазушылар одағына қарасты әдеби басылымдардың қызметіне араласып, үн қатып, барын ортаға салып, байыз таппай жүреді. Шүкір, ондай «беймаз» жандар, жазу өнерінің жанкешті жауынгерлері бізде жоқ емес, бар. Бар емес-ау, жетіп артылады. Мені аузына өлген аюдың өтін құйып алғандай үндемейтіндерден гөрі, «Қазақ әдебиетіне» жіберген дүнием жатып қалды» деп, қоңырау шалатын ағайын қызықтырады. Мен сол адамдарды жақсы көремін. Әрине, жалғанның жарығына келген шығарманың бәрі шекесі торсықтай шедевр бола бермеуі мүмкін, әйтсе де, қазақ әдебиетінің бойындағы қан айналы­мына керекті «дәруменді» қаламгерлеріміздің қай-қайсысы да тауып бере алады. Міне, со­лар «Қазақ әдебиетіне» жазылып, оқуы керек!
«Қазақ әдебиетіне» жазылған қаламгер әдебиетіміздің тыныс-тіршілігін бағамдап, жаңа үрдістерді бақылап отырады. Жаңа есімдермен танысып, шығармашылық бәсеке майданында өмір сүреді.
«Қазақ әдебиетіне» жазылған қаламгер ғана әдеби апталықтың – досы. Шын досы.
Ал, «Қазақ әдебиетін» қара басының жар­на­масы көріп, қабырға газет санайтындарға айтарымыз мынау: ауылыңыздың іргесін біз­ден аулаққа әкетіңіз, ағайын!
Біздің сөз: жазылдыңыз ба газетке – жария­ла­насыз! Бір дүниеңіз кемдік көрсе, кемелденген келесі бір дүниеңіз жарық көруі әбден мүмкін. Шылбыры бостау шығарманы қайтарып беріп, шынайы саф туындыны та­лап ету – барлық баспасөзде бар дәстүр. Осы­ған келіссек, І Пленум қабылдаған Жар­ғыдағы міндетімізді ұмытпайық, қаламдастар!

Дәурен ҚУАТ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.