Ұлтымның қиын тағдырын өлеңге сыйғыза алмадым
15.02.2019
1663
2

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ:

Киелі қаламын шындықпен суарып, ұлтының қасіретін көркем шығармаларына арқау еткен заңғар жазушымыз – Қабдеш Жұмаді­лов бізге берген сұхбатында кітаптарының цензурадан қалай өткенін, кімдер қол ұшын бергенін, кешегі тәркілеу кезінде Абай, Шәкәрім ұрпақтарының соңғы тағдыры қалай болғанын айтып берді.

«АДАМ ӨЗ ТАҒДЫРЫН ТАҢДАП АЛМАЙДЫ ЕКЕН»

– Бір емес, екі бірдей империяны көрдіңіз. Екеуінің де қазаққа салған зобалаңы аз емес. Оны сіздің шығарма­лардан оқып өстік. Осындай терең тақырыпқа қалай бардыңыз?
– Екі империяны көрдіңіз деп отырсың. Бұл мен таңдап алған тағдыр емес. Адам өзінің ата-анасын, қарайтын мемлекетін таңдап алмағаны секілді, өз тағдырын да таңдап алмайды екен. Мен Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Жақсы оқығандығымнан болар, мені 1956 жылы осы жаққа білім жетілдіруге жіберді. Екі курс бітірген соң, бізді қайта алып кетті. Ол жақта 4 жыл бойы сүргінде болдым. 1962 жылы қайта оралдым. Оралғанда жалғыз өзім емес, сол аймақтағы қазақ халқын бері қарай көшуге дайындадым. Ол кезде аштық қысып, саяси-экономикалық тұрғыдан да құлдырап бара жатқан тұс еді. Ел басындағы қиын тағдырды, ауыр хәлді көріп, үнсіз кетіп қалуды жөн көрмедім. Бар ойым көшті бастап келу болды. Менің маңайыма жастар, мұғалімдер топталып, бері көшіп келуге бел байлады. Сол кездегі басымызға түскен қиын күндер туралы менің шығармаларымда, әсіресе «Таңғажайып дүниемде» толық айтылады. Оқуымнан қалғаным, жүрегіме дақ түсіргенін айтпағанда, бұл жағдайлар менің шығармашылығыма пайдасы зор болды. Сол жылдары екі бірдей романға жүк болатын материал алып қайттым. Кейін сол материалдар «Тағдыр», «Соңғы көш» сияқты романдар болып оқырманға жетті. Бұл шығармалардағы кейбір детальдар – бұрыннан ел арасында жүрген, бала кезімізден құлағымызда қалған оқиғалар. Содан соң «Соңғы көштегі» оқиғаларда арғы беттегі қазақ халқының көрген азаптары мен қорлықтарының қағазға түскен нұсқасы. Мен осы шығармамда қытай империясының асыра сілтеушіліктерін жаздым. Империяның зорлығын жазу ол кезде басталмаған. Бұл жақта да Совет империясы туралы бір ауыз сөз айтылмады. «Соңғы көште» 1932 жылғы аштық та айтылады. Кейбіреулер қытай қазақтары колхоздан қашып барған деп ойлайды екен. Бұл мүлдем қате көзқарас. Біздің ата-бабаларымыз Абылай хан, Қабанбай батыр тұсында барған.

Бірінші қатарда (солдан оңға қарай)
Сәбит Мұқанов, Мұқағали Мақатаев, Ақұштап Бақтыгереева, Сайын Мұратбеков.
Екінші қатарда: Оспанхан Әубәкіров, Қабдеш Жұмаділов,
Рамазан Тоқтаров.
Үшінші қатарда: Азат Біләлұлы

– «Соңғы көш» демекші, бұл романыңыздың жарыққа шығуы да оңайға түспеген деп естіп ек…
– Ол кезде әдебиетке кел­ген­дер алдымен бірнеше әңгіме жа­зып, одан әңгімелер жинағын шығарып барып, романға келетін. Мен «Қаздар қайтып барады» деген әңгімелер жинағын шығар­дым. Бұл жинақтағы әңгімелер шекара мәселесі туралы еді. Ол кезде шекараның сыртында қазақ бар дегенді айтқызбайтын. Сол себепті, бұл кітап зорға шықты. Одан кейін «Көкейкесті» деген шағын роман жаздым. Бұл да қы­зық­ты тақырып болды. Түрмеден босаған жігітті жағымды кейіпкер ету деген сирек кездесетін шығар. Мен солай жаздым. Қысқасын айтқанда, «Соңғы көштен» бұрын 3 кітап шығарып барып, аталған ро­ман­ды баспаға ұсындым. Бұл шы­ғар­ма­ның кітап болып басы­луы­­ның өзі бір қиын жағдай бол­ды. Ол кезде Қытай мен Совет одағы­ның арасы ушығып тұрған. Мен шығармамда Қытай империя­сы­ның аз ұлттарға қаратқан езгісін айтқан болып, Совет одағының солақай саясатын да кірістірдім. Бірақ баспа орындары ол кітапты басудан қорықты. Содан соң Әдебиет институтына, Тарих институтына, КГБ-нің Басқарма орталығына бір-бір данадан оқуға бердік. Институттар: «Әдеби жағына, жазушылық шеберлігіне айтарымыз жоқ. Бірақ Қытайдың ішкі саясатынан хабарсызбыз, ол жақта­ғы өмір шындығын қалай жазғанын білмейміз», – деп жауап беріпті. Ал, КГБ Басқармасы: «Бұл романды Мәскеудегі Қиыр-Шы­ғыс институтына жіберу керек», – депті. Сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Әнуар Әлім­жа­нов өте мейірімді адам еді. Орысшаны жетік білетін жур­на­лист Ғаббас Жұмабаев пен орысша өлең жазатын Төлеу Шаханов дей­тін екі азаматты осы кітаптың жолма-жол аудармасына жауапты етіп «тездетіп аударыңдар» деп тапсырма берді. Аударма үш айдың ішінде дайындалды. Содан кейін Әнуар аға аталған институтқа хат жазып өзі жіберді. Жарты жылдан кейін жауап келді. Жауабында: «Бұл бізге өте керекті кітап. Ешбір асыра сілтеушілік жоқ. Осы шы­ғар­ма арқылы Қытайдағы қазақ­тың жағдайын білуге болады екен», – деп жауап қайтарыпты. Сол жауап-хатты алып бірден «Жұл­дыз» журналына бардым. Ол кезде Бас редакторы Шерхан Мұртаза еді. Қолымдағы Мәскеу­дің жауап-хатын өзі қазақшаға аударып, «Соңғы көшті» журналға жіберді. Сол жылғы (1973 жылы) «Жұлдыз­дың» үш нөміріне арт-артынан басылды. «Соңғы көш» басылған нөмірлер 196 мың данамен тарап, менің даңқымды шығарды. Міне, осылайша «Соң­ғы көш» жарыққа шықты. Әкім Тарази қатарлы қаламдас­тарым осы шығармам туралы жақсы пікірлер айтты.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН


(Толық нұсқасын газеттің №7 (3641) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР2
Сәкен 09.03.2019 | 12:12

Роза Бағланова апамыздың «ақ патшасының» қойнына қайтадан барып кіріп алған Қабекең «Қазақ әдебиеті» гәзетінің бойтұмарына айналды. Ол енді халықтың сөзін сөйлемей, «патшасының» сөзін сөйлеуге, өзін өзі насихаттауға кірісті. Бұның «Соңғы көш» романында «су» көп, өз пайдасына жарата аңыз таратқан. Қытайдан Қазақстанға алғашқы көштің қашан, қалай басталғанын бессаусағындай білетін ағалары Қабекеңнің «мен!» деп кеуде соғып жүргеніне күледі, бірақ «шындық былай еді!» деп сынамайды, сол ағаларының бірі — қарт қажы жазушы (аты-жөнін айтуға келіспейді): -Қайтесің соны, сынап ұятқа қалдырмайын, ол керек етпеген шындық кейін бәрібір айтылады, көш тарихын зерттер жас ғалымдар әділін айтады, -дейді. Мүмкін. Сексеннен асып кеткен Қабекең «Нұрекесіні нұрлы жолымен» тарта берсін, 85 жасына «құдай» тағыда не береді, алсын.

Әбеш 12.03.2019 | 11:15

Қабдеш ағатайымыз кейде қазақтың бүкіл тарихын жалғанға шығарып жазады. Мәселен Қабдеш ағатайдың «Қытайдағы қазақтарды колхоздан қашып барған деп ойлайды екен. Біздің аталарымыз Абылай, Қабанбай батыр тұсында барған» дегеніне тарихтан шала сауат адамдардың өзін күлдіреді. Абылай мен Қабанбай батыр тұсында найманның қаракерей, матай, төртуылы Арқаны мекендеп, Қарқаралы, Баянаулаға қарай енді беттеген. Қабанбай батыр дүниеден өткен соң қырық, Абылайдан соң елу жылдан кейін ғана Қабдеш ағаның елі Аягөздің сол жағалауына өте алады. Бұл тарих ғылымы толық деректеген тұжырым. Рас, 1864 жылғы рас пен қытай арасындағы шекара бөлісінде біраз қазақ рулары шекараның ар жағында қалып қойды. Бірақ бұлар негізінен абақ керейлер-тін. Наймандардың шекара асуы 1916 және 1930 жылдары. Қабдеш ағатайдың осындай тарихи оқиғаларды білмеуі бұл кісінің таза жазушы, ауыз екі аңыздарға сүйеніп, жазатынын көрсетеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір