ОЙРАН БОЛҒАН ОРМАН
08.02.2019
1471
0

Кемелбек ШАМАТАЙ

Орман қашаннан орман еді.
Іші аң-құсқа толған еді.
Солардың ешбірін шетке қақпай,
Бәріне түгел қорған еді.
Оған бірде кәдімгі қорқау
Патша боп келді де,
Бәрі бүлінді.
«Қорқаумен туыспын!» –
Деп бұрынғы
Бұғып жүретін қарсақ
Кеудесін ұрып, жар сап,
Көрінгенге ұрынды.
Шибөрі де
Болып алды жырынды.
Бұлғын мен елік
Баяғыдай
Жүре алмайтын болды желіп.
Желгеніңіз не,
О бейбақтар
Тегіс жерде сүрінді.
Тура барып тістілер мен
Тырнақтылардың алдына жығылды.
Еркіндік беріліп қойған соң,
Осылар секілді жоянға,
Теңдік қалды дейсіз бе қоянға?!
Қаша-қаша
Айдалаға маңып кетті.
Өкпесі өртеніп, жанып кетті…
Теперіш көрген өзгелер де
Шыдамады,
Орманды тастап шықты.
Соңынан ерген
Ұрпағын да қалдырмай,
Қауіпсіз, тыныш мекен іздеп,
Алыс жолға бастап шықты…
Тіске басарлары
Кетіп тынған соң,
Қорқау патшаны қолпаштаған
Тістілер мен күштілердің
Қарындары ашты.
Бойларындағы қуаты қашты.
Еңселерін езіп,
Ауыр ойлар басты.
Тыншымады,
Қыңсылады.
Ұлыды.
Үзілердей болды жұрыны.
Көздері тұнды…
Олар үшін құнды
Ештеңе қалмады.
Жандалбаса
Ағаштың тамырын талмады.
Болмады!
Одан өзегіне
Нәр берер ештеңе тамбады….
Өртенген өзектері жан ауыртты.
Көздері қарауытты,
Жиырылды,
Керілді.
Көз алдарында неше түрлі
Ас етер бейнелер өрілді.
Қарсы алдында
Бұратылып жатқан ұяласы
Бұлғын болып көрінді.
Шұбатыла
Әзер тұрып бас салды,
Аяққа тастап аспанды,
Қан-қасап қырғын басталды.
Ақыры
Ұяласын жартылай жеп,
Қалғанын
Жалажансар қалпында
Басына жастанды…
Осылайша, қашаннан
Барлық аң-құсқа қорған
Болған
Орман
Қорқау патша билеген соң,
Көп ұзамай болып шықты ойран!

* * *

Бүгінде шаңы шығып,
Тап-тақыр болып жатыр сол маң.

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір