Бауырсақ
08.02.2019
1009
0

Қуат БОРАШ

(Әңгіме)

Қараша түсе Арқа қазағының соғымның шаруасымен әжептеуір әбігерленетіні бар. Адуынды қыс алты ай бойы жамбастап жатып алатындықтан бұл жерде түстік­тегідей соғымды аяқ-аяқ, жілік-жілік етіп алып, жекжат-жұраттың сыбағасына деп соғымбасыда асылған етпен-ақ ауыздың дәмін алып отыру мезіреті мұнда жоқ. Та­биғаттың кіді мінезіне төтеп беру үшін шамасы келгендер кемі бір жабағыны жығып, әйтпесе жақ­сы байланған байталдың жар­ты етін жайғап, тоңазытқы­шына тоғытады. Ақшаңқан сәулетті шаһар­ға көтеріле көшіп келгеніне жиырма жылға таяп қалғандықтан болар Ғалымның мұндай мезгілдік шаруаға әбден еті үйренген. Кей­ін­гі жылдары базарда сатылатын соғым дәрінің күшімен байланған жылқының еті екен, қазанға сал­ған­да іртіктеліп, майы бір жаққа бөлініп, маңызының бәрі сорпаға шығып кетеді деген ел арасындағы алыпқашпа әңгімеден кейін ол биыл «не жесек те адалынан жейік» деп шешкен. Іздегенге сұра­ған дегендей, артынша-ақ ауылдас інісі Саят хабарласып, таныстары Ерейментауға барып, далада жайылған малды қорадан арзан бағаға таңдап алып, соғымға сойып әкелгендерін әсірелеп жет­кізіп, алдағы сенбіде бірге барып қайтуға үгіттеді. Қажет болса досы арқылы өздерінің баратындарын алдын ала хабарлап қоятынын да ескертті. Екеуі «ұрыста тұрыс жоқ» деп келісілген күні жолға ат­танып кетті.
Жөндеу жұмыстары жүріп жат­қан кейбір тұстарда тегіс трассадан қара жолға түсіп, ойқы-шойқыда шек-бауырды біраз сілкілеп алған­дары болмаса, Ерейментау бағы­тын­дағы жол анау айтқандай жа­ман емес. Тек үлкен жолдан оңға бұрылғаннан кейінгі даланың жолын­да бір сағаттай жабы жүріс­пен тепеңдеулеріне тура келді. Таң қылаңында аттанған олар бесін шамасында межелі жерге де жетті. Ар­салаңдаған екі-үш тазысын ерткен ақсары келген ұзынбойлы жылқышы жігіт алдарынан шық­қан бойы ақтарыла сөйлеп келеді.
– Ассалаумағалейкүм, аға! Сіздердің келетіндеріңізді естіп біраз жылқыны қорадан шығармай ұстап отырмын. Мал соятын жерді де дайындап қойдық. Мынау көмекшілерімді де үйірлерді көріп қайтуға жібермей кідіртіп қойдым, – деп сұрақсыз-ақ алдағы шаруа­ның бәрін жіпке тізгендей баяндап тастады. Өзін Жомарт деп таныс­тыр­ды. Ауыл қазағының ілтипа­тымен үйден дәм татып шығу қонақ­тың міндеті екенін айтуды да ұмытпады. Қарсы бетте тұрған сыртқы сылағын жел мүжіп, ша­тыры көнере бастаған кішірек үйге кіруге ишарат білдірді. Жолау­шылар­дың жатаған тамнан отыз қадамдай жерде әлі өңін солдыра қоймаған ақ жұмыртқадай жаңа­дан салынған қызыл шатырлы үйге көздері түскенін аңғарып:
– Бұл үй қожайындікі, әр апта соңында достарымен келіп, аңға шығып, демалып қайтуға биыл әдейі салдырды. Ішінде асхана, дәретхана, душ сияқтының бәрі бар. Құдды қонақүй сияқты. Кілтін өзі ғана ұстайды, – деді тәп­тіштеп және еңселі үйге ша­қыра алмағанына өзін кінәлі санағандай ақталып. Ғалым мына жігіттің сөз үнемдегіш қабілетіне таңғалды. Задында мал соңында жүрген жандардың ен далада қау­қылдасарға қара таппай, әрегідік осындай шаруалармен келіп қалған адамдардың миын ашытып, жоқ-барды термелеп, бірді айтып бірді қойып мылжыңға басу әдеті-тұғын. Ал мынау, саба­зың, қаже­тің­ді ауыз аштырмай-ақ аз сөзбен айтып тастайды. Ақпарат заманы­ның талабы айдаладағы малшы­ның бойына да сіңіп үлгер­ген екен ғой деп ойлады ол. Дала­ның же­ліне бойы тоңази бастаған Ғалым:
– Інім, дәм бұйырса қуырдақ дайын болғанда үйге сол кезде бас сұғайық, одан да уақыт оздырмай малды ертерек сойып алайық, – деді. Жасы үлкен ағаның байлам жасауы сол екен жылқышы жігіт сы­­пайылық рәсімдерін кілт тыйып, қора жанындағы қадаға ар­қала­рын сүйеп, темекі тартып тұрған көмекшілеріне бұрылып:
– Шал, Бауырсақ, арқан, пы­шақтарың дайын ба? – деді іске кірісу керектігін меңзеп.
Шал дегені дәу де болса бет әл­петі алпысқа таяп қалған ег­де­леуі шығар деп шамалады. Жақын келіп амандасқан Шалдың жүзіне көзі түскенде ішкіліктің уытымен беті әбден қыртыстанып, маңдайы картоп алабындай жүйектеліп, жасына жетпей сор­таң­дана баста­ған елудің ар жақ бер жағындағы сормаңдайды көрді. Бауырсақ одан жас көрінеді. Бір-екі жылда қырықтың қырқ­а­сына шығатын кейіп. Дөңгелек жүзді кәдуілгі ауыл жігіті. Көзінің асты қалтала­нып тұрғанынан-ақ бұның да арақ әзәзілмен біраз әмпей-жәм­пей бол­ғаны аңғарылады. Сөзді Бауыр­сақ бастады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір