Іңкәрліктің маржанындай әр тамшы…
08.02.2019
1184
0

Гүл ЗАРҚҰМАР

Жарықтардың жарқылынан нұр тамып,
Аспан жақта сағыныштар шырқалып…
Күз де келді…
Құстардың да қанатына тұнып шық,
Ақындардың жүрегінен жыр ытқып…
Күз де келді…
Дүниенің кеудесінде боздап мұң,
Сүмбіленің сүйегін де қозғап түн…
Күз де келді…
Таулардың да тамырынан хош аңқып,
Көңіл шіркін,мөлтек жастай босаңсып…
Күз де келді…

* * *

Көздерімнің мұңын жұтып алсаңшы?!
Іңкәрліктің маржанындай әр тамшы…
Жалғыздықтан арылмаған көңілдің,
Аспанынан ақтарылдым,төгілдім…
Түндер мені әлдиледі мұңымен,
Күндер мені ойландырды шынымен…
Қадіріме жете алмаған жалғанның,
Қасіретін талай бұзып-жарғанмын…
Дұшпаным бар тасын атқан тасадан,
Құшқаным зар…жасымды тый, Жасаған!
Жалқылығым жаныма шын батқанда,
Бір жылылық күтем тіптен, жаттан да…
Өксік қысқан кеудем кектен таза әлі,
Жүрек жырын тағдырыма жазады…
Өмір маған қарыздар боп қалмасын,
Бақ-ғұмырын,махаббатын арнасын!

* * *

Тағдырдың қатты, тасбауыр екені рас-ты,
Талай күндерім арманмен, мұңмен қыр асты…
Асыл дегенің бақыр боп шығар сәттерден,
Асқақ тұруға құдайдың өзі дәт берген…
Қара көздің де жасырған сыры бар ұқсаң,
Қараңғылықты ысырып тастар жарық таң…
Анық дегенің тамұқ боп жатса жоқ шара,
Арман бар сірә, алаулап жанған отта да…
Таланттың бәрі күйініп өтер тағдыр шын:
Талқылап,талап, тобырға көрін қаздырсын!
Жаласы жалған, өсегі өрттей қоғамда,
Жауһарды көрсе тоғытар тоқтау тоғанға…
Атақ пен мансап құлқынға ғана тәуелді,
Ақиқат жалғыз аспанда қалды, әуелгі…
Жасанды бәрі, жасанды әлем, тіршілік,
Жалған дүние жасайды көкке құлшылық…
Аспанның бірақ, жетпейді-ау пенде сертіне,
Ағып түседі жасындар ғана жер тіле…

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір