Ақпан
08.02.2019
921
0

Есенғали РАУШАНОВ

Әлқисса, 1645 жылы Әбілғазы баһадүр хан әрісі парсы, берісі түркі жұртындағы Шыңғыс ұрпақ­тарының арасында ұзаққа созыл­ған текетіресте ірілі-ұсақты қарсы­лас­тарының қай қайсынан да өктем шығып, Хиуаның тағына отырды. Профессор Самат Өтения­зовтың сілтемесіне сенсек, бұл жерде оған қол жинап беріп, қолтығынан демеген қазақтың Есім ханы деседі. Есім ханның сол қарсаңда Бұхар хандарымен қырғиқабақ болғаны рас. Мақсат – Бұхардың өңменіне құрулы мыл­тық, құрсанған жауды тақап қойып, алыстан аңысын аңдып отыру болған сықылды. Бұған дейін Хорезм ойпатындағы мем­ле­кет­терде қазақ баласы хан бол­ған жоқ еді деп жазады шежіреші­лер. Тағы бір тарихшылар Әбіл­ғазыны қазақ деу қалай болар екен, қазаққа жиен еді десек ше деп қия тартады. Қазақ әскерінің әдепкіде қарсы келген отырық­шыларды қатігездікпен қырып-жойғаны мәлім. Олжалау, барым­талау, сыдырымталау бәрі де бол­ған сыңайлы. Осындай ала­ман­дық Хиуаға Әбілғазы баһа­дүрдің шешесі, Арал маңындағы қазақтардың билеушісі – Жанғазы сұлтанның қызы – Мейірбану ханым­ның қайтып келуімен сап тыйылады. Тақ таласы басталарда Әбілғазы шешесі мен бала-шаға­сын Арал маңындағы нағашыла­рына жіберген болатын. Ел оны «Үлкен ханым» дейді екен. Үрей билеген елдің көңілі орнығады. Сұңғыла кейуана келе салысымен Хиуаның бүткіл кедей-кепшік, жоқ-жітік, жетім-жесір, ғәріп-ғә­сір­­леріне жұма сайын садақа таратады. Оларды «менің пер­зент­терім» деп атайды. Сөйтіп Хиуада қой үстіне бозторғай жұмырт­қала­ған мамыражай заман орнайды. Әттең, барлық ләззатты шақтар­дың тез бітіп қалатыны секілді, бұл дәуір де ұзаққа созылмады. Неге? Әбілғазының жергілікті елден өзі сайлап алған Бас уәзірі – пәлен де­ген шайықтың түген деген шөп­шегі баласын үйлендіретін болып, хан сарайын тойға шақырады. Үл­кен ханым әдеттегі «құтты бол­сын­нан» соң қазақы әңгімеге көшіп: «Келін қай жақтың қызы?», – деп сұрайды емес пе: «Келін бөтен емес, өзімізден», – дейді Бас уәзір. «Өзіміздені несі?», – деп сұрайды секем алған үлкен ханым. «Келін өзімнің інімнің қызы», – дейді Бас уәзір. Өмірінде мұн­дай­ды естімеген Мейірбану «Астағы­пырал­лалап» шалқасынан түсіп, та­лып қалады. Ертеңіне есін жиған ол баласын шақырып, бұ­дан былай Хиуа хандығында туы­саралық неке деген сұмдық бол­ма­сын деп фарман [жарлық] шығар­уын талап етеді. «Бұл елде атам заманнан келе жатқан ғадет солай, қазір бірден төбеге ұрғандай Жарлық шығарсақ, халық қозға­лып кетеді, сабыр сақталық, ақы­рын­дап оған да жетерміз» деген баласының бипаздығына шарт ашуланған Үлкен ханым көк ша­тыр­лы күміс арбасын жектіріп, сол күні Аралға қайта көшіп кетеді. Туысаралық неке Шығыста ғана емес, Еуропа бекзадаларында, әсіресе ағылшын ақсүйектерінде көп болған. «Бір емшек ембегендер арасындағы неке Һалал дүр» деген фетвәні айтасыз, ертеде қабы бір, сабы бір адамдар да жұптасқан. Мысалы, атақты Клеопатраның алғашқы күйеуі өзінің туған інісі еді деп нақтылайды перғауын зерттеушілер. «Туыстардың өзара құда болуы секілді зиянды әдеттер қазаққа кешірек сіңген кейбір тайпаларда кейінге дейін сақтал­ды» деп жазады ақын әрі көсемсөз­ші Аманхан Әлім. Зиянды демек­ші, кешегі Кеңес өкіметі тұсында Өзбек теледидары бұны тозығы жеткен салт деп танып, топтама хабарлар жүргізді…

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір