Тілге қысастық – ұлтқа қиянат
08.02.2019
1169
0

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

«Ана тілі – тұғырымыздан» бастап «Тілі өлген халық – өзі өл­ген халық» деп толғайтын да­налық сөздерімізді тізер болсақ, ат сүрінгенді қойып, машина «бук­совать» етеді. Соларды ауыз толтырып айтқан кезде алды­мызға жан салмаймыз. Алайда осы ұлағатты сөздерден тағылым алып, іс жүзіне асыруға немесе жүзеге асыру үшін күресуге жоқ­пыз. Неге? Мемлекеттік тілімізді дамытуға мемлекетшіл­дер, соның тұтқасын ұстап отырғандар неге сараң? Жә, бұл сұраққа қайтып оралармыз. Енді төменгі жаққа үңілейік. Осыдан төрт-бес жыл бұрын балабақшаға немеремді бердім. Үш-төрт айдан кейін ол өз тілін ұмытып, орысша сөйле­генде үйдегі бәрімізді сүріндірді. Бұл менің ғана көрген құқайым ба десем, жо-оқ, мен тұратын шағынаудандағы қазақтардың бәріне ортақ «құбылыс» екен. Өйт­кені, балабақшадағы тәрбие­шілер­дің бәрі орыстілді көрінеді. Ал қазақтілді мамандар бар жоғы 30-35 мың теңге көлеміндегі жа­ла­қы үшін балабақшадағы қыз­мет­ке бармайды. Өйткені, қазақтілділер қалаларда әлі күнге пәтер жалдап тұрады. Пәтер ақысы да удай. 35 мың теңге пәтер­ден пәтерге көшіп жүрген­дердің 35 мың теңге қай жырты­ғына жамау болады? Бұл – біздің болашағымызға жасалып жатқан қастандық. «Бар жақсымыз – балаларға» екені рас болса, таңертеңгі сағат жетіден кешкі сағат жетіге дейін әр үйдің ешкім­ге бағынбайтын, ештеңені мойын­дамайтын, бақшада жүріп бір-бірімен шекіспей жүре ал­майтын «патшаларының» «азап­ты міндетін» арқалайтын­дар­дың еңбекақысын неге жүз-жүз жиыр­ма мың теңгеге көтермеске?! Қа­зақстандағы орташа еңбекақы 500 мың теңге деп радио, теледи­дардан асқақтай шалқақтағанда көкірегіміз жарылып кете жаз­дай­ды. Мұндай шылқамайға бел­шесінен батып жүргендер кімдер? Әрі олар маңдайларынан қандай тер төгіп жүр екен? Қазақша ме­ні­мен сөйлесе алар ма екен олар?
Жарайды, бала жығылып-сү­рініп жүріп мектеп табалдырығын аттады дейік. Бірінші сыныптың алғашқы жарты жылында қырық екі әріпті игеріп, екінші жарты­сын­да «Ана тілін» оқуға, жыл соңына дейін жүзге дейінгі санды біліп, алып-қосуға үйренетін еді ғой. Жо-оқ, біз оларға қазір «Та­биғаттану», «Жаратылыстану», «Өзін-өзі тану» пәндерін оқуды міндеттейміз. Оған биылғы оқу жылында тағы бір «тану» – «Өл­ке­тану» мен «Информа­ти­каны» қосып жатырмыз. Әрі ағылшын тілі төрт кітап, төрт бөлімнен тұрады. Мінеки, осыдан кейін миы шаршаған бала сенің қазақ тілің­ді не қылсын? Аруағыңа құл­дық ұрайын, Ахмет Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты бекітіп берген «Сауат ашу­ды» оқысаңыз, өзіңіздің миы­ңыз ашиды. Бұрын жоғарғы сы­нып­тарда қазақ тілінің «Грамма­тика», «Морфология», «Син­­так­сис» бөлімдері жеке-жеке пән ретінде сатылай, рет-ретімен әр сыныпта оқытылатын. Қазір олар быламық-ботқаға айналған оқулықсымақтарда елес береді. Бұл не? Бұл – Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілін игеруге кері, әдейі жасап отырған зомбылығы…

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір