ЖАНБАЙ СӨНГЕН ШЫРАҚТАР…
08.02.2019
1843
0

«Далада тықыр білініп, сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді. Бұл Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да, мұңайып кетті…
Қали басын көтеріп алып:
– Әке, келдіңбе?
– Келдім, қарағым!.. – деп кемсендеп, қалтылдап, жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағананың түбіне келіп, Мақтым салбырап отыра кетті.
Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.
Мақтым жылап қоя берді:
– Қалқам-ау, дым жоқ!..
Күлпаш та жылады».

Иә, бұл – қай қазаққа да жақсы та­ныс «Күлпаш». Бейімбеттің «Күл­па­шы». Кешегі зұлмат кезеңнің, қаралы жылдардың елесіндей болып жеткен осы бір қайғылы әңгімені бала күнімізде мектеп оқулығынан, мұғаліміміздің айтып беруінен білдік. Аштықтың не екенін жете тү­сін­бесек те, неше күндеп нәр сыз­бау­дың қиындығын тұла бойымыз­бен сезінбесек те, жүрегімізде бала Қалиға деген аяныш сезімі оянып, күлкімізді кілт тыйып, жаутаңдасып қалған ек. Бала емеспіз бе, мектептен шыға бере бәрі ұмыт боп, бар дәм­дісін дайындап, күтіп отырған ата-анамызға жеткенше асығып, үйге қарай шауып ала жөнелгенбіз…
Ал, бүгінгі балалардың көбі «Күл­пашты» бей-жай қабылдай ал­масы анық. Өйткені, дәл сондай өл­мелі күйге жетпесе де, көбі ашқұр­сақ. Киімдері жұпыны. Асыр салып ойнайтын үйлері де жоқ. Рас, дү­кенде тәттінің небір түрі самсап тұр. Базарда әдемі көйлектердің көптігі­нен көз сүрінеді. Бәрі бар. Бірақ, әке-шешелері арқа еті арша, борбай еті борша болып, күндіз-түні ауыр жұмысқа жегіліп жүрсе де, дүниенің қаты боп кеткен қу ақша жетпейтінін олар да біледі. Осының бәрін әке қабағындағы кірбің, ана көзіндегі мұң арқылы сезіне түсетін олардың да көңілдері бүтін емес.
Бұрынғы үлкендер кішілерді «жеті қараңғы түнде далаға шықпа» деп тыйып отырушы еді. Бүгінгі үлкендер бұл тыйым сөзді балала­рына айта алмайды. Өйткені, өзі соларды асырау үшін түнде де жұмыс істеуге мәжбүр. Бұрын түнде жұмыс істейтіндер ара-тұра ғана кезігіп қалатын. Сондайда «не жетпей жа­тыр екен? ақша, ақша деп өле ме, қай­теді шіркіндер?» – деп күңкілдеуші ек. Қазір бұл жайтқа етіміз өліп кеткені соншалық, таң­ғал­майтын да, сөкпейтін де болдық. «Қайтсін байғұс…» – деп мүсіркейміз де қоямыз.
Бұрын «баламыз қатарынан кем болмаса екен» деп еңбек етуші ек. Енді… «баламның жейтін наны, үстіне киетін киімі болса екен» деп өлгенімізге қарамай тырбанатын болдық. Өйткені қазіргі қазақтың көбінің мұңы бір. Жанбағыс керек. Жанбағыс деген бір ғана мақсат басқаға мұршамызды келтірмейтін болды. Жанбағыс деп әке баласының түнгі ұйқысын күзетпейтін болды. Жанбағыс деп ана түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербетпейтін болды. «Сананы тұрмыс билеп» тұр.

Қай қуыс, қайда барсаң да,
Қаңғырып жүрген көп қазақ.
Жоқшылық қана – үлесі,
Халқымның көрген күні осы!

(Н.Айтұлы)

Өкінішке қарай, бұл – қазіргі көп отбасының, көп қазақтың сағын сындырып, жігерін құм етіп отырған ауыр жағдай. Балаларымыздың балдай тәтті күлкісін, алаңсыз ұйқы­сын, бақытты балалық шағын жоқ­шылық дейтін асқынған дерт аяусыз тонауда…
…Бала көңілі ғажайыпқа сенгіш, арманшыл келмей ме? Он үш жасар Альбина да ата-анасы жоқта төрт сіңлісіне бас-көз бола жүріп көп нәрсені армандаған болар-ау… Ол осы жаңа жылда Аяз атаға хат жазған еді. Өзінің өткен жылы тәртіпті қыз бол­ғанын айтып ақтарылған еді. Үміт­тенген еді… Ата-анасын ғана емес, күллі қазақты зар жылатып, төрт бауырымен бірге шырт ұйқыда жат­қанда өрт құшағына оранған үй ішінде мәңгілік өмірге аттанып кете барды…

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

(К.Тышқанұлы)

Жолындағысын түгел жайпай­тын жалмауыз өрттен бетер ащы өкі­ніш өзегімізді өртеуде. Бүкіл қазақ елі:
«Өртеніп ұрпақ өлгенше,
Өртеніп дүние кетпей ме?!» –
деп аһ ұрып қайғыруда.
Осы арада санамызды сандар мен цифрлар жаулап алғанын қанша айтқымыз келмесе де, амалсыз шо­ты­мызды қағуға тура келеді: өткен жылы елімізде өрт салдарынан 34 бала көз жұмыпты. Қыршынынан қиылған отыз төрт ғұмыр. Тай күнін­де мерт болған ұландар. Қауыз аш­пай жатып солып үлгерген жауқазын­дар.
Несін айтасыз, Доңыз жылы қазақ үшін жайсыз басталды. Қыс келе сала жалаңдаған от тілі асықтай үш ұл мен қызғалдақтай бес бүлдір­шін қыздың өмірін жалмап үлгерді.
«Атам-айлатсаң да, ботам-ай­лат­па» деген емес пе? Үш бірдей, бес бірдей баласынан айрылып қалған ата-ананы ешқандай сөз жұбата алмасы анық. Әйтсе де, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін қос отбасына көңіл айтуда.
Көзіміз жастан құрғамай жатып, тағы бір сұмдық хабар жетті. Бая­н­ауыл­да бір отбасы – екі бала әке­сімен және өздеріне бауыр сыйла­ғалы жүрген аналарымен бірге тілсіз жаудың құрбаны болыпты.
Қазақ елі қайғыдан қан жұтуда. Ал, дүниеге періште боп келіп, пе­ріш­те боп кеткен балапандар күйі кеткен қазақ даласына көктен былайша тіл қатып тұрғандай:
Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай
жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын! (Кеңшілік Тышқанұлы)
Шапағатшы болыңдар, жанбай жатып сөнген шырақтар!

Редакция ұжымы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір