ТЕРІСКЕЙДІҢ ТҰҢҒИЫҚ ТҰМАСЫ
01.02.2019
1145
0

Елен Әлімжан


Тәкен Әлімқұлов көп жазып өзге жазушылардың алдына түскен жоқ. Халқының қаймағы бұзылмай жатқан терең тарихына қалам тартып, тыңға түрен салған да жоқ. Оның шығармаларының арқауы – өзі өмір сүрген Кеңес дәуірі. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші бұл дәуірді оның қаламдастары жабыла жазды. Тіпті, көп томдық романдар берді. 1917 жылғы төңкеріс дейсіз бе, 1941-45 жылдардағы алапат соғыс дейсіз бе, тың игеру дейсіз бе, кеңестік дәуірдің ақтаңдақ жылдарынан басқа ең бір қабырғалы кезеңдерінің бәріне арналған шығармалар баршылық. Тәкен Әлімқұлов бұл айтылғандардың бәріне қалам тартпаған жазушы. Сонда ол не жазды? Оқырман неге сүйсініп оқиды оны? Мұхтар Әуезов үміт артқан үш-төрт жас жазушының бірі болуының сыры неде? Әдетте талантты таланттардың бәрі бірдей қабылдай бермейді. Ал, Әлімқұлов талантына тұстас қаламгерлерінің бәрі неге тәнті болған?

Міне, осы сұрақтарға жауап­тың ұшығы алдымен жазушы талантының табиғатында жатыр. Ал, оның талантының табиғаты ерек. Жергілікті халық Қаратау­дың оңтүстігін күнгей, солтүсті­гін теріскей атайды. Сол теріс­кей­­ді ертеден қазақтың үш жү­зі­­нің де ру-тайпалары қатар жай­лап, Кеңес үкіметі тұсында аралас-құралас отырық­шы­лан­ған.
Демек, қазақтың әр аймағы­ның қол өнері, сөз өнері, саз өне­рі, дәстүр-салты тоғысқан бұл теріскейде. Тәкен Әлімқұлов осы теріскейдің тумасы. Сондықтан да ол қазақтың барлық аймағы­ның рухани құнарын бойына ана сүтімен бірге дарытып уызына жарып өскендіктен, дала өмірі мен адамдарын суреттеуге келгенде өзін суда жүрген балықтай сезінеді.
Оның кейіпкерлерінің бар­лы­ғы дерлік заманының тілімен сөйлейді. Бұл екі жазушының бірі­нің қолынан келе бермейтін шеберлік. Тіпті көп сөздерін түсін­бей де қаласың. Мәселен «Ақ­бозат» романынан өз басым бұрын білмейтін жиырма тоғыз сөз ұшыраттым. Ал, оның алтауын он бес томдық түсіндірме сөз­діктен де таппадым. Ол сөздер мыналар: сүбди, міндадар, салткер, зіргек, манакөк, саусары.
Салткер – жаңа сөз екенін сөз тудырушы жұрнағы айтып тұр. Қал­ғаны түсініксіз болса да оқыр­­манды теткімейді, қайта қо­нымдылығымен өзіне тарта тү­седі. Мәселен, романның кейіп­­кері: «Сүбди көктің қара тайын жетелетіп жібер», – дейді. Осы қарапайым сөйлемнің шырайын өзің түсінбеген «сүбди» сөзі кіргізіп тұрғанын сезінесің. Сезі­несің де шіркін, «сүбди көк» де­ген қандай көк екен деп ын­ты­ғасың. «Беті шиқандай шекесі тор­сықтай. Кәдімгі манакөнектің өзі болып алған» немесе «Тоғы­нан жараған көкқасқа саусары төңкерілген қазандай боп, дестелей тапырақтап барады» деген сөйлемдерге зер салыңыз. Осы суреттердің де реңін біз астын сызған сөздер ашып тұр. Көнекті білеміз, ал манакөнек қандай көнек? Сары түсті білеміз, ал сау­сары қандай түсті білдіреді? Сірә, түсіндірмелі сөздікте ұшы­распаған бұл сөздердің төркінін бір ашса, теріскейлік құйма-құлақ көнекөз ғана ашар.

(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір