Әлем мұхитына құятын дария
24.10.2015
1377
0

936909_645064381_______________Любовь ШАШКОВА,

аудармашы, публицист,
Қазақстан Жазушылар одағындағы
орыс әдебиеті кеңесінің төрайымы
Жалпы, қазақ әдебиеті шетелге шықпады деп айтуға болмайды. Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Дүкенбай Досжан, Әкім Тарази, Нұрлан Оразалин, Роллан Сейсенбаев, Герольд Бельгер, Валерий Михайлов секілді қаламгерлердің кітаптары Англия, Франция, Қытай, Түркияда жарық көрген. Халықаралық сыйлықтарға ие болған туындыгерлеріміздің өзі бір төбе. Олардың бәрін тізіп шығудың аса қажеті бола қоймас. Дегенмен, бұл құбылыстарды «әлемдік әдеби аренаға шығу» деп атамас едім. Бұның басты себебі – жүйесіздік пен ұрпақ сабақтастығының үзілуі. Герольд Бельгермен Лео Кошуттың достығының арқасында Германияда Абайдың жиырма өлеңі жарық көрді. Бұл – өте сирек құбылыс. Өйткені, көбісі бұндай таныс-тамыр, дос-жараның болса алдымен өз туындыларын немісшеге аудартар еді. Бұл тұста Бельгер өзін нағыз тұлға ретінде көрсете білді. Бұны біреу білсе, біреу білмес…
Біз шыққымыз келіп жүрген әлемдік әдеби аре­нада бүгіндері коммерцияны көздеген бас­па­лар көп. Сол себептен, шынымен мықты шы­ғар­малар солардың көлең­ке­сінде қалып қойып жатқан жайы бар. Коэльоның «Ал­химигы» мен Дэн Браунның «Да Винчидың коды» кітап­тары оқыр­ман қызығушылығын арттыруда. Бірақ олар­­ды ірі шығармалардың қатарына жатқызуға бол­май­ды. Ал мойындалған жазушылар ысы­рыл­ғаны ысы­рылған. Нобель сыйлығының өзі сая­силанған-ды…
Белгілі бір автордың шығармасымен қызы­ғып, соны аудартуға болады. Озық отыздыққа кір­гісі келетін еліміз алдымен әдебиеті мен мә­дениетінің жай-күйін ойлағаны абзал.
Бүгіндері еліміздің қаламгерлері Ресей, Қы­тай, Украи­на, Беларусь, Татарстан, Башқұртстан, Түр­кия сияқты ел­дермен әдеби байланыс орнатып, аудармалар жасауда. Бірақ біздің көз­де­геніміз Еуропа мен Америка елдері болу­ға тиіс деп ойлаймын. Өз қазанымызда қашанға дейін қай­намақпыз?!
Әдеби ағымдардың жөні мүлде бөлек. XXI ға­сыр әде­биеті XX ғасыр әдебиетінен әлдеқайда күр­делі, тосын. Бұрын­ғыдай көп жазудың заманы өтіп барады. Елдер кі­тап­тан гөрі киноны құп кө­реді. Адамдардың мінез-құл­қы, сөзі, ойы да күр­деленіп барады. Соған сай әдебиетіміз де өзгеше са­рынға көшуі қажет. Біз көшпесек те жастары­мыз көшеді. Себебі, болашақ жастардың қо­лын­да!..
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір