Атайбек адасқан түн
Өмірзақ МҰҚАЙ
Әңгіме
Сол түнгі боран орасан болып еді деседі ел. Екі күн бұрын өлкенің аспанын торлаған бұлт басқа жер таба алмағандай осы ауылдың төбесіне үйіріліп тұрып алды. Жай ғана тұрып алса түк емес қой, Аққолқаның қотанында қарайған нүкте қалдырмай, толығымен ақ ұлпаның астында қалдырған. Атайбек байғұстың адасуына көрінгені шығар, бұл жерде Аққолқа деген ауыл болмағандай. Аққолқа алпыс қаралы үйімен, осынша қора-қопсысымен, қыруар мал-жанымен жер астына түсіп кеткендей. Таң алдында сұрапыл жел тұрып, үлпілдеп жатқан жас қарды аспанға шығарды және.
Сол күні облыс орталығынан шыққан пошта ұшағы да қар астында қалған ауылды таба алмай, кері қайтып кетіпті. Ал аудан орталығынан шығатын автобус, әрине, пошта ұшағы емес. Шу дегенде шопыры күннің райын сылтауратып, автостанциядан шыққысы келмегенімен, жолаушылардың дау-дамайынан сескеніп, аяқ астынан бұзыла қалған табиғатты жол жүруден шаршамайтын қазақтарымен қоса сыбап, рөлге амалсыз отырады. Бейбас шопыр қалай сыбаса да бір адам қарсы дау айтпайды. Қарсылық білдірдің бе, әлгі әзірде ғана «Аққолқа қайдасың» деп алға жұлқынып тұрған автобустың моторы оп-оңай «істен шығып» қалмақ. Бейбас шопыр мынадай қырсықты күні жолға шығарған автостанция диспетчеріне деген ашуын отбасына қонаға жетіп қалудан басқа арманы жоқ жолаушылардан алып, әйтеуір сабасына түседі-ау бір уақытта. Жолдың қар ұстаған жеріне тірелгенде болмаса мұнан соң өзін біршама сыпайы да ұстайды. Шопырдың мұнан басқа лажы да жоқ. Аудан орталығынан бір шыққан соң, ұзын жолдың бойында автобусын бұрып, кейін қайтар кеңістік табу мүмкін емес. Аққолқаның маңдайға басқан жалғыз бульдозері ауылдан құлқын сәріде шығып, ауданға әлгінде ғана жеткен. Автобустың басын бұрып, маңдайын аудан орталығына қаратуға мүмкіндік беретін алаң қырық шақырымдық ұзақ жолдың Аққолқаның клубына тіреліп барып үзілген ұшында ғана.
Жолға шыққаннан кейін ауыл адамдарының көңілі жайланып, ауданда ескі көзтаныстарынан кімді көргенін, өздері құстың сүтінен басқаның бәрі бар деп ойлайтын аудандық дүкеннен не алғанын сөз етісіп, жол қысқартады…
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)