«БИШАРАЛАР»
18.01.2019
1138
0

Қалжан НҰРМАХАНОВ

ХХІ ғасырдың қырқыншы жылдары орыс әдебиеті үшін айрықша бір ұлы кезең болды. Бұл жылдарда орыстың революцияшыл демократтары – Белинский мен Герценнің озық ойлы шығармалары кеңінен тарап, әдебиет дүниесінде Некрасовтың, Салтыков-Щедриннің, Тургеневтің, Гончаровтың аты шыға бастады. Осы тамаша жазушы­лардың қатарына 1846 жылы «Бишаралар» деген өзінің тұңғыш романымен Ф.М.Достоевский келіп қосылды. Жас таланттың тырнақалды шығармасын орыстың алдыңғы қатарлы ақын, жазушылары жоғары бағалап, қуанышпен қарсы алды. Белинский «Бишаралардың» авторын Пушкин мен Гогольдің орыс әдебиетінде игі дәстүрлерін әрі дамытушы деп таныды. Романның қолжазбасымен бірінші танысып шыққан сыншы Достоевскийге: «Бойыңыздағы дарыныңызды қадірлей біліңіз, алған бағыттан қайтпаңыз, сіз ұлы жазушы боласыз», – деп жас жазушыға жөн сілтеп, ақылын айтты, жаңа жолға мегзеді.

…Достоевский творчествосынан қазақ халқының қайыршылық өмірі де тыс қалған жоқ. 1861–1862 жылдары арасында жазушы «Өлі үйден табылған запискалар» деген тамаша шығармасын аяқ­тады.
Жазушы өзінің бұл шығарма­сында айдауда азап шеккен адамдардың өмірін суреттейді. Онда Достоевский қазақ елінің аянышты тұрмысын да көрсеткен. Автор романда қазақ даласының әсем табиғатын, сол бай өлкенің өгей ұлы болған қорғансыз жан­дардың қайыршылық өмірін шебер бейнелейді. Достоевский қазақ халқына жақын жазушы дегенде, міне, біз осы жайларды еске алып айтамыз.
Ұлы жазушының реалистік үздік шығармаларын қазақ оқушылары арасында насихаттау­дың маңызы үлкен. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Достоевскийдің жақында қазақ тілінде шыққан «Бишаралар» романын әдеби өмі­рі­міздегі елеулі оқиға деп білеміз. Достоевский шығармала­рын қазақшаға аударуды «Бишара­лар» романынан бастау өте орын­ды…

10 август 1956 жыл,
№32 (84), 3-бет

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір