Жаңалық қажет, әрине
24.10.2015
1654
0
936394_2121271965_______________________Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы
Кешегіміз, бүгініміз, ертеңіміз әдеби үрдістің мән-мазмұнын құрағанда, мұны талдап, аражігін ажырата салыстыру мүмкін бе, білмеймін. Есті ұрлап кешегі таңғалдырған енді қызықтырмайды, бүгінгінің өресіне жетуге интеллектуалдық күшіміз жетпейді, алдын болжап, ертеңімен етене араласқан ешкім жоқ. Әмірші уақыттың құлақкесті құлдарымыз. Тербелісі қалай бағыттаса, солай құлдилаймыз.
Жаңалық атаулы әлгі тербеліс – виб­рацияның нәтижесі. Еншімізге бұйырған төңкеріс- өзгерістердің шаңына да ілесе алмай қалдық, көзіміз көргенді көңіліміз қабылдауға шарасыз. Мұндай жылдам­дық­тың екпініне әдеби үрдістің ілесуі қиын. Бұған қоса, қазақтың рухани құн­дылы­ғын екшеп жинақтауда ешқашан тұрақ­тылық болмаған. Талап, тілек, қойы­лар міндеттің тұрпаты сан құбыла ғасырларға жалғасып, соның сарқытына қазір де мәзбіз. Әдеби үрдіс жаңалық­тарын өткеннен, халық ауыз әдебиетінен, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин баста­ған алып топтан іздеуге талпынатыныма өзім де таңғаламын. Сол кеңіс­тік­тің шаужайына жармаса тырбанған­нан жалықпайтын тәріздіміз. Сөздің іскерлік қуатын түбегейлі жойып тындық, сон­дықтан өліп-өшіп қырық, елу жыл жазу­дың өзіме несіне қажет екенін де ұқпай­мын.
Жаңалық қажет, әрине. Жалпы үшін ақылгөйсіп жауап бере алмаймын. Десек те, ана тілінің астарында, сөздің өзегінде жасырынған философиялық, психологиялық ұғымдарға үңіліп, анық-қанығын ұқтыратын, ұлт болмысын айқындайтын соны тәсіл қажет. Өз-өзі­мізге тамсану, тоқмейілсу, мақтану, өз­еуреу, даурығу, дақпырт дертінен айығып, қазақты әлемге нақты, қысқа-нұсқа танытудың, жаһанданудың жалмауыз апанына түсіп кетпеудің бір ама­лы бүгінгі әдеби үрдістің де түбе­гей­лі жаңарып жаңғыруынан, әдебиеттің жас өкілдерінің тындырғанынан табылуы мүмкін. Әлемдік әдеби аренаның қазақ қаламгерлерінің деңгейінен асып бара жатқаны шамалы. Атағы шарықтап, Нобель сыйлығы ма, басқасы ма… иемденген талай есімдер Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Адам Мекебаев, Смағұл Елубаев, Тынымбай Нұрмағамбетовтан түк те артық емес. Абай мен Махамбет, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров, Қасым Аманжолов жырларынан, ауыз әдебиетінің інжу-маржаны­нан, яғни қазақ болмысынан адамзат хабарсыз. Ең өкініштісі осы. Бұрын да талай рет қайталағанмын, әлем әде­биетінің, кино, т.б. қазақша аударма­сының дәл қазіргі жағдайымызда титтей қажеті жоқ, өйткені, қазақ өз тілінен басқа тілдің бәрін әлдеқашан меңгеріп үлгерген, бұған қоса орыс тілінде-ақ пла­нетамыздың кез келген өнер құбы­лысымен еркін танысуға мүмкіндік мол. Ендігі шақта мұра, қазынамыз, ән, жыр, күйіміз, әдебиетіміз, ұлттық келбетімізді жаһанға таныстырудың мемлекеттік бағдарламасын жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.
Туған тарихымыздан басқаның бәрін санамызға мықтап сіңірген соры қалың ұрпақтың өкіліміз ғой, түбегейлі өзгеру де қиын-ау… Ағым, ереже, қағида дегенді ұға қоймаймын. Қандай әдеби ағымдардың бар екеніне де назар аудармаппын. Өз-өзімізді тани алдық па, бұған да күмәндімін. Ағым ағыстарының қан тамырын бойлай адамның ішінде жасырынғанын ғана еміс-еміс сеземін. Мұның сыртқа кейде жақсылық, кейде жамандық сипатында шығу себептері де бұлыңғыр, өзім өзіме ұшу алаңымын, өзім өзіме сынақ объектісімін, бәлкім содан басқалар өздері іздеген ағымын тауып алатын шығар…
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір