Қазіргі адамдар бөлектенуде
Лаврентий СОН,
кинорежиссер, драматург
Шынымды айтайын, мен бүгінгі жазушыларымыздың шығармаларымен аса таныс емеспін. Оған белгілі бір себептер бар… Ал әлемдік әдеби аренаға Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаев секілді қаламгерлер шықты деп есептеймін.
Әдеби ағымдар мен үрдістерді сыншылар мен әдебиеттанушылар кәсіби түрде айналысады. Зерттеушілеріміз ағымдар турасында ғылыми еңбектер жазған да шығар, бірақ оларды көзім шалмады…
Әдеби үрдісті – адамзат проблемасын қамтыған ірі шығармалар құрайды. Соңғы жылдары психологиялық туындыларға деген сұраныс көп. Себебі, адамдар оқшауланып, бөлектеніп, индивидуализм басым болып барады.
Жалпы, қазақ әдебиетінде үлкен бір өзгеріс болғалы тұрған сияқты. Өйткені, мен білетін жазушылардың артынан жас жазушылар еруде… Біразы орысшаға аударылған-ды. Сол кезде оқығаным бар-тын.
Ағымдардың түрі өте көп. Сюрреализм, реализм, романтизм, авангардизм, кубизм, футуризм, неореализм, т.б. Ал қазақ прозасында қандай ағымдар басым екенін дәл бүгіндері дөп басып айту қиындау. Бұрнағы жылдары Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов секілді жазушылардың туындыларында реализм сарыны басым еді. Заман дамып, жаһанданудың мәдениетті жаулап жатқан дәуірде әдебиет те күрделене түседі.
Қазақ әдебиеті әлемдік әдеби аренаға шығуы үшін заман талабына сай жаңа көзқарастағы жаңа жазушылар, жаңа туындылар тууы керек. Елді елеңдетер шығармалар болса, бүгіндері естір едік. Ал ондайды құлағымыз шалмаған соң, ірі шығармалар, әлемдік әдеби аренаға шығу туралы әңгімені кішкене шегере тұруға тура келеді.
Қалай болғанда да, әдебиет өлмейді, дами бермек. Әдеби үрдісті үзіп алмас үшін жас буынды, жас толқынды тәрбиелеп, көп көңіл бөлуіміз қажет. Сонда ғана ірі туындылар туады. Егер тек үлкендерді ғана дәріптей берсек, әдебиет онымен өсе қояды деп айту қиындау!..