Қазақстан Жазушылар одағының тағы бір ауқымды жобасы – «әдеби өлкетану»
28.12.2018
1402
1

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба негізінде еліміздің түкпір-түкпірін танып-білу, әдеби экспедициялар ұйымдастыру, тарихи орындарды, жер-су атауларын, танымал тұлғаларды зерттеу, көркем шығармалар жазу қолға алынды. Осы күнге дейін әр өңірде болып келген қаламгерлерден бір үзік пікірді назарларыңызға ұсынып отырмыз.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын қолға алды. Мақсат – еліміздің тарихи орындарын, құндылықтарды насихаттау.

Жоба аясында Астанада он күн болып, «Айнаның арғы беті» атты хикаят бастадым. Сапар барысында есімде қалған басты оқиға – Қараөткел зираты болды. Төрт ғасырлық тариxы бар қасиетті орында Сәмеке xан, Ке­несарының 200 сарбазы, 50 сар­дары, Балуан Шолақтың Ғалиясы секілді асылдарымыз жерленген. Осы Қараөткел зира­тының Кеңестік кезеңде қира­ты­лып, тарихи тастардың құры­лыс­қа пайдаланғаны шығармама өзек болды.

Қанат Әбілқайыр,
ҚР Жазушылар
одағының мүшесі


«Әдеби өлкетану» жобасына мен не беремін? Ақмола, Көкшетау өңірінен шыққан аруақты, өнері асқан мықты тұлғалар туралы эсселер сериясын жасаймын.

Ақан сері, Біржан сал, Шоқан Уәли­ханов, Ілияс Есен­бер­лин, Сәкен Жүнісов­тен бастап, Еркеш Ибраһим, Төле­ген Қажы­баев, Баянғали жырау, Қапаш Құлышева, Ләззат Сүйіндікова, Жақып Омаров, Алмас Темір­байға дейін болады. Жиын саны 20-30 адам­ға дейін шығарма­шылық пор­трет жасаймын. Олар туралы жазбамды ел мен жер тари­хы шежіре арқылы байланыстырып отырамын. Эсселерді жазу кезінде сапар барысында өзім кезіктірген дүниелер көрініс табатыны­на сенімдімін. Себебі, бұл сапар маған ерекше әсер тарту етті.

Айгүл Кемелбаева,
жазушы, кинодраматург,
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты


Биыл қолға алынған Одақтың осы жобасы алдағы жылдарда да жалғасын табады деп сенемін.

Осы сапардан кейінгі мақса­тым – қолда бар құжаттар мен кітаптарды оқып-тоқып, Каспий теңізі, Шерқала, Бозжыра, Торыш­ тастары туралы, Ерсайын, Ер Төлеп, Қожаназар бай секілді Адайдың әйгілі адамдары жайлы өлеңдер топтамасын тудыру, «Жел айтады», «Сүйінқара батыр» атты 2 поэма жазып шығу.

Алмас Темірбай,
ақын, Мемлекеттік «Дарын»
жастар сыйлығының иегері


Адай жұрты да тағдырдың айдауымен Иран асқан, Түрікпен көшкен. Түйе боздауымен жүрек қылын қозғаған елдің бір тарихын жазуға бел будық.

«Маңғыстау сенде жұм­бақ көп, бейітің неге бесіктас, домбыраң неге кесікбас» деп толғатып қайттық. Иранға көшіп барған түйелердің Маң­ғыстау даласына қарап боздауы, атандар қашып кетпесін деп майтабанына мыс шеге қағып қоятын әдеттерінен әсерлендік.

Дәулеткерей Кәпұлы,
ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Мемлекеттік «Дарын»
жастар сыйлығының иегері


Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада болдым. Тарихи жерлерді, жаңа ғимараттарды көруді негізгі мақсат тұттым.

Себебі, жазғым келген туын­ды Астананың әлем елдері аста­на­лары ішіндегі ерекшелігін та­бу еді. Әлемдегі ең үлкен ша­тыр саналатын «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, ең үлкен шарды мұншалықты биікке көтерген тұңғыш және жалғыз деп есептелетін «Бәйтерек» монументі, үздіктер қатарын­дағы үштікке енген Елбасы­мыз­дың резиденциясы – Ақорда, «Бей­біт­шілік және Келісім сарайы», «Қазақ елі» стелла­сы­ның ерекшеліктерін зерттегім кел­ді. Шығарма атауын «Астана мозаикалары» деп атадым.

Алмаз Мырзахмет,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Кеңестік кезеңде ел намысын, ұлт абыройын жоқтаймын деп тағдыры темір торға тәуелді болған Есенгелді Жұмановтың өмірі мен тәлейлі тағдыры туралы «ҚАПАСТАҒЫ ҚОЖАЙЫН» деген мини-роман жазуға бел будым. Кейіпкерім Павлодар облысының Железин ауданында туып, жастық шағы осы облыстың Баянауыл ауданында өтеді.
Сол ауданда оқуын бітіріп, енді үйленемін деп жүргенде ұлтын қорлап, намысына ши жүгірткен тосын оқиғаға тап болады. Қалғанын кітаптан оқисыздар деп уәде беремін.

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Киелі аймақ, қасиетті Сыр өңірі – қазақ даласындағы ең көне мәдени ошақтың бірі. Қызылорда қаласы, Ақмешіт атауының алдында «Қамысқала» болғаны белгілі.

«Қамысқала» атауының қайдан шыққаны, сол кезеңдердегі өңірдің алмағайып тағдыры, жаугершілік, бергі отарлық кезеңдердегі тыныс-тіршілігін суреттейтін дастанымды бастап кеттім.

Динара Мәлік,
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі


Мен шежірелі Ертіс өңірінің қазаққа сыйлаған маңдайалды ұлдарын «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы аясында болашақта жазылар шығармама арқау етуді өзіме борыш санаймын. Осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар – Бұқар жырау, Малай­сары батыр, Қазанғап би және киелі өлкелер мен аңыз-әңгімелерге арқау болар циклді өлеңдердің жоба-жоспарын дайындап жатырмын.

Жарас Сәрсек,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Жоба аясында іс-сапармен Қызылорда облысында болып келдім. Жоспарлап отырған қолжазбам негізінен мынадай тақырыптардан тұрады:

1. Сыр өңірінің арғы-бергі тарихына әуелі қысқаша шолу;
2. Арал теңізі: кеше және бүгін;
3. Арал теңізінің жағалауындағы жер-су аттарының шығу тарихы;
4. Осы өңірде өмір кешкен, сол аймаққа белгілі, бірақ, қалың елге әлі де беймәлімдеу сал-сері, жырау, күйші, ел қорғаған ерлер және басқа да тарихи тұлғалар туралы ел аузынан жиғандарымды жазу. Бұл жоба мен үшін осындай бір игі де, үлкен істің бастамасы болғалы тұрған сияқты.

Мырзан Кенжебай,
ақын


Павлодар өңірінің келбетті жерлерін жырға қосып, әсем табиғатын эссемен суреттеп, циклді өлеңдер топтамасын жазсам деген шығармашылық жоспарым бар. Қазақ даласының әсем табиғатын, шұрайлылығын, табиғи ерекшеліктерін жырлау – бұрынғы сал-серілерден қалған дәстүр. Мен де сол дәстүрді жалғастырып, қазақ табиғат лирикасына біршама жырлар қоссам деймін.

Мерей Қарт,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.03.2020 | 09:15

Жұбайым екеуміз Үрімжіде тұрамыз. Барша туысым да, балаларым да Елде. ҚР жазушылар одағының 1990 жылдардан бері мүшесімін. Қытайдан барған оралмандар біледі, таниды. Менің берерім:
1. Қазақтарды құраған ірі тайпаның бірі ұлы Жүз Үйсін. 22 ғасыр бұрында күшті мемлекет құрған ежелгі үйсіндер өмірін, оларды 200 жыл билеген үш Күнбиді суреттеген трилогиямды крилшеге түсіріп беремін.
2.Протоүйсіндер тарихын (Алматыда, аз тиражбен жарық көрген «Ежелгі ұлыс тарихын») ұсынамын.
3.Қытайша жазған «Ұлы дала сақтары» мен «Қазақтардың протоүйсіндермен байланысы» сықылды еңбектерімді аударып беремін.
Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ

sjanbolat@yahoo.com

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір