2018 жылдың үздік фильмдері
28.12.2018
1141
0

2018 жылы қазақ киносының қоржыны олжасыз қалған жоқ. Біраз фильм түсірілді. Арасында көпке ой салары да, фестивальдарда жүлде алғандары да, кейіпкерінің бейнесін нанымды сомдаған әртістердің жұлдызын жаққандары да баршылық. Жеңіл сюжетке құрылған сапасыздары да жоқ емес. Алайда, жыл соңында бәрін сарапқа салғанда, үздіктер өздері-ақ суырылып шықпақ. Сонымен, осы жылы қандай кинотуындылар көрермен жүрегіне жол таба алды?

Биылғы жылдың үздік ки­нотуындыларының көшбасында «Айка» фильмі тұрары анық. Бюд­жеті 2,5 миллион еуроны құраған «Айка» (халықаралық атауы – «Менің кішкентайым») драмасы – режиссер Сергей Дворцевойдың екінші туындысы. Фильм, ең алдымен, басты кейіпкер Айка рөлінде ойнаған Самал Еслямо­ваның есімін көпке танытуымен белгілі болды. Актриса Канн Халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» аталымы бойын­ша жеңіп шыққаннан кейін-ақ көпшіліктің фильмді көруге деген ықыласы арта түсті. Жалпы, киноның сюжеті қырғыз­с­тандық еңбек мигрантының Мәс­­кеу­дегі өмірі мен көрген қиын­­шылықтары туралы өрбиді.
Ал, «қазақ киносындағы төң­керіс» ретінде жоғары бағаланған «Талан» психологиялық-драмалық фильмінің жөні тіптен бөлек. «Тағдыр» сөзімен мағыналас ата­уы­­ның өзі де ерекше. Қазақ­с­тан­ның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Қалымбетовтің төл туындысы жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» хикаятының желісі бойынша тү­сірілген. «Талан» – кешегі кеңестік отарлау саясатының кесірінен тұс-тұсына тұрымтайдай тентіреп кеткен, ашық аспан астында сүйектері шашылып қалған қазақтың қасіретті тарихының тағдырлы картинасы. Режиссер 30-жылдардың аштығын бастан кешіп, ата-аналарынан айырылған Тағай мен Керім атты екі баланың тауқыметі мол жеке тағдырлары арқылы ұлт басына төнген қасі­рет­ті терең оймен астарлай жет­кізуді жөн көрген. Басты рөлдерде ойнағандар – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Оңдасын Бесік­басов, Асан Мәжітов және Ержан Нұрымбет.
Келесі фильм – режиссер Нұргелді Садығұловтың тырна­қ­алды туындысы. Жұртты өзінің қара күшімен ғана емес, компози­торлығымен де тәнті еткен Балуан Шолақ туралы алғаш рет түсірілген «Балуан Шолақ» толықметражды фильмі. Киносценарий жазушы, драматург Дулат Исабековтің М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма теат­р­ында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жа­зылған. Фильмнің, әсіресе, жас­­тар үшін тәрбиелік, тағылым­дық мәні зор. Бас кейіпкер – Балуан Шолақ­тың рөлінде Ерке­бұлан Дайыров ойнады.
Ал, күні кеше ғана, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Кейкі мерген» атты жаңа фильм көрер­мен назарына ұсынылды. 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандары­ның бірі, ғасырға жуық жат жерде жатқан бассүйегі өткен жылы елге әке­лініп, туған жеріне жерленген асыл ер Кейкі Көкембайұлы тура­лы тарихи драма. Он алты бөлім­нен тұратын хикаяны түсіруге қолдау көрсеткен ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі болса, ғылыми кеңесшісі – тарихшы-ғалым Берік Әбдіғали. Аталған көркем туындыда Аман­гелді Иманов, Әліби Жангелдин, Әбдіғапар хан, Міржақып Дулатұлы және Ахмет Бірімжанов секілді тұлғалардың да образдары бар. Фильмнің басты мақсаты – «ақ қашып, қызыл қуған» аласа­пыран заманда өмір сүрген тұлғалардың жүріп өткен жолы мен тарихи оқиғалар арқылы халқымыздың азаттық жайындағы ой-арманын көрсету.
Жақсы кино – тәрбие құралы. Келер жаңа жылда қазақ режис­серлерінен дәл осы талап үдесінен шыға білетін кинотуындылар күтеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір